Шіліңгір шілде айында…

0
32

        Шілде айы — қазақ күнтізбесіндегі жаздың екінші айы, жылдың ең ыстық әрі аптапты кезеңі. Атау парсының «шіллә» (қырық) сөзінен шыққан, «қырық күн» деген мағынаны білдіреді. Бұл айдың қазақ тұрмысы мен шаруашылығында алатын орны ерекше. Қырық күн шілде дегеніміз күннің аптап ыстығы екенін біліп өстік. Қазақтар ауа райының ыстығын 40 күнге бөліп, оны «жазғы шілде» (немесе «Ұлы шілде») деп атаған. Ол, әдетте, 25 маусым мен 5 тамыз аралығын қамтиды. Бұл уақытта «күннің көзі қайнап, «тас балқитын» ыстық болады» – дейтін әжелеріміз.

Қазақ тұрмысындағы шілде айының шаруашылықтағы маңызын айтар болсақ, ауылдағы еңбектің қызған кезі, яғни шөп шабу, оны жинап маялап, малдың қысқы азығын дайындау, бау-бақша дақылдарының, жеміс-жидектің піскен кезі. Үлкендер шілде шәй ішіп отырып бұл айды кейде «суыр» айы дейтіні есте қалыпты. «Ол неге олай аталады» дегенімізде әжеміз «шілде айында өзендердің суы азаяды» дейтін. Себебін қазір сараласақ, ол кезде, кеңес заманында егіс көлемі көп болғандықтан егіс суғару үшін каналдарға өзеннен жіберілген су көлемі өзендерді таяздатып кететін мерзім екенін байқайтынбыз. Ал, шілдені неліктен «шіліңгір» дейтінін «Толқын кз» сайты былайша түсіндіреді:
«Жаздағы шілде айында «Үркер» шоқ жұлдызы аспан әлемінен көрінбей кетеді. Көкжиектен үркердің түсіп кеткенін адамдар көзімен көре алмайды. Қазақтың кейбір есепшілері шілденің 23, 24, 25 күндері «тоғыс күндері» болады деп, осы күндерді «Шіліңгір шілде» деп есептейді екен.
Сондай-ақ, шілде айын байырғы қазақ күнтізбесінде «әсет» деп атаған. Кейбір деректерде «асад» деп қолданылады. «Асад» сөзі араб тілінде «арыстан» сөзін білдіріп, жұлдыз айлары бойынша «Арыстан шоқжұлдызының» атауы болып табылады. Тіліміздегі Әсет, Есет деген кісі аттары осы арабшадағы «асад, яғни арыстан» мағынасын береді.
Қазақ есепшілері қырық күн шілде өтіп, үркер шоқ жұлдызы көкжиекке көтеріліп, аспан әлемінен қайта көрінгеннен бастап өсімдік тамыры тереңге тартып, дәнді-дақылдар дән ала бастайды, шөп буыны бекіп, дәрілік шөптер қуаттанады. Мұндай жайылымға жайылған мал тез қоңданады екен. Шілденің 20 жұлдызында Таразы (нарық) жұлдызы туып, таң суыта бастайды. Сол себепті, қазақтар «Таразыда таң суыйды» дейді.
Ал, биылғы шілденің шіліңгірін өздеріңіз көріп-сезіп жүрсіздер.Термометр бағаны +40-тан түспей тұр, аспаса…Жетісу өлкесі үшін бұл ыстықтау, әрине…

Ілияс Жансүгіров «Жазғы шілде» туралы былайша толғайды:
Шілдем, шілдем, шілде айым,
Шырылдап торғай күн сайын.
Шұбар ала шешектер,
Шудаланған көк шөптер.
Жапырақтар жалпайды,
Жас қозылар марқайды.
Ұшты көкек қуалай,
Сайда пісті таңқурай.
Құрт, ірімшік қайналды,
Құлындар да байланды, – деп шілде айының кереметтілігін жырға қосқан екен. Бір сөзбен айтқанда, шілде айының өзіне тән ерекшелігі мен қайталанбас ғажабы бар.
Табиғаттың осы мезгілін суреттеген Ілияс атамыздан кейін жоғары интеллекттің шілде туралы түсінігі қандай екен деп сұрағанымызда, жас та болса ЖИ да шілде туралы білетін болып шықты. Негізінде, жасанды интеллект бәрімізге белгілі деректерді айтты.

Шілдеде дүниеге келгендер
ерекше қабілетті болады
Байқасаңыз, әлемге әйгілі тұлғалар мен өнер адамдарының біразы шілде айында дүниеге келген. Олардың өмір жолы мен қызметі көпшілікке белгілі болғанымен, беймәлім ерекше қырлары да аз емес. Олар кімдер?
Шілде айында дүниеге келгендердің көпшілігі шығармашылыққа, өнерге жақын келеді. Солардың бірі – ұлы британдықтардың тізіміне енген Диана ханшайым. Ол да өнерге жақын болған. Бос уақытында музыка және бимен айналысқан. Бірнеше аспапта ойнауды меңгерген.
Бұл тізімде шілде айының жиырма бірінші жұлдызында дүниеге келген белгілі америкалық жазушы Эрнест Хэмингуэй де бар. «Шал мен теңіз», «Мұхиттағы аралдар», «Шыңдықтың нышандары» секілді шығармаларымен әлемнің сүйікті жазушысына айналған қаламгер 1954 жылы Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты атанды.
Әйгілі «Гарри Поттер» шығармасының авторы Джоан Роулинг те шілде айында дүниеге есігін ашқан. Ол әлемдегі балалар әдебиетіне жаңа леп әкелген, балалар шығармасының анасы ретінде танымал жазушы.
«Поле чудес» бағдарламасы арқылы ТМД елдеріне кеңінен танылған Леонид Якубович те шілде айында туғандар қатарында. 90 жылдардың соңында халықтың ең сүйікті жобасына айналған «Поле чудес» бағдарламасының идеясын құрушысы және үйлестіруші, кейін жоба жетекшісіне айналды. Сонымен қатар, журналистика саласындағы алар орны ерекше.
Шілде айында дүние есігін ашқан жандардың қатарында белгілі әнші Селена Гомес, Дженнифер Лопес және Голливудтың танымал актерлері Том Круз, Том Хэнкс, Арнольд Шварценеггер мен Сильвестр Сталлоне бар. Олардың шығармашылығымен дүниежүзі таныс.

Шілде айында дүниеге келген президенттер

6 шілде күні Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев дүниеге келген. Ол кісінің шығармашылық пен елді басқару дарыны туралы жазбаса да белгілі…
Дәл осы күні АҚШ-тың 41-ші Президенті Джордж Бушт а дүние есігін ашқан. Кіші Буштың көп адамдар білмейтін бір хоббиі – сурет әлемі. Ол үй жануарларының суретін салғанды ұнатқан, әсіресе өзінің екі мысығы мен итінің суретін жиі салатын болған. Сонымен қатар, Германияның сегізінші канцлері Ангела Меркель, Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр мен Ресей Президенті Владимир Путиннің де портретін салған. Бұл тізіммен шектелмей, ол әлемге белгілі саяси тұлғалардың портретін жиі салып отырған.

Шілде айын астрологтар
Шаян жұлдызы деп атайды

Шаян жұлдыз жорамалы
21 маусым мен 22 шілде аралығында дүниеге келген адамдар, жұлдыз жорамал бойынша, шаян белгісіне жатады.
Жоғарыда көргеніміздей, шаян белгісінде өмірге келген жандар шығармашылық пен өнерге бейім келеді. Олардың ішкі жан дүниесі бай. Шаян – ең адал, сезімтал адамдар.
Шаяндар айналасындағыларға шынайы мінезін көрсетпеуге тырысып, сабырлы әрі ұстамды болып көрінгісі келеді. Алайда, онысы әрдайым іске аса бермейді. Себебі, шаяндардың уайымшыл болғаны сонша, оны жасыру мүмкін емес.
Шаян (ерлер) – жайлылықты ұнатады және өзіне қолайлы жағдай жасауға тырысады. Сонымен қатар, олар үнемшіл келеді, ысырапшылыққа жол бермейді. Сырт көзге мұндай адамдар сараң болып көрінгенімен, олар шығындарын барынша бақылауда ұстайтын адамдар. Шаян ерлер ұсақ-түйек нәрселерге күш-қуатын жұмсай бермейді және барынша талпынып, бар күшін сарп ететін сәттері де сирек. Десе де діттеген мақсатына жете біледі.
Шаян (әйелдер) – мінезі жұмсақ әрі салмақты көрінгенімен, олардың көңіл-күйі құбылмалы және тез ренжиді. Бұл жұлдыз белгісінде дүниеге келген әйелдер үшін жақындары мен достарының қолдауы аса маңызды. Олар тамаша ана, адал жар бола біледі. Сонымен қатар, «әйелдер достығы» деген ұғым да олар үшін бос сөз емес.
Шаяндар қызба мінезді емес, десе де мінезі жиі құбылады. Кейде себепсіз ренжіп, ашуға бой алдыруы мүмкін. Бірақ, лезде сабырға келіп, болған жайтты тез ұмытады. Шаяндармен араласқан кезде оның мінез-құлқына айдың фазалары әсер ететінін де есте ұстаған жөн.

Шілде айында ШӘКӘРІМ ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ дүниеге келді

165 жыл бұрын (1858-1931 ескі күнтізбе бойынша 23 шілде) қазақ ақыны, ойшыл, композитор, аудармашы, XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті тарихындағы ірі тұлғалардың бірі Шәкәрім ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ дүниеге келді.
Ақын қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданына қарасты Қарауыл ауылында туған. Әкесінен жастай жетім қалып, немере ағасы Абайдың қолында тәрбиеленген. Бұл жағдай Шәкәрім Құдайбердіұлының дүниеге көзқарасының қалыптасуына, ақындық шеберлігінің шыңдалуына зор әсер еткен. Орыс, араб, парсы, түрік тілдерін жетік меңгеріп, Батыс, Шығыс әдебиетін зерек білген. Жеті жасынан бастап өлең жазып, өмірінің ақырына дейін ағартушылық бағыт ұстанған. Абайдың жаңашылдық дәстүрін дамытып, Абайдан кейінгі екінші реалист ақын атанған. Ақынның творчествосы сан-салалығымен ерекшеленді, оған көңілдің шат-шадыман әуені де, көкіректі қарс айырған трагизм де тән. Ақын нақты өмір суреттерін, туған табиғаттың әсемдігін тебірене жырлады. 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басындағы қазақ өміріндегі оқиғаларға, құбылыстарға қызу үн қосты. Шәкәрім ауыз әдебиетінің суырып-салма ақындар поэзиясының жазба әдебиетке ауысуына зор қызмет етті. Лирикалық жанр түрлерінің дамуына, мазмұнының етене жақындасуына мол еңбек сіңірді. Көптеген өлеңдеріне ән шығарды. Абайдың кеңесі бойынша, «Қалқаман — Мамыр» дастанын жазды. Сондай-ақ, ақынның «Қодардың өлімі», «Крез патша» атты дастандары бар. 1905 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлы қажылық сапар шегеді. Меккеге барған бұл сапарын пайдаланып, ақын өзінің байырғы арманын жүзеге асырады. Ыстамбұл, Париж кітапханаларынан туған халқының тарихына байланысты кітаптарды оқиды. Осылай жинаған материалдары негізінде «Түрік, қырғыз, қазақ Һәм хандар шежіресі» кітабын, ислам дінін қазақ мүддесіне үйлестіре түсіндіру мақсатымен «Мұсылмандық шарты» атты еңбегін жазған. Американ жазушысы Гарриет Бичер-Стоудың «Том ағайдың балағаны» романын, Л.Толстойдың «Асрхадон патша», «Үш сауал» т.б. әңгімелерін, А.Пушкиннің «Боран», «Дубровский» повестерін қазақ тіліне аударған. Физулидің «Ләйлі-Мәжнүн» дастанын нәзира үлгісімен жырлаған. Идеялық мақсат-мұраттары жағынан Шәкерім үнемі демократтық, халықтық, гуманистік-ағартушылық бағытта болған. Бұл орайда, 20-шы ғасырдың басындағы озат ойлы қазақ зиялыларымен үндес болып, Алашорда қайраткерлерінің еңбегін бағалай білген.(https://kaz.inform.kz/news/11-shilde-tulgalar-tugan-kun_a4086749)

Ай – киелі

Сыртқа шыққан анам аспандағы жаңа айды көре сала «жаңа ай туыпты» деп дереу ескіше әдетімен сәлем сала бастады. Артынан «ай көрдік, аман көрдік, бұрынғыдай заман көрдік, жаңа айда жарылқа, ескі айда есірке» деген сөздерін де айтуды ұмытпады. Бұл ырымды бала кезімізден көріп өскендіктен, қазір өзіміз де ана болғанда сол әдетпен жаңа ай туғанын көрсек, сәлем саламыз – деп жазады Тіршілік тынысы кз. (Сырдария ).
Әрине, айға сәлем салмайтын қазақ әйелі жоқ. Айдың киелі аспан денесі екенін естіп өскен ұрпақпыз. Алайда балаларымыз бен немерелерімізге сол өзіміз естігенімізді жеткізіп жатқанымыз санаулы-ақ шығар. Ай біздің балконымыздан соншама жақын көрінетіндігі соншалықты, балаларымыз кішкентай кезінде қолын созып, аламын деп ала алмай жылайтын.
Ай – киелі деп жазады «Тіршілік тынысы кз». Үлкендердің үнемі осы сөзді айтып отыруының үлкен мәні бар. Айға қарап қолыңды шошайтпа, айға қарап телмірме, ай адамның жанарын, сұлулығын, терінің жастығын алады дейді. Жалпы ырымға сенетін халқымызда айға қатысты мынадай ырым да бар. Айға қарап түзге отыруға болмайды. Оның себебі – ұрпақсыз қаласың немесе дәретіңді ұстай алмайтын науқас боласың деп сенген.
Ғылыми тұрғыда айды зерттеген ғалым­дар ай төрт фазадан тұрады дейді. Оның біріншісі – айдың туылуы, екіншісі – айдың толуы, үшінші фаза – айдың желінуі, ай теріс жағынан желінеді, төртіншісі – ай жіңішкеріп, жоғалады.
Адамның денсаулығына ең қауіпті кезең – айдың бірінші және екінші фазасы екен. Яғни, туылып, толған ай екі апта ішінде күшті энергиясын жерге жібереді. Осы кезде созылмалы ауруға шалдыққан адамдардың дерті ушығып кетеді. Тері ауруларына ұшы­рағандар, демікпесі барлар, қан қысымы жоғары адамдардың ауруы өршиді. Ал, ай желіне бастағанда аурудың қозуы басылып, тынышталады. Бала кезімізде айкезбе ауруы туралы еститінбіз. Біздің ауылда осындай дертке шалдыққан көршіміздің баласы болатын. Жап-жас жігіт түн ортасында орнынан тұрып, үйден шығып, көше кезетін жалғыз өзі. Әдепкіде баласының айкезбе дертіне шалдыққанын білмеген ата-анасы, кейін бақсы-балгерлерге апарды. Олар болса бұл дертке бала айдың толысқан кезінде шалдыққанын айтқан. Содан оның ұйқысы қашып, түн ішінде ұйқысырап, кезіп жүреді. Наным-сенім бойынша, айкезбе ауруына адам иен далада ұйықтап қалған кезде, бетіне айдың сәулесі түскеннен шалдығатын көрінеді. Сондықтан, түн мезгілінде терезеден ай сәулесінің түсуінен қауіптену керек. Айдан қорғану қажеттігін білген жөн. Дұрысы, түнемелік терезені жауап қою.
Айдың киесі туралы қарапайым мысал: Байқасаңыз, ай туғанда шаш алып, тырнақ алсаңыз, ай толған сайын шаш пен тырнақ тез өсетінін аңғару қиын емес. Ал, ай желіне бастаған кезде алынған шаш пен тырнақ баяу өседі. Көнеден келе жатқан ырым бойынша диқан жерге егін салғанда айға қарап егін еккен. Ай туып немесе толып келе жатқанда егін ексе, өсімі жақсы болады деп сенген. Себебі оған ай қуаты өз әсерін тигізеді. Ал, айдың үшінші немесе төртінші фазасында еккен егін әлсіз, қуатсыз болып, көтерілуіне біраз уақыт кетеді.
Қазіргі кезде адамдардың бизнес баста­уын да аймен байланыстыруға болады. Егер кәсібіңізді немесе жаңа жұмысты ай туғанда бастасаңыз, берекесі болады.
Ұлы композитор Себастьян Бах айға қарап жаңа туындыларын жарыққа шығарды. Ай оған жаңа әуеннің тууына себепші болды. Бірақ ол айға өзінің көзі мен құлағын берді. Ай оны соқыр әрі саңырау етті. Бетховеннің өзі «Лунная сонатасын» айға қарап жазып, аяғында саңырауға айналғаны белгілі.
Біздің ата-бабаларымыз айдың қыр-сырын жақсы білген. Сол себептен, айдан қорғану үшін мынандай ырым істеген. Қыздарына ай сырға тағу — соның бірі. Сол арқылы «ай әулетіме тимейді» деп сенген. Ал, балаларына Ай сөзімен басталатын есім берген. Айтуған, Айбар, Айсұлу, Айғаным, Толғанай, Айжарық, Айнұр, Айгүл сияқты есімдер арқылы айға көрсеткен құрметі деп білген. Сонымен қатар, баласын ай атымен атаса «ай тиіспейді» деп жорыған. Айға қатысты ыңғайсыз есім таңдаудан өте сақ болған. Себебі, айға тіл тигізу бақытсыздыққа әкелетін болған. Ата-бабамыз айға қатысты тыйым сөздерді ұрпаққа үйретіп отырған.
Айды мақтау, мадақтау ежелгі аңыз-әңгімелер де көп айтылады. Ешқашан ай жайлы жаман айтпаған, қатері тиеді деп қауіптенген. Ата-бабаларымыз қы­лыш­ты қы­напқа, пышақ пен балтаны матаға орап қою қажеттігін қатты бақылаған. Себебі, ай өзінің энергиясымен қайралғанның жүзін жеп қоятын болған. Бұл ежелден келе жатқан салт. Оның барлығы да тыйымға қа­тысты ырымдар деуге болады.Тағы бір мысал, «Ай толғанда жолға шықпа» деген сөздің астарында қауіп-қа­тердің барын болжаған. Ең қауіпті кезді, жоғарыда айтылғандай, айдың толысуымен байланыстырады. Пайғамбарымыз (с.а.у) ай толғанда үш күн ораза тұтуды өсиет еткен. Өйткені жер бетіндегі сулардың тасуы мен қайтуы айдың толуы мен семуіне байланыс­ты екені белгілі.
Құрамы 80 процент судан тұратын адам қаны да ай толғанда тасуға бейім тұратынын қазіргі медицина дәлелдеп отыр. Яғни, ай толған шақ – адамдардың қаны тасып, жүйкесі сыр беріп тұратын жайсыз кезең саналады. Осындай шақта ораза тұтқан адамның қан қысымы өз-өзінен төмендеп, басылады, сабырлылық пайда болады. Ал, қазақ мұндай қатерлі кезеңде ұры-қарының, жол тонаушының қолына түсіп қалмау немесе кездейсоқ жанжалға килікпеу үшін бейтаныс жерге жол жүруді жөн көрмеген. Міне, «ай толғанда жолға шықпаудың» мәнісі осында болса керек. Киесі мен қасиетін тереңнен сезінетін халқымыздың айға қатысты айтылған ырым-сенімдері өте көп.

Баян Таңатарова

«Алатау»