ОҚЫ, ОҚЫ ЖӘНЕ ОҚЫ

0
27

Жетісу облысындағы С. Сейфуллин атындағы орталық кітапханасында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментімен бірлесіп «Парасат жолы: адалдық және әділет» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Көрме «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында өтіп, қатысушылардың құқықтық мәдениетін арттыруға және қоғамдағы адалдық пен әділет қағидаттарын нығайтуға бағытталды.
Алматы және Жетісу облыстарының Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының 1-полиция батальонының командирінің орынбасары, полиция капитаны Бақытжан Тұрысбеков:
– Бүгін «Парасат жолы: адалдық және әділет» атты кітап көрмесіне қатыстық. Көрме өте мазмұнды әрі тағылымды ұйымдастырылған. Мұнда ұсынылған құқықтық және рухани бағыттағы әдебиеттер адалдық, әділеттілік, жауапкершілік секілді құндылықтардың қоғамдағы маңызын терең түсінуге мүмкіндік береді. Әсіресе заң үстемдігі мен құқықтық мәдениетке арналған кітаптар біздің қызметімізбен де үндеседі. Осындай тәрбиелік мәні зор іс-шаралар азаматтардың құқықтық санасын қалыптастыруға және жастардың рухани дамуына оң әсер етеді деп есептеймін, – деген оң пікірін де айтты.
Көрме үш бөлімнен тұрды: заң үстемдігі, адалдық пен руханият тақырыптарына арналған көркем және құқықтық әдебиеттер, сондай-ақ мерзімді басылымдар ұсынылды.

Гүлнұр БАЙМҰХАН