«Таза Қазақстан» деп тақылдаймыз.

0
27

Алайда, қайыршылар қоқыста жүреді…

«Алатау» газетінің өткен нөміріндегі бірінші беттегі «Итке пана мен тамақ береміз, адамға ше?» деген мақала менің де көңілімде жүрген қыжылды қозғап кетті. Қыжыл болғанда, қаңғыбас иттер емес, қайыршы адамдар туралы ұмытылмаған сәттермен, бүгінгі қайыршылар және жалпы адамның тазалығы, жаратылысы туралы ой бөліскім келеді.

Базарға шыққанмын. Автобустан түсіп, базар жаққа аяқ басқанымда қоқыс жәшігін ақтарып жатқан әйелге еріксіз көзім түсті. Назар аудармай өте алмадым. Қысқа шашы қобырап кеткен, бір кездегі әдемі жүзден жұрнақ қалмаған, тек қап-қара көзі мен денесін байқағанымда және қоқыстан темекінің тұқылын алғанын көргенде көзіме жас үйірілді. Үйге келген соң да көргенімді көз алдымнан кетіре алмадым. Ақырында қолыма қалам алдым:
Әйел көрдім көшеде,
жалбыраған шашы бар.
«Тірі жүрмін» десе де, күндері
бар ашығар
Тұқыл теріп қоқыстан, не
басына күн туды?
Көргеннен бе оқыстан, жүрек
құрғыр жұлқынды.
Көлдей ағып көз жасым,
Тәубе еттім Аллама.
Ауырады өз басым, ит өмірлі
жанға да.
Қандай тағдыр кешті екен, бір
кездегі ару қыз?
Кімнің зары өтті екен?
Пендеміз ғой бәріміз.
Ессіз өмір сүрді ме, жақсы
өмірге мән бермей?
Көкірегі күйді ме, Жаратқаннан
жар көрмей?
Өте бердім жауапсыз, сауалым
көп болса да.
Отырамын шарасыз, жалғыз
жандар тоңса да.
Қолдан келер қайран не, қор
болғанмен кей жандар?
Дейді маған «шаруаң не?»
сезімі жоқ «хайуандар».
Иә, үйсіз-күйсіз жүргендер көп. Осы мақала авторы Таңатарова айтқан мүгедектер арбасындағы өзбек баланы бәріміз көреміз. Тиын-тебеніміз болса, тастап кетуге тырысатынбыз. Бір күні жалғыз өзім шаруамен жүріп, «Жанна» кафесіне түстенуге кіргенмін. Сол мүгедектер арбасындағы бала мен ересек бір жігіттің түпкі жақтағы столда отырғанын көрдім, стол үсті үйілген тиын, қағаз ақша да бар. Маған бала сол жігітке тапқанын санап, өткізіп жатқандай көрінді. Осындай мүгедектерді пайдаланып, ақша табатындар туралы оқыған едім, сол есіме түсті. Суретке түсіріп алдым, бірақ кімге барамын, не айтамын? Осы сауал көп мазалап жүрді, сосын шешімін таппаған өз мәселелерімнің астында қалды…
Жақсы, бұларға біреулер өз бас пайдасы үшін болса да қарайласып жүрген шығар? Ал, күнін көре алмай, қоқыс жәшігін жағалап жүргендер қаншама? Бұларға маскүнемдер қосылады, олар да осындай қоқыс деген «байлықтың» тұрақты тұтынушылары. Бұларды, көбіне, таңертеңгі уақытта байқауға болады. «Мұндай қаңғыбас немесе маскүнем жандардың қоғамға келтіретін не зияны бар?» дерсіз.
Жауап берейін. Қоқыс жәшіктерінің өзіне назар аударып көрдіңіз бе? Олар ешқашан тазаланбайды, жуылмайды, зарарсыздандыратын дәрі де шашылмайды. Кейбір шағын аудандарда қоқыс жәшіктері уақытылы алынбағандықтан, тұрғындар үйден шығарған қоқыстарын айналасына үйе береді, тіпті жеткізбей, жолға тастайтындар да бар. Оны қаңғыбас иттер мен мысықтар шашып кетеді. Ал, осындай қоқыстарды ақтарып, өзіне тамақ немесе темекі тұқылдарын іздейтін мүсәпір жандар мен маскүнемдерде қандай тазалық бар? Олар да көпшіліктің тұтыну орындарына баратынын ескерсек, өздерімен бірге қаншама ауру талшықтарын таратпай жүргеніне кім кепіл?
Тіпті басқасын айтпағанда, балалардың ойын алаңдарында ұйықтайтындар да бар. Сонда, балаларымызды, не өзімізді жұқпалы аурулардан қалай қорғай аламыз?
Тазалық демекші, осы ойын алаңдарында түнімен жастар да отырады. Олар, өздерін жұқпалы аурудан қорғамақ тұрмақ, отырған орындарында ішіп-жеген қалдықтары мен ыдыстарын, ораған пакеттерін жанында тұрған қоқыс жәшігіне тастауға ерінеді. Отырған орнына қақырып, түкіретіндер де бар. Үлкендерде тәртіп, тазалық болмаған соң, балалардан не сұрайсың?
Баскетбол, футбол ойнайтын алаңдарды олар демалыс орнына айналдырып алған. Оларды қарап немесе ақыл-кеңес беріп жатқан ата-ана жоқ, апарған тамақ қаптары, сусын бөтелелері шашылып қалады. Балалардың қастарында жүрген ата-аналардың өзі телефон шұқылап отырады. Үкімет жағынан тексеріп жатқан адам жоқ, салып берді, болды. Тазалық жұмыстары жүргізілмейді, жүргізілсе де тек алаң қажет болған жағдайда ғана.
Бесінші шағын аудан жақта ішкіштердің «кафесіне» айналған орын бар, үнемі қағаздар, бөтелкелер шашылып жатады. Тұрғындардың кейбірі полиция шақырып, ішкіштерден құтқаруды өтінсе, кейбірі өтіп бара жатып, дорба-дорба қоқыстарын тастап кетеді. Оны айтасыз, «Қарағаш» сауда үйінің алдында маған қарсы келе жатқан әдемі киінген сұлу келіншек балмұздақ қағазын тура менің алдыма тастап, өте шықты. Сасқанымнан, «Ой!» деппін, бірдеңе айтуға үлгермедім, бұрылып көзіммен ұзатып салдым. Осындайлар қандай бала тәрбиелеп отыр?
Екінші шағын ауданда да, тура полицияның тәртіп қадағалау орнына жақын жерде мектеп оқушылары, маскүнемдер келіп «демалатын» орын бар. Сол жерден балалар, жастар тіміскілеп бірнәрсе іздейді де жүреді.
Менің таңқалатыным, «Таза Қазақстан» акциясы аясында тазалық жұмыстары жүргізіледі, біреулердің ластағанын біреулеріміз жинап, тазалап жатамыз. Бірақ, осындай жерлер әкімшілік пен полиция қызметкерлері назарынан тыс қалып жатады. Неге?
Қазақстанымыз, қаламыз таза болу үшін алдымен балабақшада, мектепте, қала берді тұрғындар арасында тәрбие-түсінік, талап жұмыстары жүргізілуі керек.
Қайыр сұраған-дар мен қоқыс жағалағандар тексеріліп, бір жерге орналастырылуы керек шығар деп ойлаймын. «Тазалық жинаған жерде емес, шашпаған жерде болады» (Бала күнімде автобус ішінен оқыған орыс тіліндегі мәтелді қазақшалаған түрім). Тұрмыстық қалдықтарды үйден шығармай жатып сұрыптауды үйренуіміз керек. Өйткені, қалдықтарды өңдеу пункттері ашылып жатыр. Қоқысты үйден сұрыптап үйренсек, соларға жасаған қолқабысымыз емес пе?
Әр қазақстандық тынышты-ғымызды бағалап, мәдениеттілікті, ең бастысы — тазалықты сақтай білсе, «Таза Қазақстан» деп тақылдамай-ақ жеріміз гүлденген үстіне гүлдене берері хақ.

Альмаза Бейдан
Талдықорған қаласы