Еңбек мобильділігі орталығы

0
36

        Бүгінде облысымыздағы жұмыс іздеген ағайын баратын мекеменің аты өзгергенімен заты өзгерген жоқ. Сондықтан, оқырман, жұмысқа орналастыру мекемесінің жаңа атауымен таныс болыңыздар. Ол орталық енді «Жетісу облысы бойынша еңбек мобильділігі орталығы» деп аталатынын ескерте кетуді жөн көрдік. Осы коммуналдық мемлекеттік мекеме директорының орынбасары Кәмшат Жұмабекқызына көпшіліктің ойында жүрген біраз сұрақтарды қойып, мағлұмат алған едік.

-Кәмшат Жұмабекқызы, әңгімемізді мекеме аты неге өзгергенінен бастасақ?
К.Ж.: Ия, сұрағыңыз орынды. Көпшілікті ойландыратын сұрақ.
Өздеріңізге белгілі, елімізде жаңа Әлеуметтік кодексінің қолданысқа енгізілуіне байланысты 2023 жылғы 1-шілдеден бастап осы орталық осы атаумен өз жұмысын бастады. Оның негізгі мақсаты – халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, еңбек нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету, жұмыссыздық деңгейін төмендету және аудандық, қалалық «Мәнсап» орталықтарының қызметін үйлестіру.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 29-қарашадағы қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында, «Жетісу облысында халықты жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жүйелі түрде іске асырылуда және облыста жұмыспен қамту шаралары нәтижелі жүзеге асуда» деп айтуға болады.
— Өзіңіз айтқандай, аудандық, қалалық «Мәнсап» орталығының қызметі қалай үйлестірілуде?
К.Ж.: 2026 жылы жұмыспен қамтудың белсенді шараларын іске асыру үшін жергілікті бюджеттен 8,9 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаржы қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға (366,9 млн.теңге) арналып, 800 адамды оқыту жоспарланды.Сондай-ақ, «Бастау- Бизнес» жобасы аясында 1145 азаматты кәсіпкерлік негіздеріне оқыту және жалпы сомасы 372,0 млн. теңгеге 215 мемлекеттік грант беру көзделді.
Субсидияланатын жұмыс орындарына 6712 адамды жолдау жоспарланып, бұл мақсатқа 8,2 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде, «Жастар тәжірибесі» жобасына – 1 300, «Күміс жас» жобасына – 605, қоғамдық жұмыстарға – 4 185, әлеуметтік жұмыс орындарына – 620 адамды жолдау жоспарланды. Сонымен қатар, enbek.kz порталы арқылы 2450 азаматты онлайн оқыту көзделді.
2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша, жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 12558 адам қамтылды. Оның ішінде, 9262 азамат жұмысқа орналастырылып, 4008 адам тұрақты жұмысқа ие болды.
Жұмыспен қамтудың белсенді шаралары аясында, 4044 адам қоғамдық жұмыстарға, 524 адам «Күміс жас» жобасына, 436 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 250 жас маман жастар практикасына жолданды. Сонымен қатар, 510 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға, 549 адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқуға және 2237 азамат Электрондық еңбек биржасы порталында онлайн оқытуға қатысты.Міне, байқаған боларсыз, бөлінген қаржы тұтастай жаңа кәсіпті игеру арқылы өңірдегі жұмыссыздықты жоюға бағытталуда.
— Ел арасында мүмкіндігі төмен, мүмкіндігі шектеулі (пробация қызметінің есебінде тұрған) адамдар бар. Оларға деген қандай да бір жеңілдіктер бар ма?
К.Ж.: Халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлінуде. 2026 жылы мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру мақсатында 87 кәсіпорында 163 жұмыс орнына квота белгіленді. Жылдың алғашқы жартыжылдығында квота шеңберінде 80 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Жалпы, жұмыспен қамту органдарына жүгінген 765 мүгедектігі бар азаматтың 679-ы жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды.
Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды және пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. Жыл басынан бері белгіленген квота шеңберінде бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған 11 адам және пробация есебінде тұрған 59 азамат жұмысқа орналастырылды.
— Жастарды жұмыспен қамту, соның ішінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастарға қолдау бар ма? Әйелдерді жұмыспен қамту жөнінде не айтасыз?
К.Ж.:Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастарды қолдау шаралары да өз жалғасын тапты. Осы санаттағы азаматтар үшін белгіленген квота аясында, 4 жас тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Жастарды жұмыспен қамту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болғандықтан, 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша жұмыспен қамту органдарына 35 жасқа дейінгі 6 886 жас жүгінді. Оның ішінде, 3 510 жас үшін жұмыспен қамтудың белсенді шаралары қарастырылып, олардың 2 703-і жұмысқа орналастырылды. Соның ішінде, 1441 -і тұрақты жұмыспен қамтылды.Осылайша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі азайып, 2,3 пайызды құрады.
Ал, әйелдерді жұмыспен қамту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Нақты айтсақ, жыл басынан бері жұмыспен қамту органдарына 12 431 әйел жүгінсе, оның 7 433-іне белсенді шаралар қарастырылып,5317-сі жұмысқа орналастырылды. Соның ішінде, 1 609 әйел тұрақты жұмысқа ие болды.Бұл да жаман көрсеткіш емес деп ойлаймын.
— Шет елдерге жұмысқа барғысы келетіндерге қандай жол бар?

К.Ж.: 2026 жылдың 19 маусымында Талдықорған қаласының «Мансап» орталығында еңбек көші-қонын жоспарлап жүрген азаматтарға, алдын ала ақпараттық қолдау көрсету үшін, Көші-қон алдындағы дайындық орталығы ашылды.
Көші-қон алдындағы дайындық орталығын құру азаматтарды шетелге шығар алдында қолдау жүйесін дамытуға, олардың ақпараттану деңгейін арттыруға және қауіпсіз, ұйымдастырылған әрі заңды еңбек көші-қонын қамтамасыз етуге бағытталған.
Орталық көші-қон заңнамасы, еңбек құқықтары, қаржылық сауаттылық, алаяқтық пен еңбек қанауының алдын алу мәселелері бойынша оқыту іс-шараларын өткізу арқылы әлеуетті және елге оралған еңбек мигранттарына мақсатты қолдау көрсетеді. Сонымен қатар, азаматтарға жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін іздеуде, кәсіптік оқудан өтуде және одан әрі бейімделуде жан-жақты көмек беріледі.
Орталықтың қызметі халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға, қауіпсіз еңбек көші-қонын дамытуға, сондай-ақ, көші-қон мәселелері бойынша мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал етеді.
Қажет болған жағдайда, кәсіби дағдыларын жетілдіру, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша skills.enbek.kz/ru порталы арқылы қысқа мерзімді оқыту ұйымдастырады.
Аталған шараға Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Сарангоо Раднаарагчаа; Қазақстандағы Швейцария Елшілігінің Уақытша сенімді өкілі Помпилио Джорджо; Швейцарияның даму және ынтымақтастық агенттігі (SDC) — Урсула Келлер Алаззави; Қазақстандағы Халықаралық көші-қон жөніндегі ұйымның (ХКҚҰ) миссия басшысы Серхан Актопрак қатысады.
Жетісу облысында еңбек нарығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар алдағы уақытта да жалғасады. Еңбек мобильділігі орталығы халықты сапалы жұмыспен қамтуға, еңбек ресурстарының тиімді пайдаланылуына және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.
— Кәмшат Жұмабекқызы, жақсы мәліметтеріңіз жұмыс іздеушілер игілігіне жарасын! Әр істеріңіз нәтижелі болсын!Талдықорған «Мәнсап» орталығы жұмыссыздарды қолдау орталығына айналсын!

Сембек Әбді-Рахман

«Алатау»