«Пермедегі Пигмалионнан» туған пайымдар

0
36

       Белгілі қаламгер, бүгінгі қазақ көркемсөзінің көрнекті өкілдерінің бірі Дәурен Қуаттың жақында жарық көрген «Пермедегі Пигмалион» әңгімесі әркімге көріне бермейтін өмірдің қалтарыс-бұлтарыстарына дейін қалт жібермей, кейбір көлеңкелі, қатерлі тұстардан сақтандыруды, өзгеше шешім қабылдауға бағдар беріп келе жатқанын аңғартады.

       «Пермедегі Пигмалионның» кейіпкері кез-келген қазақ ауылынан қай салада болмасын қиналмай-ақ табуға болатын тума талант иесі, бұл жолы дарынды суретші. Басқа бір жағдайда өзіндей талғамы биік талапкер ортаға тап болса немесе өнер институтында арнайы білім алса, әлемдік деңгейде мойындалатын атақты суретші атанары күмәнсыз. Алайда, әдеттегідей алыс бір түкпірде жатқан шағын ауылда туып өскендіктен, ұлттық тәрбиеге сай жалғыз кәрі шешесін тастап кете алмай, ауылда қала берген. Бірақ жаратушының өзі сыйға тартқан бойындағы алапат күш, адуын талант кеудеден жарыққа шықпай тұра алмайды, сондықтан өзінің айналасындағы дүние-әлемді қара қарындашпен ақ қағазға түсіру, ауылдастарының бет әлпетін айнытпай бейнелеу оның өмірінің ажырамас белгісі, тіпті олардың құжаттарындағы фотосына дейін мұның қолынан шыққан. Бұл ауылдың жолы болғандай, өйткені Қайыргелдінің суреттері арқылы оның бүкіл тыныс-тіршілігі, кәрі-жасы, тау-тасы, аспан-көгі, қисық көшесі, бұзылған трәктірі, сынған соқасына дейін мәңгілікке таңбаланған, демек осынау шағын ауыл тарихқа берік енген.
Өзгелер ұғына бермейтін өнердің тылсым әлемінде, қиялдың қалтарыстарында жүріп Қарекең үйлену, отбасын құру сынды адами қажеттіліктерін орындауға да отыздан асқанша кешігіп жүргені содан. Әзіргі қанағаты сөйлескен қыз-қырқынның бейнесін өзі қалаған, өзіне ұнаған, тек өзі көргісі келетін «үлбіреген сусымалы жібек көйлекте құбыла толқып тұрған» бейнеде салу, жеке қалғанда әлгілермен сөйлеседі, солармен бірге жәннат бағына аттанады. Десе де, суретшінің жанының қалауындағы, өзгеден бөлек талғамындағы қыздың жолығуы қиынға айналған. Бұл жағдай күндердің бір күнінде ешкім күтпеген, ойламаған жерден өзгеріп сала береді.
Қарекең теледидардан ала топалаң басқан Сүрия деген елде қара бет-перделі, тек екі жанарынан көз жасы үздіксіз тамшылап, еңіреп тұрған қазақ қызын көреді. Діни жат ағымның арбауына түсіп, бір түнде солардың серкесінің бірінің некелі әйеліне айналғанын өзі де сезбей қалған жас қыз ата-ана, ағайын туыстан безініп, алыс елге аттанған «күйеуін» іздеймін деп, ендігі жат жерде тығырыққа тіреліп, өзге көп еркектің бауырынан өтіп, құлдықтың қамытын киген екен. Қара көйлекті қызды көрген сәттен бастап кейіпкердің де өмірі күрт өзгерді. «Неткен көз, Құдай-ау, не деген көз мынау?» деген таусылмас күбірге көшкен бұны сол бір мөлт қара көз толассыз толғандырып, естен тандырған. Қайран шешесінен бастап ауылдастарының өзі мұны енді көз тиді, ауруға ұшырады деп күңірене қабылдай бастайды.
Орыс әдебиетінің классигі А.Чеховтың әйгілі «Черный монах» әңгімесіндегі жас ғалым, магистр-философ, іздену жолында жүйкесін шаршатып алған Коврин, аңыздардан естіген Қара сопымен кездесіп, өзінің ойымен үндестікті қара сопының айтқандарынан тауып, адамзаттың жарқын келешегі, жеке адамның еркіндігі, азаттығы тәрізді тақырыптардағы пікірлеріне сәйкестікті демалуға келген деревня шетіндегі жабайы бақта кездескен сопыдан тауып, уақытша болса да бақытқа кенелетіні бар. Алайда, ең жақындары, төңірегіндегілер оны зорлықпен емдеуге көндіргеннен кейін ақырында Ковриннің өмірі трагедиямен аяқталған еді. Ал, Пермедегі Пигмалион — Қарекеңнің басындағы хал осыған ұқсас бола тұра, Тұщыбұлақтың ақжарқын, мейірімді, бауырмал жұрты оған түбегейлі жанашырлықпен қарап, оның басындағы күйді суретшінің қалауына сай шешуге барын салады. Ауылдастары бақсыдан, ғұлама молданың ем-домынан да қайыр болмаған соң, бұл сен іздеген қыз деп қаладан көндіріп, қара көйлек кигізіп, қара пердемен алып келген әлдебір жетім қыз да жағдайды құтқара алмады. Дәурен Қуаттың кейіпкері — Қарекең жүрегіне ұялаған жұмбақ жанның бейнесін, Тамшыбұлақтың басынан тапқан. «Тамшыбұлақ – алып жартас. Қас бетінен тамшы қысы-жазы бір үзілмей, сорғалап ағады да тұрады: мөлдіреп аққан көз жасындай». Қаламының құдыреті бар Қарекең сол қос тамшыны теледидардан көрген жұмбақ қыздың жанарына айналдырады. Мұны жұртшылықтан ең алдымен байқаған жан — суретші, көкірек көзі ашық, кітап оқитын, әдеби тілмен сөйлейтін өнер адамы. Қоғамдағы көптеген жайтқа суретшінің көзімен қарап, ақынның жүрегімен сезіп, композитордың құлағымен тыңдау керектігін алға тартады. Мінеки, адасқан аруды тағдырдың өзі Қарекеңнің ауылына мектепке мұғалімдікке жетелеп әкеледі. Гүлтұнықты көрген бойда Қарекең Тамшыбұлақтың басындағы өзі салған қыз жанарының табиғаттағы бейнесімен таныстырған. Қос кейіпкер сол арада табысып, мәңгілікке серттеседі. Адасқан жан үйіріне қосылып, аласұрған суреткердің жан-дүниесі жайбарақат тауып, ақжарқын, мейірбан, бауырмал ұлысқа тағы бір ерекше жанұя қосылады.
Мұхтар Кәрібай,
Дипломат, публицист