41 ОТБАСЫ ҚОНЫС ТОЙЫН ТОЙЛАДЫ

0
14

Талдықорғанда әлеуметтік осал санаттағы 41 отбасы жаңа пәтерге қол жеткізді. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға бір, екі және үш бөлмелі баспаналардың кілттері салтанатты түрде табысталды. Қоныс тойын тойлаған тұрғындар «Жастар-3» тұрғын үй алабы мен «Шығыс» шағын ауданындағы жаңа үйлерге орналасты.

Пәтер кілттерін табыстау рәсімінде қала әкімі Ернат Бәзіл сөз сөйлеп, өңірде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың қолдауының арқасында бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғасып келеді. Өткен жылы 630-дан астам талдықорғандық баспаналы болса, биылғы жылдың басынан бері 231 азамат жаңа пәтерге ие болған.
Шаһар басшысы тұрғындарды баспанамен қамту жұмысы алдағы уақытта да бәсеңдемейтінін жеткізіп, қоныс тойын тойлап жатқан отбасыларға ізгі тілегін білдірді.
Жалпы, көктем айлары басталғалы бері облыс тұрғындары тұрақты түрде жаңа үйлерге қоныстанып, баспана мәселесінің кезең-кезеңімен шешіліп келе жатқанын аңғаруға болады.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»