ТҰТЫНУШЫ ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛА МА?

0
11

Жетісу облысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселесі соңғы уақытта тек ресми есептердің тақырыбы ғана емес, қоғамдағы өзекті сұрақтардың біріне айналып отыр. Қазіргі тұтынушылар нарықтағы товарлардың сапасы, бағасы, саудагерлердің қызмет көрсетуі сын көтермейтін жағдайда екендігіне назар аударады.

Бұл – цифрлардан да, нақты оқиғалардан да анық байқалады. Жуырда өткен брифингте облыстық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ербол Талапұлы 2026 жылдың алғашқы тоқсанының қорытындыларын жариялады. Ал сол деректердің астарына үңілсеңіз, қарапайым тұтынушының күнделікті өміріндегі күрделі шындық көрінеді.
Ресми мәлімет бойынша, үш айда департаментке 280 өтініш түскен көрінеді. Өтініштер «E-өтініш» платформасы, ОДО жүйесі, Telegram-бот, жедел желі, сондай-ақ азаматтарды жеке қабылдау кезінде қабылданған. Өтініштерді қарау және қабылданған шаралар нәтижесінде тұтынушыларға 3 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды.
Бір қарағанда бұл жай ғана статистика сияқты. Бірақ осы сандардың әрқайсысының артында – сапасыз тауар, орындалмаған уәде, қайтарылмаған ақша, жүйкесі жұқарған тұтынушының сан түрлі оқиғалары бар. Дегенмен, бір жағынан бұл көрсеткіш қоғамдағы өзгерісті де аңғартады. Ол қандай десеңіз, адамдар енді үнсіз қалмай, өз құқығын талап етуді меңгергенін көрсетіп тұр.
Ең көп шағымның бөлшек сауда саласына тиесілі болуы – кездейсоқтық емес екенін айтады сала маманы. Барлық өтініштің 102-сі осы бағыт бойынша түскен. «Тауар қайтарылмайды» деген жазулар әлі күнге дейін дүкен сөрелерінен түспегенін барлығымыз білеміз. Бұл – заңды білмеу емес, кей кәсіпкерлердің оны елемеуі деп пайымдауға болады. Дәл қазіргі уақытта сапасыз өнім, созылған жөндеу мерзімі, қаржыны қайтарудан жалтару сияқты мәселелер тұтынушы үшін әдеттегі жағдайға айналып бара жатқандай әсер қалдырады. Себебі ондай оқиғалар күніне талай орын алып жатқанын көріп, естіп те жүрміз.
Тұрғын үй-коммуналдық қызмет көрсету саласындағы жағдай да көңіл көншітпейді. Аталған бағытта 67 өтініш түскен. Су, жылу, жарық – адамның ең базалық қажеттіліктері екені анық. Бірақ дәл осы қызметтердің сапасына қатысты ондаған шағымның болуы жүйедегі ақауларды көрсетеді. Ал ПИК (КСК) жұмысына тұрғындардың жартысына жуығы көңілі толмайтыны – бөлек мәселе. Бұл саладағы жауапкершіліктің әлі де нақты бөлінбегенін аңғартады.
Сонымен қатар, Тұрмыстық қызмет көрсету бойынша 37 өтініш, Байланыс қызметтері саласында 23 өтініш, Электрондық сауда бойынша 22 өтініш түскен.
Кәсіпкерлік субъектілеріне жоспардан тыс тексерулер жүргізу бойынша департамент 2026 жылдың бірінші тоқсанында 11 жоспардан тыс тексеру жүргізген. Тексеру нәтижесінде 9 жағдайда тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнама талаптарының бұзылуы анықталды, 2 жағдайда бұзушылықтар табылған жоқ. Тексеру қорытындысы бойынша 15 әкімшілік хаттама толтырылып, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 432 550 теңгені құрады.
Брифингте айтылған нақты оқиғалар жағдайдың қаншалықты күрделі екенін айқын көрсетті. Жыл басынан бері азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында департамент тарапынан сотқа 22 талап арыз берілген. Мысалы, оның бірінде тұрғындардың тарифтерді тұрақты төлегеніне қарамастан, 41 күннен астам уақыт бойы мобильді байланыс пен интернетті пайдалана алмаған. Департамент қаражатты қайтару туралы талап арыз дайындады. Сот талқылауы барысында тараптар медиативтік келісімге келіп, тұтынушыларға 234 657 теңге көлемінде өтемақы төленген.
Осындай мысалдарда үміт сыйлайтын бір нәрсе бар. Алданып жатқан адамдар заңды түрде ақшасын қайтарып, заңға бағынбаған тиісті орынның жазаланып жатқанына қуанасың. Бірақ «неге тұтынушы өзіне тиесілі қаражатты қайтару үшін сотқа дейін баруы керек?» деген сұрақ туындайды. Бұл жүйенің алдын алу емес, салдарын жоюға көбірек жұмыс істеп жатқанын білдірмей ме?
Брифинг барысында басқа да көп көрсеткіштер айтылып, өмірден мысалдар келтірілді. Зерттеу нәтижелері жағдайдың біркелкі емес екенін көрсетті. Кей салаларда жақсы көрсеткіш бар. Мысалы, медицина мен электр қызметіне шағым аз. Бірақ Алакөлдегі инфрақұрылым, тұрмыстық қызмет көрсету сапасы, адамдардың құқықтық сауаты әлі де мәселе болып отыр.
Жалпы, тұтынушы құқығы қорғалып жатыр деуге болады. Бірақ бұл оңай жолмен келіп жатқан жоқ. Көп жағдайда адамдар өз ақшасын қайтару үшін уақыт жоғалтып, жүйкемен күресуге мәжбүр. Сондықтан ең маңыздысы – әр адам өз құқығын біліп, оны талап етуден қорықпауы керек.

Гүлнұр БАЙМҰХАН