Жетісуда жаңа телехикая түсірілуде
Адамның 13 пен 16 жас аралығындағы шағы — жасөспірім кезеңінде жан қуатының жетілуі, сана-сезімнің артуы, айналасымен қарым-қатынасының жаңа мазмұнға ие бола бастауы қалыптасады. Бұл кезде жасөспірімдер әсершіл, қимыл-қозғалысқа құштар келеді. “Өзім білемге” салыну, ер жеттім деп ойлау кейде жаңсақ, теріс қылықтарға соқтыруы да ықтимал. Осы кезеңде олардың жүйкелік ерекшеліктерімен санасып, тиісті жерінде талап-тілектерін қолдап, түрлі қоғамдық пайдалы істерге белсенді түрде қатыстырып отыру керек
Көксу ауданы Лабасы ауылдық округіндегі Мәмбет, Жамбыл атындағы ауылдарда Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырмасымен «Ауыл бапкері» атты телехикая түсіріліп жатқанын естіп, түсіру алаңына тарттым.
Режиссер-продюсер, сценарист Ерлан Қасымжанұлынан білгенім, фильмді түсіру 2025 жылдың I-маусымында басталып, фильмнің сол кезде 8 бөлімі түсіріліп, қазір фильмнің 12 бөлімі түсіріледі екен. Сериал таза қазақ тілінде болатыны қуантты. Продюсерге бір-екі сұрақ қойып үлгердім.
— Телехикаядағы жасөспі-рімдер рөлін кімдер ойнайды?
— Талдықорғаннан, Алматыдан арнайы кастингтен өткен балалар ойнайды. Иә, айтпасаңыз да ойыңызды түсініп тұрмын, айтайын дегенім, бұл ауылдың жасөспірім балалары кинодағы рөлдерді ойнамайды.
— Әртістердің бәрі жастар ма, әлде үлкен тәжірибелітістер де киноға түсе ма?
— ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Кендебай Темірбайұлы, ҚР халық әртісі Алмахан Кенжебекова, ҚР Халық әртісі, “Парасат”, ”Құрмет” ордендерінің иегері Болат Әбділманов, Жүсіп Ақшора телехикаядағы рөлдерді сомдайды.
Түсіру алаңында өзіміз жақсы көретін әзілқой актерымыз Жүсіп Ақшорамен де тілдесудің сәті түсті.
— Жүсіп мырза, сіз сонау шырайлы Шымкенттен келіп отырсыз. Жетісу өңірінің табиғаты, жері, суы көңіліңізден шықты ма?
— Иә, өте тамаша екен. Жерлеріңіз сулы, көк жасыл екен. Өзендерде су сарқырап ағып жатыр.Тау жақын, ірі, биік, үлкен-үлкен жартастарыңыз адам қызығарлық. Адамдар да кең пейілді, қонақжай екен. Маған қатты ұнады.
— Жүсеке, бұл түсіріліп жатқан киноның халыққа, жастарға қандай үлгілік жағы бар?
— Жалпы, спорттық ойындардың ішінде үлкендер де, жастар да қатты қызығатыны — футбол ойыны ғой. Қазіргі ұялы телефонға байланып, бар уақытын текке өткізіп жатқан жастарды футбол ойыны арқылы тәрбиелеу, соның ішінде ұлттық тәрбиенің негіздерін жасөспірім санасына енгізу керек. Алдына мақсат қойып, өз бетімен пайдалы іс-әрекеттермен айналысатындай етіп жасөспірім санасын ояту керек.
Біз дәл түсірілім жасап жатқан кезде барып қалғандықтан, түсіру тобы бізге аз ғана уақыттарын бөліп, өз жұмыстарын жалғастырып кетті. Біз сыртта басқа істермен айналысып жүрген, негізгі түсірілімге дейінгі ұйымдастыру жұмыстарымен айналысатын бас әкімші (администратор) – Болат Орынбек мырзамен кездесіп, танысқаннан соң Мәмбет, Жамбыл ауылдарын таңдау себептерін сұрадық.
— Біріншіден, бұл жердің тамаша табиғаты қызықтырды. Екіншіден түсірілім жасап жүрген әртістердің де жағдайын жасауымыз керек.Бұл ауылдардың адамдары әлі қазақи салт-дәстүрден алыстай қоймапты. Бірінші күннен бастап бізді жылы қарсы алып, бар жағдайды жасап берді. Сол себепті ауылдың азаматтарына, осы үйдің иесі Қанат ағамызға мың алғыс.
— Бәрекелді! Біраз іс тындырып жатыр екенсіздер. Бұл сериал болашақ жасөспірімдерге оң бағыт беріп ой-санасының тура бағытта өсуіне ықпал етеді деп сенейік.
Фильмнің мазмұнын алдын ала білгім келіп сұрамадым. Аты-ақ айтып тұрғандай. Соған қарағанда, ауыл бапкерінің жасөспірімдермен доп қууы ғана емес, тәрбиелік мәні бар сериал болады деген сеніммен аттандым.





