Руханият әлемінің жұлдызы
Кітапты көп оқыған адамның дүниетанымы кең, білімі мол, өте сауатты болатыны рас. Ол үшін кітап қоры,яғни кітапхана болуы әбден қажет. Кітапхана — бұл күнделікті өмір. Бұл әлемге және оқиғаларға апаратын есік. Мұнда біз сөз шеберлерімен кездесеміз. Кітапхана — рухани демалып, бұл бұрын білген және білмегенді танитын керемет жер. Кітапхана — бұл ғылым жұмағы! Көп оқыған көп білер!
Қазақстан Республикасы Президентінің Қ.К.Тоқаевтың адами капиталды дамыту, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайту, білім беру, тәрбиелеу және оқу-ағарту ісінің негізгі элементі ретінде кітап оқу мәдениетін насихаттау, зерделі ұлт қалыптастыру, сондай-ақ шығармашыл, жасампаз және бәсекеге қабілетті тұлғаны дамыту үшін жағдай жасау мақсатындағы қаулысының 2,6 пункттерінде кітап пен кітапхана ісін жаңа заманауи талаптарға сай жабдықтау туралы айтылған.
Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық білім кітапта,
Ерінбей оқып көруге.
Абай
Бүгінгі дамыған замандағы жастар мен кітапты байланыстыратын алтын көпір – кітапхана. Көне жазбалар мен сирек кітаптар секілді кітапхананың да тарихы өте ескі дәуірлерден бастау алады.Кітапхана – мәртебесі биік киелі шаңырақ. Осындай киелі шаңырақта қаншама жандар оқырмандарға қызмет етіп өмірден өтті.
Мектептен басталған кітапқұмарлық
Өзі сүйіп таңдаған мамандығы кітапханашылық бар ғұмырын сарп еткен құрметті, аяулы жан Нағима Жабайқызы Нұрқалбаеваны Жетісу өңірінде танып білмейтін кітапқұмар аға буын жоқтың қасы деуге болады. Кітапханадағы кітаптарды жүйелеу, жинақтау, құжаттама жасап отыру, әр түрлі тақырыпта өтетін іс-шараларды ұйымдастыру, оқырмандар талабын орындау, олардың ой-пікірін жинақтап қызмет көрсету, жалпы басшылық жасау сияқты көптеген жұмыстарды тоқтаусыз жүргізіп тұру, әрине үлкен еңбекпен келеді. Мектеп қабырғасында оқушы кезден кітап оқу әдеті қалыптасқан Нағима апай Талдықорған қаласындағы М.Горький атындағы орыс орта мектебін бітіргеннен кейін Лепсі мәдени- ағарту техникумының «Кітапхана ісі» бөлімін бітірді. Кейін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын «Кітапханатану және библиография» мамандығы бойынша оқып, жоғары білім алады.
Еңбек жолын Талдықорған қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық кітапханада оқырмандарға қызмет көрсету, кітап қорын өңдеу, жинақтау және әдістеме бөлімінде кітапханашы, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарады.
Жастайынан қабілетті, алғыр, өзіне-өзі талапкер қасиетімен Нағима апайымыз бұл жұмыстардың барлығында абыройлы, іскер маман бола білді. Сондай нәтижелі істерін көріп бағалап, әкімшілік Нағима Жабайқызына үлкен сенім артып, Талдықорған облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры қызметіне тағайындады. Одан кейін С.Сейфуллин атындағы облыстық кітапханаға директорлық қызметі тапсырылды. Осы 1990-2003 жылдар аралығында кітапхана жұмысының жаңа талаптарына сай кітапхананы әдістемелік құралдармен жабдықтап ,облыстық кітапхана жұмысын жандандыра түсті.
Кітапхана ғимараты үшін шайқас
1979 жылдың май айында Талдықорған қалалық атқару комитетінің шешімі бойынша Ленин көшесіндегі №91/99 үйге көшірілген С.Сейфуллин атындағы кітапхана қалалық атқару комитетінің 1982 жылғы №595 қаулысымен бекітілген еді.
Әу баста сауда орталығына арнап салынған ғимаратты кітапханаға лайықтап жасау үшін көп қаржы жұмсалған болатын. Сонысына қарамай, қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары Шалғынбаев орынсыз қысым жасап, кітапхананы басқа орынға көшіру туралы құжатқа қол қойдырмақ болады. Оған қарсылық білдірген кітапхана директоры қалалық партия комитетінің бірінші хатшысына да шығады, бірақ бәлендей қолдау көре алмайды.
Амалы таусылған кітапхана қызметкерлері, директор Нағима Жабайқызы Нұрқалбаева, директордың орынбасары М.Таукебаева, хатшы — машинка басушы О.Вологодская бастап барлығы 25 адам «Жерұйық» газеті арқылы ел-жұрттың пікірін білу мақсатында редакциядан көмек сұрайды.
Редакция алқасы оң шешімін айтып жария ету арқылы кітапхана көшірілмей орнында қалады. Қала мекемелеріне дәуірі жүріп тұрған атқару комитетінің шешіміне осылай тікелей қарсы тұру арқылы кітапхана ғимаратын қорғап қалып, кітапхана қала орталығында бұрынғы орнында қалды. Бұл деген сол замандағы ерлікке балайтын іс болатын.
Табандылық пен өз ұстанымында тұра білудің өзі жоғары парасаттылықты көрсетті.
Зейнетке дейін де, кейін де – кітапханашы
Нағима Жабайқызы Алматы облысы мен Талдықорған облыс
ының бірігуі негізінде 2003 жылы Алматы облыстық кітапханасының Талдықорған қаласына көшуіне байланысты Талдықорған қалалық В.Маяковский атындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры қызметіне тағайындалып, зейнетке шыққанға дейін осы кітапханада жұмыс атқарады.
Талдықорған қаласындағы В. Маяковский атындағы «Орталықтандырылған кітапхана жүйесін» басқарған кезеңде қалалық әкімшілікпен бірге Еңбек, Өтенай
ауылдарында, Талдықорған қаласының 2-шағын ауданында кітапхана филиалдарын ашты.
Нағима Жабайқызының шәкірттері облыстық, аудандық кітапхана директорлары, меңгерушілері қызметін абыроймен атқарған жандар. Атап айтсақ, сол шәкірттерінің бірі Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапханасының директорлары М. Нұрғалиева, Талдықорған қаласының «Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің» директоры Ф. Хайбуллина және К. Сейтжанова, Ескелді аудандық кітапхана директоры Г. Мұқанова және т.б.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де 2006-2014 жылдар аралығында Талдықорған қалалық экономика және жол колледжінің кітапханасының директоры болып қызмет атқарған.
Жалпы кітапхана саласында 46 жыл үздіксіз еңбек етіп, оның 33 жылын директор ретінде абыройлы қызмет атқарған.
Әріптестер естелігі
Замандастарының, өз әріптестерінің арасында тек кәсіби энциклопедиялық білімімен ғана емес, өнегелі, парасатты, адамгершілігі мол мәдениет қайраткері ретінде Нағима Жабайқызы ел есінде қалды.
Марқұм Нағима Жабайқызымен бірге жұмыс жасаған С.Сейфуллин атындағы облыстық кітапхана қызметкері Ешенова Ғалия Самиғұлқызы: «Мен Нағима апаймен бірге жұмыс жасамадым. Бірақ Нағима Жабайқызы С.Сейфуллин атындағы облыстық кітапхана директоры болып тұрған кезде мен сол кездегі Андреев аудандық орталықтандырылған кітапхана директоры қызметін атқардым, Ол кісімен жұмыс барысында жиі кездесіп жүрдік. Ол өте бір сабырлы, салмақты, терең білімді, өз ісіне мығым, талапшыл басшы болды. Ең бірінші ол кісінің үлкен адамгершіліктілігі, әділдігі есте қалды. Жүрегі таза нәзік жанды адам еді. Адамдармен қарым-қатынасы өте сыпайы әрі ерекше мәдениетті, жоғары этикадағы тұлға болды. Ол кісіден көп нәрселерді үйрендік. Марқұмның жаны жәннатта болсын. Жақсы адам еді.
Нағима Жабайқызымен С.Сейфуллин атындағы облыстық кітапханада, кейінірек В.Маяковски атындағы Талдықорған қалалық кітапханада да бірге жұмыс жасаған, бүгінгі күні осы В.Маяковский атындағы кітапхана директоры Сейтжанова Күлпан Қалкенқызының естелік әңгімесін тыңдадық:
Нағима Жабайқызымен 1984 жылдан (алғаш оқу бітіріп келген уақыттан) бастап бірге қызметтес болдым. Ол кісі жылы қарсы алып, барлық жағдайымды сұрап біліп болғаннан соң кітапхана жұмысының жүйесімен толық таныстырып, біраз күн бейімделуге мүмкіндік берді. Одан әрі жұмыстарымның барысын байқап көріп, дұрыс жағын құптап, қателігімізді түзеп, ақырындап талабын күшейте түсетін еді. Кітапхана жұмысының барлығын өте жақсы меңгерген басшы еді. Әр түрлі семинар, конференцияларға жас мамандарды өзімен бірге ертіп барып жүретін. Москва, Ленинградтағы әріптестермен хат-хабар алысып, жаңалықтарды енгізіп отыратын. Жұмыстан басқа да жеке шаруаңды түсініп, қол ұшын бергісі келіп тұратын. Мен ол кісіні өзіме ұстаз тұтамын. Себебі кітапхана ісіндегі барлық тәжірибемді сол кісіден алдым деп айта аламын. Нағима апайдың менен басқа да облыс көлеміндегі аудандарда көптеген шәкірттері басшылық жұмыстар атқаруда.
Адал жар, сүйікті ана, аяулы әже Нағима
Нағима Жабайқызы тарихшы-өлкетанушы Құлтай Нұрқалбайұлымен 1969 жылы 7 қарашада шаңырақ құрып, өмірге Беріктей ұл, Ардақтай қыз әкелді. Балаларының әкесі Құлтай екеуі балаларына үлгілі тәрбие беріп өсірді. Отбасылары аяулы немеремен толығып, ата-әже атанды. Отбасы түгел жоғары білімді игерді, тарихшы-ұстаз, үлгілі кітапханашы, денсаулық сақтау саласы, тұтыну кооперативі, қаржы саласының мамандары.
Биыл жасы 80 –ге толар еді. Марқұм Нағима Жабайқызының жан-жары өлкетанушы, тарихшы, 17 кітаптың авторы Құлтай Нұрқалбаевтан марқұм апамыз туралы сыр тарттық.
— Құлтай аға, Нағима апай туралы айту, еске алу, әрине, сізге ауырлау тиіп, көңіліңізді босатуы мүмкін. Дегенмен де апайымыз өмірде бар болса, 80 жасын тойлап жатар ма едік?.. Марқұм апамызды еске алып, сізге қандай жар болғандығын, қоғамдағы орны туралы айтып берсеңіз.
— Ее, қарағым-ай! Нағима менің өмірімнің гүлі еді ғой, — деп бастады ақсақал сәл төмен қарап отырып, Мұқағалидан бір шумақ өлең жатқа оқыды:
Әйелсіз үй, әйелсіз күн
бекер ғой,
Әйелменен әлем сұлу екен ғой.
Адам біткен аңсап жүрген
жылылық,
Әйелдердің қабағында
екен ғой…
— Біз Нағима екеуіміз 1969 жылы отбасын құрдық. Керемет жарасымды, жақсы жұп болдық. Жар таңдаудан қателеспегенімізге екеуіміз де жаратушыға шүкір, тәубә деп келдік. Өте сыйласымды, бір-бірімізге түсіністікпен өмір кештік. Өмірге екі бала әкелдік, оларды ержеткізіп, жоғары білім алуына ықпал еттік. Иә, жастықпен, жолдастармен бірге жүріп, үйге қатты қызу күйде келген кездерімде әйелдікке салып, кейбір әйелдер сияқты қатты сөйлеп, мінез көрсетпейтін. Керісінше түріме бір қарап қойып, мені жәйлап жатқызып, түннің бір уағында тұрған маған тамақты жылытып беретін еді. Содан бір 2-3 күн өткенде жақсы бір көтеріңкі көңіл күйде отырғанда барып: «Өткендегі ісіңізді қарамағыңыздағы адамдар көрсе ұят болады ғой, абай болыңыз», — деп қана қоятын. Содан кейін 4-5 ай ондай мәселе қайталанбайтын еді.Марқұм апаларың өте көрікті әйел болды. Әсіресе ақжарқын, ақкөңіл мінезімен көңілді сәттерінде тіпті шырайланып кетуші еді, — деп ақсақал көзіне жас алды. Өмірлік жолдасы, жан-жары болған марқұм апайды қатты сағынғандығы бар болмысымен көрініп тұрды.
Құлтай ақсақалдың әңгімесін тыңдай отырып, «егер бұл кісі ақын болғанда мынадай өлең шумақтары туар еді–ау!» — деп, ақсақалдың сағыныш сезімі әсер еткеннен төгілген төмендегі жыр шумақтарын ұсынуды жөн көрдім:
Жайнаған өмірімнің гүлі еді,
Жаны сұлу ақжарқын жүзді еді.
Көрік беріп қасымда,
серік болып,
Таң жұлдызы Шолпандай жүріп
еді.
Өзіңмен қызық қуған көктемімді,
Бірге болған еске алып
өткен күнді.
Сені ойлаумен жағаға
келіп қалып,
Таба алмай тұрғандаймын
өткелімді
Сағындым! Сағындым-ау,
Нағимашым!
Сен менің мәңгі өшпес
жадымдасың.
Бар болсаң келер едің
80 жасқа,
Рухың сөнбей,
лаулап жалындасын!
Нағима апамыздың жаны жәннәтта иманы жолдас болғай! Әмин!
Сембек Әбді-Рахман
«Алатау»
