ПОЛИЦИЯ ҚОРҒАНЫҢ

0
31

23 маусым – Қазақстан Республикасының полиция күні. 1992 жылы дәл осы күні Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдары туралы заң қабылданды. Ал бұл күн 2007 жылы ресми түрде кәсіби мереке ретінде бекітіліп, содан бері жыл сайын аталып өтіп келеді. Бұл мереке еліміздегі қоғамдық тәртіпті, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қызмет барысында қорғап жүрген барлық құқық қорғау органдары қызметкерлерінің құрметіне арналған.

Мереке қарсаңында «ІІДКҚҚБ» (Жетісу облысы Полиция департаменті көші-қон қызметі Басқармасы) бастығы полиция полковнигі Райымбеков Ерлан Қабдоллаұлымен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Ерлан Қабдоллаұлы, өзіңіз туралы, қызметіңіз жайында білсек деп едік…
– Мен 1976 жылы Семей қаласында дүниеге келдім. 1993 жылы Ақсу ауданы, Қызылағаш ауылындағы орта мектепті оқып бітіріп, 1994 жылы Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-ға оқуға түсіп, Философия және саясаттану факультетінің күндізгі бөлімін бітірдім. Еңбек жолымды Алматы педагогикалық колледжінен бастап, одан кейін Алматы заң колледжінде қызмет атқарып, Алматы қаласы ІІД Баспасөз қызметі басқармасында аға инспектор қызметіне ауыстым. Жанұялық жағдайға байланысты Алматы облысы ІІД КҚҚБ-на ауысып, күні бүгінге дейін 20 жыл бойы осы жерде әртүрлі орта және жоғары басшы құрамда қызмет атқарып келемін. Қазір осы басқарманы басқарып отырмын.
Бұрынырақ заңсыз көші-қонға қарсы «Арнайы жекелеген взвод» деген болды. Взводтағы адам саны – 47 адам, сол бөлімде инспектор, взвод командирі қызметін атқардым. Содан кейін азаматтық және иммиграция бөлімде инспектор және сол бөлімді басқардым.
– Көші-қон жұмысындағы заң талаптары қалай қадағаланады?
– Көші-қон желісі бойынша заң талаптарына сәйкес қызметтердің 17 түрі бойынша қадағалау жүргіземіз…
Құжаттандыру бағытында – 5 түрлі;
Азаматтық және иммиграция: 6 түрлі;
Сыртқы көші-қон: 6 түрлі.
— ҚР азаматтарына паспорттар және жеке куәліктер беруҚР азаматтарын тұрғылықты жері бойынша тіркеу т.б.
— ҚР-да тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеу.
— ҚР-да тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тұрғылықты жері бойынша уақытша тіркеу.
— Босқын мәртебесін алған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тұрғылықты жері бойынша уақытша тіркеу.
— Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға ҚР-да тұрақты тұруға рұқсат беру.
— ҚР азаматтығы жоқ тұрақты тұратын адамдарға куәліктер беру.
— ҚР-да тұрақты тұратын шетелдіктерге тұруға рұқсат беру.
– Сыртқы көші-қон бағытында қандай жұмыстар атқарылады?
– ҚР-да уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға жеке сәйкестендіру нөмірін қалыптастыру және түзеу.
— Шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға ҚР-нан кету және ҚР-на кіру құқығына визалар беру, қалпына келтіру немесе ҚР-ның аумағында ұзарту.
— ҚР визаларын беру бойынша қабылдаушы тұлғалардың шақыруларын қабылдау және келісу.
— Шетелдіктер мен азамат-тығы жоқ адамдарға ҚР-да тұрақты тұруға рұқсат беру.
— ҚР-нан тыс жерге тұрақты тұруға кетуге құжаттарды рәсімдеу.
— Жол жүру құжатын беру.
– Біздің өңірге, байқауымызша, жұмысшы мигранттар көп келеді…
– Ия, байқауыңыз орынды. Бізге көбірек келетіндер Өзбекстан азаматтары. Олар көбінесе жұмыс істеу үшін, дәлірек айтқанда, құрылыс жұмыстарына келеді. Кез келген шетелдік азамат шекарадан қабылданғаннан кейін бізге хабарлама беруі керек. Егер 3 күннің ішінде шекара қызметкерлері хабарлама бермесе қабылдаушы жауапқа тартылады.
Біздің елде туризмді дамыту мақсатында «Тіркеу» алынып қойылған. Есесіне қашан шекарадан өтіп қабылданғаны туралы мәлімет беру қатаң талап етіледі. Қысқасы шекарадан өткен азаматтар және олардың біздің елде болу уақытының аяқталып қайта өз еліне кетуін қатаң бақылап, қадағалау біздің қызметке жүктелген.
– Қытай Халық Республикасынан соңғы жылдары визасыз өту орын алуда. Ел арасында «Қытай азаматтары көптеп өтіп жатыр, олар біржолата біздің елде қалып қояды-ау» деген күмән бар екенін жасырмай айтып жүр. Бұл туралы не дейсіз?
– Иә, ондай әңгіме ел арасында бар шығар, бірақ елдің бәрі бірдей біздегі тәртіп-ережелерді біле бермейді. Шет ел азаматтары шекарадан өткеннен кейін бізге шекарадағы қабылдаушы хабарлама береді. Содан бастап 30 күн жүре алады. 30 күн өткеннен соң біз ол азаматтарды еліне қайтарамыз. Содан кейін ол шетел азаматы араға бірнеше күн салып қайтадан біздің елге келе алады, тағы да 30 күн жүре алады.Сол сияқты үшінші рет келе алады. Төртінші рет келу үшін араға 90 күн салып барып жаңағы үрдіс қайталанады. Егер шет ел азаматы осында жүріп тәртіп бұзған жағдайда ол қайта өту құқығынан айырылады.
Тура осындай тәртіп Қазақстан азаматтарының да басқа елге барып қайтуына болады. Одан басқа біздің елге инвестиция әкелу мақсатында: мәселен, завод орнатып кету мақсатында келетіндерге «В-2» деген виза беріледі. Егер сол сияқты бір кәсіпорынды тұрғызып оны әрі қарай істетіп өз шығындарын ақтап алғаннан кейін, ол кәсіпорын түбегейлі біздің елде қалады да өздері еліне қайтарылады. Бұндай шетелдіктерге «С-3» деген виза беріледі.
Бірақ Қытай Халық Республикасынан бізге, көбінесе, өзіміздің «қандастар» келіп жатыр. Бұрынырақ оларға белгілі уақытқа «Ықтиятхат» берілетін. Қазір қандастарға жеңілдік жасап «Ықтиятхатсыз» тіркеп Қазақстан азаматтығын берудеміз. Бірақ бәрі төмендегідей тәртіптік жүйе бойынша орындалады. Дегенмен қандастарға жеңілдік бар. Егер шет ел азаматы 5-10 жыл тұрып, осында біржолата қаламын десе, өз елдерінің президентіне сұраныс хат жолдайды. Президент рұқсат еткен жағдайда ғана біздің елде қала алады. Осы мәселелер туралы тағы да қосымша қаралып жатқан жағдайлар бар. Оны алдағы уақытта қосымша хабарлаймыз.
– Ерлан Қабдоллаұлы, полиция қызметінде еңбек етіп жүрген әйеліңіз Гаухар Тұрлыбекқызы екеуіңіз осыншама жауапты істерді атқара жүріп 5 бала тәрбиелеп өсіріп, көпбалалы отбасы мәртебесіне ие болып, ел демографиясына да үлестеріңізді қосып келесіздер. 23 маусым кәсіби мерекемен қатар 24 маусым ердің жасы 50-ге толғалы отыр екенсіз. Келе жатқан қос мереке құтты болсын! Егеменді еліміздің тыныштығын сақтау барысындағы әрбір ісіңіз нәтижелі табысты болсын!

Сембек ӘБДІ-РАХМАН