Елде 53 мыңнан астам оқушылардың көзі нашар көреді
2025 жылы қазақстандық оқушылар арасында жүргізілген профилактикалық зерттеулер нәтижесі осыншама оқушының көз ақаулары бар екенін көрсетті – дейді Kazinform ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Сонымен қатар өткен жылы көз ауруы себебімен 388 830 бала көз дәрігеріне қаралуға мәжбүр болса, осы бағытта көрсетілген дәрігерлік көмектің жалпы саны 1 345 081-ге жеткен. Денсаулық сақтау министрлінінің деректері бойынша 0-17 жасқа дейінгі балалар арасында көз ауруымен 28 мыңнан астам бала диспансерлік бақылау тізіміне тіркелген.
Миопия – жақынды көріп, алыстағыны ажырата алмау
Көз ауруының бұл түрі, әсіресе мектеп оқушыларының арасында көп кездеседі.Тексерілген 53 мыңнан астам оқушының 33 мыңға жуығынан осы миопия көз ауруы анықталған, сондай-ақ көз ауруының бұл түрінің жыл сайын өсіп отырғандығы байқалған.Бұл қазір тек Қазақстанда ғана емес бүкіл дүние жүзі елдерінде орын алып отырған жағдай. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының көрсеткіштері бойынша 2050 жылға дейін қазіргі 36 пайыздан 40 пайызға дейін жетуі мүмкін деген болжам бар.
Біздің елімізде соңғы жылдары балалар көз ауруының клиникалық зерттеулері жаңартылып, балалардың көзін зерттеудің оптикалық әдістері енгізіліп, баланың миопия сияқты көз ауруын бақылау күшейтілген. Солардың ішінде толықтай оптикалық коррекция жүргізіп, жаңарған емдеу тәсілдерін енгізу мен көзәйнек түрлерін де өзгерту сияқты әдістер бар. Миопиядан басқа көз ауруларының алысты көрмеу, астигматизм сияқты түрлері де көбеюде. Сонымен қатар, туа біткен немесе тұқым қуалайтын глаукома, катаракта сияқты көз аурулары да өсуде.
Балалардың көзі ғаламторда
ЮНИСЕФтің (БҰҰ-ның Балалар қоры) деректеріне сүйенсек, дүние жүзі елдерінде 2,4 млрд. кәмелетке толмаған балалар бар, солардың 90%-ында, яғни әрқайсысының қолында дерлік, жеке смартфондары бар .Оларды қадағалап жатқан үлкендер жоқ, «мазаны алмаса болды» деген тәрбиенің түрі қазір кеңінен етек алуда. Тіпті, 2 жасар сәбиге дейін смартфонды түртуді біледі және керегін тауып алады.
Көз дәрігерлерінің айтуынша 25-30 см.қашықтықта отырып смартфонды ұзақ уақыт қарау – миопия сияқты көз ауруының пайда болып оның 2,5 есе еселеніп дамуына тікелей себепші болады. Далаға шықпай, барлық бос уақытын электрондық құралмен жарығы төмен жерде отырып өткізу – көзді құртатын бірінші жау. Бұл жерде витамин жеткіліксіздігін де айта кеткен жөн.
Ретинопатия — уақыты жетпей ерте туған нәрестелердің көз ауруы
Көз ауруының бұл түрі Қазақстанда арнайы скринингтік бағдарламаға енгізілген . Оның басты мақсаты — бұл көз ауруын ерте анықтау.Офтальмологиялық скрининг балалардың ретинопатия ауруынан мүгедектікке ұшырамауының бірден бір жолы. «Уақыты жетпей туғандардың көзінің көру қабілетін ата-ана өте ұқыптылықпен қадағаламаса, бала көз мүгедектігіне ұшырауы мүмкін»,- деп ескертеді офтальмологтар. Көз ауруының бірден-бір себеп-салдары — бала қолынан тастамайтын смартфондар. Біз сол зиянды қол телефонын балаларымызға сатып алып туған күніне сый жасайтын болдық…
Дүниежүзі елдері әлемжелілермен күресуде
2025 жылдың желтоқсан айынан бері Австралия мемлекеті 16 жасқа дейінгі балаларға әлемжеліде тіркелуге тыйым салды. Бұл жерде жауапкершілік жүгі балалар мен ата-аналарға емес, әлемжелі компаниясына жүктелді. Қандай тамаша!
Қазір Ұлыбритания мемлекеті де осы жолды таңдауы, сондай-ақ осы бағытқа бет бұрған Біріккен Араб елдері, Норвегия мен Испания, Дания, Франция елдері соңғы жылдары өсіп отырған балалардың әлемжеліні еш бақылаусыз, қадағалаусыз пайдалануының нәтижесінде көбейіп жатқан көз ауруларына қоса бала жүйкесіндегі психологиялық ауытқуларға көңіл бөле бастады.
Біздің елдегі ахуал қандай?
Білуімізше, Қазақстанда да 2025 жылдың желтоқсан айында Мәдениет және ақпарат министрлігі әлемжелілерге байланысты заң жобасын дайындаған еді. Онда да онлайн-платформаларда 16 жасқа дейінгі балаларды тіркемеу туралы сөз болған. Алайда пікір білдіру, пікір алмасу сияқты функциялардың сақталуы туралы айтылған еді. Балаларды зиянды контенттерден сақталуы айтылды да жоба аяқсыз қалғандай. Жобамен тыйым салынғанмен, нақты ереже жоқ. Оның нақты механизмі де талқылау деңгейінде. Өйткені, талданбаған сұрақтар көп. Қазіргі күн тәртібіндегі саяси мәселелерді ескерсек, жыл аяғына дейін бұл заң қабылданады деген сенімдеміз.Өйткені, елімізде әлемжеліде отыратын балалардың көз ауруы өсіп, жүйкелеріндегі ауытқулар да елді алаңдатуда.
Баян Таңатарова
«Алатау»
