СІРНЕ ФЕСТ

0
42

Күндіз күміс,түнеге алтын аққан,
Жаңғыртып кең даланы сарқыратқан.
Көксу нәрі оятып тіршілікті,
Айналаны жайнатып, жарқыратқан

«Тағы бір маңызды мәселе. Үкімет және Парламент туризмді дамыту мәселесіне баса назар аударуға тиіс. Еліміздегі туризмнің әлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Бірақ, сол жерлерге барып, демалуға әлі де жұрттың қолы жете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең алдымен, инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет»,- деді Қ. Тоқаев.

жетісу облысы Көксу ауданының Лабасы ауылдық округіне қарасты Талапты ауылына апаратын жолдың оң жағында Лабасы тауы, сол жағында үлкен-үлкен жартасты Ешкіөлмес тауы жанында сарқырай аққан Көксу өзені. Бұл жерді Шаңырақ шатқалы (Шаңырақ) деп атайды. Бұл өңірге алғаш келген адамдар Шаңырақ шатқалына кіре берісте «Үш ағайынды» деп аталатын биіктігі 15-20 метр шамасындағы сом жартасқа назар аудармай, таңданбай өте алмайды. Көксу өзенін жағалай Лабасы тауының етегіндегі иыр-қиыр салынған асфальт жолмен жүріп өтудің өзі бір ғанибет. Шаңырақ шатқалынан (4-5 км) шыққаннан кейін күншығыс жақтан ағашты, нулы үлкен көгалды алқап көз тартпай, қызықтырмай қоймайды.
Бұл жерде «Талапты» (1934 жылға дейін Жаршапқан) деп аталатын ауыл орналасқан. Бұл Талапты ауылының негізгі тіршілігі егін егумен, мал шаруашылығымен айналысады. Егін егуде негізгі дақыл — қант қызылшасы, соя, арпа, бидай. Мал асырауға да жайылым жерлер жеткілікті.
4 шілде 2026 жыл Талапты ауылының керемет табиғаты таң-тамаша, биік көк теректі орнында Жетісу облысы әкімшілігінің ұйымдастыруымен “СІРНЕ ФЕСТ” фестивалі өтті. Негізгі мақсат: Қазақстандағы туризмді дамыту.
Туризм – мемлекет жарнамасы. Қазіргі таңда дүниежүзілік мәнге ие болып отырған бұл сала тек көркем табиғатымен ғана шектелмей, тарих пен археологиялық қазбалардың, мәдениет пен өркениеттің, ел мен жердің, сәулет пен ескерткіштердің тартымдылығымен ерекшеленіп отыр.
Осы тұста еліміздің туристік шаңыраққа айналуына әбден мүмкін деген болжаумен келісуге болады. Себебі, әр аймақтың өзіне тән тарихы, археологиялық қазбалары, табиғаты, елі және салт-дәстүрі бар.
Дәл осы тәрізді, біздің көркем де әсем жеріміздің түкпір-түкпірінде өзіне ғана тән гаухарларын табуға болады. Мәселен, Жамбылдың Мыңбұлағы, Көкшетаудың Оқжетпесі, Алматының шөлейт аймақтарында орналасқан Тамғалысы және басқа да аты аңызға айналған жерлерді айтуымызға болады. Өкінішке орай, туристердің көпшілігінің әуелі танысып өтетін интернет беттерінде Қазақстанның барлық туристік жерлері туралы біліп, танысуларына мүмкіндік жоқтың қасы. Қызығушылық тудыратындай айтылмаса, жазылмаса, көрсетілмесе шетелдік емес, жергілікті азаматтардың да жеріміздің әсем жерлеріне баруы қиын-ақ.
Сондай-ақ, еліміздің ішкі туризмі, өкінішке орай, әзірге мақтанып айтарлықтай дәрежеде емес. Сол себепті де Қазақстанда қазіргі таңда көтеріліп жатқан өзекті мәселелердің бірі – туризм болғандықтан, біз дәл осы Қазақстанның ішкі туризмінің бүгінгі жетістіктері мен кемшіліктерін қарастырғанды жөн санадық.
Экологиялық туризм – қазіргі заманғы туризмнің ерекше бағыты. Ол табиғатқа зиян келтірмей, қоршаған ортаны сақтауды басты мақсат тұтатын сапарлар жүйесі. Қазақстанның бай табиғаты, әртүрлі ландшафттары, экожүйелері мен мәдени мұралары экологиялық туризмнің дамуына ерекше жағдай жасайды. Бұл бағыт тұрақты дамудың маңызды құралы ретінде қарастырылып, елдің экономикалық, әлеуметтік және экологиялық аспектілерін үйлестіруге бағытталған. Экологиялық туризмнің дамуы еліміздің халықаралық беделін арттыруға, туристік әлеуетін нығайтуға ықпал етеді. Ол жергілікті экономиканы дамытуға, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға септігін тигізеді. Сонымен бірге, экотуризм арқылы табиғи және мәдени мұраны сақтау мүмкіндігі артады, бұл өз кезегінде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
Осы зерттеуде экологиялық туризмнің негізгі принциптері, Қазақстандағы даму перспективалары, мемлекеттік қолдау шаралары, қазіргі жағдай және даму проблемалары қарастырылады. Тұрақты даму қағидалары аясында экотуризмнің экономикалық, әлеуметтік және экологиялық аспектілері талданады.

Экологиялық туризмнің
түсінігі мен ерекшеліктері

Экологиялық туризм – бұл табиғи ортаны қорғауды басты мақсат тұтатын және мәдени-тарихи құндылықтарды құрметтеуді негізге алатын туристік қызмет түрі. Ол экожүйелердің сақталуын қамтамасыз ете отырып, туристерге сапалы демалыс пен білім алуға жағдай жасайды. Экологиялық туризм табиғатты сақтау, жергілікті халықтың өмір сүру деңгейін арттыру, туристік инфрақұрылымды дамыту арқылы тұрақты дамудың бір бөлігі болып табылады.
Бұл туризм түрі табиғи ресурстарға минималды әсер ететін, экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған. Экотуристердің басты мақсаты – табиғат аясында демалу, оны қорғау және жергілікті дәстүрлер мен мәдениетті зерттеу.
Экологиялық туризмнің келесі ерекшеліктері бар:
•Табиғатты сақтау және оның биоалуантүрлілігін қорғау
•Жергілікті қоғамды қолдау және әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту
•Тұрақты инфрақұрылым және қызмет көрсету жүйесін дамыту
•Экологиялық білім мен сананы арттыру
Осы ерекшеліктердің негізінде экотуризм туристік индустрияның жаңа, экологиялық жауапкершілікті бағыттарының бірі ретінде дамып келеді.
Қазақстанның табиғи-географиялық ерекшеліктері осы бағыттың кеңейтуіне ерекше ықпал етеді.

Фестиваль қалай өтті?

“Сірне фест” фестиваліне Жетісу облысының барлық аудандары ат салысты. Фестиваль өтетін орын ерекше безендірілген. Көксу ауданы әкімшілік басқаруымен биік теректер арасындағы алаңқайға үлкен сахна орнатылған. Көрермендер үшін орындықтар қойылып,дыбыс күшейткіш аппараттармен жабдықтаған. Сірне жасау байқауына қатысушыларға жеке орынға ыдыс — аяқ үшін столдар қойылды. Әр аудан мүмкіндігінше қазақ үйлер тігіп, іші-сыртын безендіріп, сірнеден де басқа (қымыз,құрт,ірімшік т.б.) дастархан мәзірін дайындаған.
Қазандарға ет салынбай тұрып, қатысушыларға төмендегі критерийлер хабарланды:
1.Дәмділік сапасы 0-5 балл,
2.Ұлттық ерекшелігі, таныстырылымы 0-5 балл,
3.Дайындау шеберлігі 0-5 балл
4.Сыртқы безендірілуі 0-5 балл,
5.Тазалық, санитарлық талаптарды сақтауы 0-5 балл.
Ең жоғарғы балл — 25.
Сол сияқты, жүргізуші сараптама жасайтын комиссиялар тізімін атап өтті.
Фестиваль-байқауға қатысушылардан бөлек айтыскер ақындар: Астана қаласынан Балғынбек Имашев, Жандарбек Бұлғақов, Қарағанды облысынан Мақсат Ақанов, Қызылордадан Мөлдір Айтбай, эстрада жұлдызы Серікбол Сайлаубек шақырылды.
Ел жиналды. Сахнада Көксу ауданы мәдениет үйі өнерпаздарының орындауында ән шырқалып жатты. Сахна ортасына жүргізушілер шығып, бүгінгі іс-шараның мақсатын, мән-мағынасын айтып, ортаға ақындарды шақырды.
Алғашқы жұп Балғынбек Имашев пен Жандарбек Бұлғақов сахнаға шығып жайғасты да бірден халықпен сәлемдесіп, қазақтың салт-дәстүрлеріне тоқтала кетіп, қонақжайлылықтың бір түрі қозы өсіп, марқа болған кездегі жасалынатын тамақ түрі — сірне жайында айтып, екеуі біраз әзіл айтыс жасады. Ел риза болып дуылдаған шапалақ үні естіліп жатты.
Келесі жұп Мақсат Ақанов пен Мөлдір Айтпай ортаға шығып қыз бен жігіт айтысын мәнді әрі қызықты етіп көрсете білді. Көрермендер ризашылықтарын білдірді. Бұл екі жұп ақындар айтысы халықтың көңілін көтеру үшін шақырылған болса керек, оларға деген «әділ қазылар» алқасы құрылған жоқ. Қысқасы, ақындардың жеңгені де, жеңілгені де болған жоқ. Сол себепті, оларға орын берілмеді.
Кезек эстрада жұлдызы Серікбол Сайлаубекке келіп, ол ортаға шығып, әуезді әндерімен елді билетіп, көңілдерін бір көтеріп тастады.
Ал Ақсу ауданының тіккен қазақ үйі ішінде дастархан басында Дәнеш Рақышев атындағы Жетісу олыстық филармонияның әншісі Бейбіт Мұсаев өзінің асқақ дауысымен А.Қоразбаевтың “Шашбаулым” әнін домбыра сүйемелдеуімен орындап, елді риза етті.
Ақсулықтар конкурстан тыс балықтан сірне жасап әкеліп, елді тамсандырды. Фестиваль барысында Ұлттық индустрия Туризм Қауымдастығының президенті, Туризм және спорт министрлігінің қоғамдық кеңес мүшесі,туризм саласының үздігі, ”Ерен еңбегі үшін” медалінің иегері, Халықаралық Қазақ-Қытай колледжінің оқытушысы Раушан Шамилқызы ханыммен жолығып, сұхбат алудың сәті түсті.
— Раушан ханым, бүгінгі “Сірне Фест” фестивалін өткізудің негізгі мақсатына тоқталсаңыз?..
— Біріншіден: Қазақстандағы туризмді дамыту. Қазақстанда көріп қызығатын табиғи орындар жетіп артылады.Бірақ, соны біз шет елдіктерге көрсете алмай келеміз. Ол үшін ақпарат желісінде, интернет жүйесінде жарнамалар жасалуы керек.Тіпті, шет елдіктер түгілі, өзіміздің Қазақстан азаматтары бір жерден екінші жерге барып, табиғаттың ерекшеліктерін тамашалай алмай келеміз. Мысалы, бүгінгі мынау Көксу өзенінің жағасы қандай керемет орын.
Екіншіден, біздің қазақ халқының керемет мол ибалы тәрбиеге толы салт-дәстүрлерлеріміздің көбі Кеңес үкіметі тұсында тұншығып қалды. Қазіргі жастардың көбісі сол тәлім- тәрбиеден бейхабар өсіп жатыр. Мысалы, қыздарымыздың қысқа көйлек киюі, шаштарын жалбыратып жүруі, бір сөздің бірнеше мағына беретінін ескермей сөйлеп қоюы т.с.с. Ер жігіттер де азаматтыққа сай дәстүрлерді білмей өсіп жатыр.
Мәселен: танысын – танымасын, бір-біріне амандасу,өрескелдік танытып өзінен үлкенге “сен”,- деп сөйлеу. Қыз балаларға “ей” деу т.с.с. Көптеген әдеп-ғұрыптардан айырылып қалдық.Осындай кемшіліктерді түзеп,ұлттық тәрбиеге сай ел болуды осындай жиындарда көрсете білуіміз керек.
Фестиваль барысында керемет ойын-сауық өтіп, 40 қазанда сірне пісіп жатты. “СІРНЕ ФЕСТ”- ке келіп сірне жемедім деген адам болмаған шығар. Дастархандар өте мол болды.

Қатарынан 40 қазанда,
Бұрқырап сірне пісуде.
Береке бар қашанда,
Қазақтың бұл бір ісінде.

Дастарханға қойылған,
Құрт,ірімшік жеті нан.
Бүгінгі сірне тойынан,
Дәмін тат сары майынан

***
Реңіндей көк Тудың,
Сарқырап аққан Көксудың.
Жағасында өтті “СІРНЕ ФЕСТ”,
Ішінде орман,көк нудың.

Жаркент,Алакөл арасы,
Жетісудың нәрлі даласы.
Ат салысты байқауға
Иісі қазақ баласы.
Қандай керемет,қарашы!

Бүгінгі мерекеге Астана қаласынан келген КИнЭС («Казахстанский Информационно-Энциклопедический Справочник») рекордтар кітабы редакциясының өкілі — Тастүлеков Бақытжан Сәбитұлымен танысып, әңгімеге тарттық.
— Бақытжан мырза, Қазақстанның рекордтық кітабы туралы түсінік бере кетсеңіз. Себебі елдің көбісі ГИНЕСС рекордтық кітабынан өкіл келіпті деп айтып жүр…
-«Әлемде 50-ге жуық ел өздерінің рекордтар кітабын шығарады. Қазақстан рекордтар кітабы 1999 жылдан бастап шығып келеді. Басында жұп-жұқа кітап болып басталған еді. Ішінде суретсіз 515 дерек қана бар болатын. Қазір 1654 дерек, 2000 фотоиллюстрация тіркелген үлкен энциклопедиялық жинаққа айналды. Кітап екі тілде шығады», — деді редактор.(Қазақстан рекордтар кітабының бас редакторы Қуаныш Тазабеков.)
Қазақстан рекордтар кітабында география, халық саны, тарих, экономика, бизнес, саясат, құқық, туризм, білім беру, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет және өнер, қала құрылысы, сәулет және спорт салаларындағы басты жетістіктер топтастырылған.
Қазақстан Рекордтар кітабына енген сәулеттік жетістіктер арасында елдегі ең үлкен экологиялық арт-нысан — «Атакент» орталығы алдына орнатылған тиіннің мүсіні бар. Астанадағы Ырыскелді қажының мешіті елдегі ең экологиялық мешіт ретінде енді. Ғимарат жасыл технологиялар арқылы жылытылады. Павлодардағы Мәшһүр Жүсіп мешіті сәулет құрылысы жағынан ерекше ғимарат болып шешілген. Сондай-ақ,Астана жағалауындағы үлкен сағат, шолу шеңбері, Қызылорда облысындағы БигБен сағатының көшірмесі Рекордтар кітабына ілінді.
Одан бөлек, КИнЭС энциклопедиясында өзінің қабілетімен ерекше көзге түскен қазақстандықтар да бар.
«Кітапқа енген әр тұлға өзінше ерекше. Жақсылық Үшкемпіровтің спорттағы жетістігі, «Тұран» тобының өнері, кино өнеріндегі жетістіктер, екі тәулік тоқтамастан тігіс тіккен талдықорғандық жігіт, каскадерлар, күштері тасыған жігіттер, альпинистер- барлығы да құрметке лайық адамдар. Сонымен қатар, ең ұзын қазы, ең үлкен бургер, ең көп кәуап, «қара жорға» биін жаппай билеу сияқты деректер кірген. 2013 жылы Алматыдан ұшырылған ең көп шарлар,  ең үлкен кесе шай, Құрманғазы күйін жаппай орындау (Орал 2018), елдегі ең ұзын шарф деген сияқты жайттар енген», — дей келе, бүгінгі шара да рекорд кітабына енетіндігін, себебі бір орында 40 қазанға сірне пісіріп елге тарату бұрын — соңды болмаған жағдай,- деп айтып өтті.
Бұл іс-шараға белгілі себептермен аудан әкімі Халелов Дәулет қатыса алмады. Ол кісінің сәлемін аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сайлаубай Бәзілұлы жеткізіп, өз атынан да байқауға қатысушыларға,шақырылған қонақтарға, жалпы жиналған қауымға ыстық ықыласын білдірді. Одан әрі сараптама комиссиясы байқаудың қорытындысын жариялады.
3 — орын иегері — Талдықорған қаласына 200 мың тг. сертификаты,
2 — орын иегері Көксу ауданы 300 мың тг. сертификаты,
орынды Алакөл ауданы иеленді ,оларға 400 мың тг. сертификаты тапсырылды.
Бас жүлдені Кербұлақ ауданы иемденіп, олар 500 мың тг. сертификатын жеңіп алды. Қалаған қатысушылардың бәріне ынталандыру сыйлығы деп 100 мың теңгенің сертификаттары берілді. Байқауға  қатысушылар да, келушілер де риза болып тарасты.

Сембек Солтанұлы

«Алатау»