АЛАКӨЛДІҢ ЖАЗҒЫ МАУСЫМҒА ДАЙЫНДЫҒЫ МИНИСТРЛЕР НАЗАРЫНДА

0
15

Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Жетісу облысына жұмыс сапарымен келіп, Алакөл жағалауының жазғы маусымға дайындығын тексерді.

Жұмыс сапарына орталық мемлекеттік органдардың, Үкімет аппаратының, салалық ведомстволардың өкілдері, сондай-ақ Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев қатысты.
Сапар барысында Үкімет өкілдері қонақүй кешендерін, кәріз-тазарту құрылыстарын, Көктұма ауылындағы жағалауды бекіту учаскелерін және Үшарал әуежайын аралады. Әр нысан бойынша дайындық деңгейі мен жобалардың іске асу қарқыны таныстырылды.
Министрлерге жол инфрақұрылымының жаңаруы мен әуежайдың кеңейтілуі туристер легін арттыруға мүмкіндік беретіні айтылды. Сонымен қатар жағалаудағы кей учаскелерде жағаның шайылу мәселесі бар екені де көтерілді.
Аида Балаева туристер санының өсуін ескеріп, басты талап – қызмет сапасы мен қауіпсіздік екенін атап өтті. Оның айтуынша, тазалық, тәртіп және барлық қызметтердің үйлесімді жұмысы қамтамасыз етілуі тиіс.
Жұмыс қорытындысында жауапты органдарға инфрақұрылым жобаларын мерзімінде аяқтау, жағалауды толық дайындау, сондай-ақ қауіпсіздік пен санитариялық бақылауды күшейту тапсырылды.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»
Дереккөз ҚР Премьер-Министрінің ресми сайтынан алынды