Азамат дерті

0
26

О, қу арақ!
Мен өзіңді жек көрем!
Күшің басым, тек өзіңе кектенем.
У тамырың жайылмастан еліме,
Қияр едім, мен өмірге кеш келгем.

Арақтың тырнағы қаттырақ батып кеткен кезде дәптер бетіне түскен өкінішім еді, бүгін ойыма қайта оралып отыр.
Шынымен, осы ішкілікпен күресер жолдың болмағаны ма? Баяғыда, Горбачевтың тұсында ғой деймін, арақпен күресушілердің тобына кіргем, көк кітапша да алғам, тындырғанымыз шамалы, жарна төлеп тұрдық. Қазір түрлі қоғамдық ұйымдар бар. Бағыты дұрыс та сияқты, бірақ біреулерді сондай қоғамдық жұмыстармен айналысуға шақырсаң, көбіне еститінің: «Анда-мұнда бар дейді, көбісінің сен төлеуге тиісті ставкалары бар. Мен күнімді көре алмай жүріп, ондай қаражатты қайдан табамын?» Осылай айтпайтын әйел кем де кем шығар? Сонда ел ішіндегі келеңсіздікпен қалай күреспек керек?
Қызыл өрттей жалаңдаған «тажалдың» тілі шарпып өтпеген жанұя бар ма екен? Бірі «азаматым мас болып қалмасын» деп бөле-жара ішіп, бірі «айналасындағылардың көңілін қимай» серіктесе ішіп, өздері де «көк тартпаға» тартылып кеткенін сезбей қалып жатқан әйелдер қаншама? Бұл аз дегендей, есірткі деген зұлмат тамырын кеңге жайып, балауса-балғындарымызды шырмауықша шырмап, қанша ана жастығын көз жасына шыламады дейсіз? Осыны тоқтататын қандай күш бар? Тамшысы көлге айналып, көлі дарияға айналып жатқан бәленің көзін бітеуге құдыреті жетер кімің бар? Наркология дәрігерлері ме?
Олардың да қолынан келері шамалы болып тұрған сыңайлы. Бүкіл Талдықорған өңірін қамтамасыз ететін наркология бөлімінде есін жия алмай есеңгіреп, бөтелке қуып кеткендерді 10 күндік тазартудан өткізетін жерде бұрын 60 орын болған, қазір қанша екен?
Арақтың немесе есірткі-нің буымен құтырып, жанұясының, қала берді туыстарының, көрші-көлеңнің ығырын шыға-рып жүрген азаматтарын сол жерге орналастыра алмай жүрген әйелдер бар. «Тазартудан кейін емдеуге жіберейін десем, қаражат керек» — дейді. Тазартудан кейін бойын жайлап алған жыланның басын тұқыртып, тұншықтыруға азаматтың күш-жігері жете ме? Әй, қайдам? Ол тағы ішеді. Азаматын қайта-қайта полицияға тапсыра беруге қазақ әйелінің намысы жібере қоймас. Сонымен, ол ажырасуға бел буады, не көнтерлі қалпына түседі. Ажырасқан күнде де, ер азаматтық танытып, қол үзіп кете қойса жақсы ғой, айналып соғып, өз құқығын мойындатуға тырысады. Ал, көндіккен әйелдің бала-шағасының күнін күн деуге келмес. Осындай жанұяларда бала не тәрбие, тәлім көреді? Бұл өмірден түңіліп, азапты өмірін жеңілдету жолын қарастырары даусыз. Ол не өзі де ішімдікке салынады, не тұйықталып, қоғамнан шектеп қалады, не жас ғұмырын құрбан етеді. Не істемек керек?
Осындай ойдың жетегімен Талдықорған қаласындағы «Облыстық наркологиялық диспансерге бардым.
Қуатбекова Гүлнар Әділқызы — сапа, бақылау бойынша директордың орынбасары:
— Қазір біздің аурухана тек наркомандарды ғана емдемейді. Бұрынғы психикалық аурухана мен наркологиялық аурухананы біріктірген. Бұл жерде 247 төсек бар, оның 119-ы наркологиялық ауруларға, 128-і психикалық ауруларға бөлінген. Соның ішінде, балаларға 10 төсек. Бізде тегін емдейді,
Ерғабылов Максат Бейбітұлы, нарколог-психиатр:
— Бұрын адамдар арақтан, анашадан емделетін, одан нәтиже алу оңайырақ еді. Қазір синтетикалық наркотиктер шықты, оны анықтаудың өзі мүмкін емес және емге көне қоймайды. Бір рет қабылдаса да ол адам тез ұсталады. Ең қауіптісі –сол, есірткінің бұл түрін қабылдайтындардың көбісі мектеп жасындағы балалар. Барған сайын, қолданушылар жасарып бара жатыр. Профилактикалық жұмыс-тар жүргізіп жатырмыз. Бірақ бұларды емдеу қиын екенін айта кеткім келеді.

Автордан: Осы тақырып бойынша маманмен әңгімемізді газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.

Құралай Мусанова

«Алатау»