
ЖЫР МЕН ГҮЛ ӨРІЛГЕН РУХАНИ КЕШ
С.Сейфуллин атындағы орталық кітапханада көктемнің шырайлы мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай ерекше әдеби-мәдени кеш өтті. Қазақстан Жазушылар одағының Жетісу облыстық филиалымен бірлесіп ұйымдастырылған «Жыр мен гүл» атты поэзиялық кездесу әдебиетсүйер қауымның басын қосып, нәзіктік пен ізгілікті жырмен өрген әсерлі кешке айналды.
Көктемнің алғашқы күндерімен қатар келетін аналар мерекесі – мейірім мен махаббаттың, құрмет пен ризашылықтың символы. Осыған орай ұйымдастырылған рухани шарада поэзия мен ән, жылы лебіз бен әдеби ой тоғысып, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.
Кеш аясында кітапхана қорынан «Ана – мәңгілік шырақ» атты мазмұнды кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге ана тақырыбын арқау еткен қазақ және әлем әдебиетінің таңдаулы шығармалары, ақын-жазушылардың жүрекжарды өлеңдері мен прозалық туындылары қойылды. Кітап парақтарында бейнеленген ананың мейірімі, өмірдің мәні мен адамгершілік құндылықтары оқырманға терең ой салып, әдебиеттің тәрбиелік маңызын айқын көрсетті. Көрмемен танысқан көпшілік ана бейнесін асқақтатқан туындылар арқылы ұлттық рух пен рухани мұраның қадірін тағы бір мәрте сезінді.
Поэзиялық кештің модераторы әдебиеттің адам өміріндегі орнын ерекше атап өтіп, сөз өнерінің адам жанына сәуле түсіретін құдіретін тілге тиек етті. Әсіресе қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Төлеген Айбергеновтің ана тақырыбындағы әсерлі жыр жолдарын оқып, жиынның мазмұнын тереңдете түсті. Ақынның жүректен шыққан өлеңдері залдағы көрерменге ерекше әсер қалдырды.
Мерекелік басқосуға Жетісу өңірінің танымал қаламгерлері мен ақындары қатысып, әдебиет пен өнердің мерейін үстем етті. Олардың қатарында жазушы-драматург, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Лидия Егембердиева, жазушы Нұрилә Бектемірова, балалар ақыны Жұмабала Балақаранова, ақындар Гүлнар Демеуова, Роза Жылқайдарова, Гүлбақыт Қасен, Ақбөпе Жиенқұлова, Торғын Тұрлыбаева, Зылиха Әуезова, Зирагүл Нұрданбек, жас ақын Лида Жанбота, Қарагөз Сейітжанқызы және журналист-жазушы Айнаш Қасенова сынды қалам иелері бар.
Әдеби кеш барысында ақындар аналарға, әйел затына арналған жүрекжарды өлеңдерін оқып, бір-біріне арнау жырларын жолдады. «Сұлулыққа сұлу сөз» атты поэзиялық бөлімде нәзіктік пен мейірімділікке толы жырлар оқылып, көрермендердің көңілін тебірентті. Ақындардың әр шумағы анаға деген құрметті, әйел затының қоғамдағы орны мен қадірін айшықтай түсті. Сонымен қатар, ақын-жазушы арулардың ер азаматтарына арнап шығарған өлең жолдары да оқылды.
Кештің көркін өнерлі әншілердің әсем әуендері де айрықша әрледі. Жетісу облысының Дәнеш Рақышев атындағы филармониясының әншісі Альмира Мусапирова аналарға арналған әсерлі «Ана» әнін орындап, тыңдарман жүрегіне жылулық сыйлады. Сонымен қатар мәдениет саласының үздігі Гүлбану Лахаева «Гүл сыйлашы» әнін шырқап, мерекелік кештің шырайын кіргізді. Әсем ән мен әсерлі жыр үйлескен сәттер көрерменге ұмытылмас әсер қалдырды.
Шара барысында қазақ әдебиетіне сүбелі үлес қосып жүрген көрнекті жазушы, драматург, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Лидия Егембердиеваға ерекше құрмет көрсетілді. Биыл мерейлі 75 жасқа толған қаламгерді әріптестері мен өнерсүйер қауым жылы лебіздерін білдіріп, шығармашылық табыс тіледі. Оның әдебиеттегі еңбегі мен ұлттық мәдениетке қосқан үлесі зор екенін атап өтіп, құрмет көрсетті.
Жалпы алғанда, «Жыр мен гүл» атты поэзиялық кеш – көктемнің шуақты мерекесімен үндескен тағылымды рухани басқосу болды. Әдебиет пен өнерді тоғыстырған бұл кеш жиналған қауымға ерекше әсер сыйлап, анаға деген құрмет пен ізгілікті насихаттай түсті. Жыр мен әнге толы бұл мерекелік жиын поэзияның құдіретін тағы бір мәрте дәлелдеп, әдебиетті сүйетін қауымның жүрегіне жылы әсер қалдырды.
Ерекше ықылас пен шабытқа толы кеш соңында қатысушылар әдебиет пен өнердің адам өміріндегі мәні зор екенін айтып, мұндай рухани шаралардың жиі ұйымдастырылуының маңызын атап өтті. Көктемнің көрікті күндерінде өткен бұл басқосу нәзіктік пен сұлулықты, аналарға деген құрмет пен шынайы ықыласты жыр арқылы дәріптеген тағылымды кеш ретінде есте қалды.
Гүлнұр БАЙМҰХАН
