Талдықорғанда «Жаңа Конституция — жаңа дәуір, жаңа мүмкіндіктер» атты іс-шара өтті

0
34

Қазақстанда Жаңа Конституцияның күшіне енуіне орай Талдықорған қаласының орталық Арбатында «ӘDILET» партиясы жастарының бастамасымен «Жаңа Конституция — жаңа дәуір, жаңа мүмкіндіктер» атты қоғамдық-патриоттық акция ұйымдастырылды.
Мақсаты – қоғамда конституциялық реформалардың мәні мен маңызын кеңінен насихаттау, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру, заң үстемдігі қағидатын дәріптеу және ел болашағына бейжай қарамайтын белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру болды.
Іс-шара аясында қала тұрғындары мен қонақтары үшін арнайы тілек баннері орнатылды. Әрбір азамат баннерге өз қолымен жүрекжарды тілегін, Жаңа Конституцияға қатысты ой-пікірін және Қазақстанның жарқын болашағына арналған ізгі лебізін жазуға мүмкіндік алды. Баннерге жазылған әрбір сөз – халықтың елдің ертеңіне деген сенімі мен Әділетті Қазақстанды құру жолындағы ортақ мақсатқа қосқан рухани үлесі іспетті болды.
Сонымен қатар, жастар тұрғындармен еркін пікір алмасып, Конституцияның қоғам өміріндегі рөлі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы маңызы жөнінде ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қатысушылар жаңа конституциялық өзгерістердің елдің демократиялық дамуына, заң үстемдігін нығайтуға және азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне белсенді қатысуына жаңа мүмкіндіктер ашатынын ерекше атап өтті.
Бүгінде Жетісу облысының тұрғындары бірлік пен ынтымақтың, өзара құрмет пен жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Жаңа Конституция – еліміздің әділетті, ашық әрі жауапты мемлекет ретінде дамуына бағытталған маңызды тарихи құжат. Ол әрбір азаматтың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға және жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға қызмет етеді.