Қазақ салт-дәстүрінде сәлемдесе білу үлкен өнеге
Жақында автобустан түскен бір жас жеткіншек қыз оны
аялдамада тосып тұрған құрбысымен кездескенде еріндерімен өбісіп сәлемдесіп жатты. Ойланып қалдым. Жастардың амандасу тәртібі өзгерген бе? Біздің кезімізде бас изеп қана амандасушы едік… Дәл сол кезде автобусқа мінген оқушы бала салонда отырған кластасы болу керек, онымен амандасқанда қол алысып, құшақтасып, бір-біріне иықтарын сүйкесіп болған соң сабақ туралы сұрасып жатты. Тағы да ойланып қалдым. сол кезде есіме президент Тоқаевтың сәлемдесу әдебі туралы пікірі түсті. Шынымды айтсам, ол кісі сол сәлемдесу әдебін айтқаннан кейін осы туралы ереже не тәртіп орнататын қаулылар немесе үкімдер қаптайтын шығар деген ойлар да болмай қалған жоқ. Бірақ ойлана келе түйгенім — сәлемдесу әдебін ұлттық ерекшеліктерімізді ескере отырып зиялы мемлекетіміздегі өмір сүріп жатқан азаматтарға қажет жаңа этикет ретінде енгізетін ережеге айналдыру керек сияқты. Өйтпеген күнде, жасыратыны жоқ, кейде өрескел амандасулардың түрін көріп жатырмыз. Сонымен, президент не деді?
Қоғамда жаңа ұлттық сәлемдесу
мәдениетін қалыптастыру қажет
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың жаңа жүріс-тұрыс мәдениеті мен қоғамдық әдеп қалыптастыру бастамасына тоқталып, ұлттық салт-дәстүрге сай ұстамды болудың маңызын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. «Казахстанская правда» газетінің тілшісі Юлия Магер Құрылтай сайлауында дауыс беруге келген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа сауал қойды: «Сіз баяндамаларыңыздың бірінде азаматтардың жүріс-тұрысының жаңа мәдениеті мен жаңа қоғамдық этика қалыптастыру жөнінде айтқан едіңіз. Сіздің бастамаңызды бірқатар танымал азамат іліп әкетті. Көбінесе ұлттық тәлім-тәрбиеге сай ұстамды, адамды құрметтей білетін қасиеттерге арқа сүйеуіміз қажет екені айтылып жүр. Өзгелерге құрмет, заң мен тәртіпті сақтау, өзіңді сыйлау және жауапкершілік таныта білу азаматтарымыздың күнделікті дағдысына айнала ма?»
«Білсеңіз, бұл іске өзім бастамашы болдым. Науқанға емес, нақты іске. Өйткені жастардың, егде адамдардың жүріс-тұрысына қарап, байырғы дәстүрлі құндылықтарымызға оралу қажет деген шешімге келдім. Ер адамдардың бір-бірін құшақтап, сүйіп амандасуы, сәлемдесу барысында әйелдердің еркектерді, еркектердің әйелдерді бетінен сүюі дұрыс емес. Біздің салт-дәстүрімізде мұндай ешқашан болмаған. Әсіресе, әскери форма кигендердің, генералдардың осылай істегені көзге оғаш көрінеді. Бұл не масқара? Кеңес Одағы маршалының, Дүниежүзілік соғыста, Ұлы Отан соғысында жеңіске жеткен маршалдардың осындай қылық көрсеткенін елестете аласыздар ма? Еркектер қолының ұшын ұстата салмай, қолды қаттырақ қысып амандасуы керек. Сәл жымиса ғана жеткілікті. Әрқашан солай болған. Тіпті, осы адамды көргеніңізге шын мәнінде қуанышты болсаңыз, оң қолыңызды кеудеңізге қойып амандасыңыз. Өмірде мұндай жайт жиі кездеседі. Сондықтан мен жаңа жүріс-тұрыс әдебі туралы мәселе көтердім. Жалпы, бізге тазалық, тәртіп мәдениетін дәріптеу керек. Қолымыздан келмейді деп кім айтты?! Біз де жасыл желекті жақсы көреміз. Қазір Астанада, басқа қалаларда, аудандар мен облыстық маңызы бар шаһарларда оң өзгерістерге куә болып жүрсіздер. Біз өңір басшыларына жоғары талап қойдық. Осы іспен түпкілікті айналысамыз. Өйткені тазалық дегенді тура мағынасында ғана емес, ой-сананың, жан дүниенің тазалығы деп түсінген жөн. Белгілі тұлғалардың бірі айтқандай, ой тазалығы бой тазалығымен де ұштасқаны жөн. Яғни біз мәдениетті, таза ұлтқа айналуымыз керек. Сонда ғана күллі әлемге таныламыз», – деді Тоқаев.
Ия, президент айтқан жайларды күнделікті тұрмыста бәріміз көріп жүрміз. Кең байтақ жері бар қазақ елінің әр аймағында «әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» демекші, сәлемдесу рәсімдері әрқалай. Оған қоса соңғы кездегі алыс-жақын мұсылман елдерінен бізге келген әдептердің де «жұғысты» болып жатқандарының бірі – ер адамдардың бірін-бірі сүйіп амандасуы. Сондай амандасулар әйелдер арасында да жеткілікті. Сүйіскің келмесе де ернін сүйкеп амандасу әдетке айнала бастағандай. Сондықтан амандасу этикетін балалар тұрмақ алдымен үлкендерге де үйренген жөн сияқты.
Осы ретте есімізге пандемия кезінде президент Қ.Тоқаевтың шетел басшыларымен кездесуде қол алысып емес, ізетті түрде оң қолын жүрегіне қойып, басын ізетпен иіп амандасқаны көп нәрсені байқатады. Бұл дегеніңіз ереже емес, адамның ішкі мәдениетінің жоғары деңгейде екендігінің белгісі! Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Брежнев атамыздың шетел басшыларымен кездесулерінде амандасуы сол — құшақтап тұрып бас салып ернінен сүйетінін айтсаңызшы! Күлкілі, әрине. Бірақ ол кезде СОКП-ны басқарған Бас хатшыға ақыл айтуға болмайтын кез шығар…
Күнделікті құшақтасу –
қазақтың дәстүрі емес

Сәлемдесу әдебі туралы президент Қ.Тоқаевтың пікірі жұртшылық арасында кеңінен тарап, оған пікір білдірушілер болмай қалмады. Қарапайым қара халық та, зиялы қауым өкілдері де кеңінен талқылап, бірі қолдап жатыр, бірі пікір қосып жатыр. «Әдебиет кз» порталында зиялы қауым өкілдері де өз көзқарастарын ортаға салған екен.
Қаламгерлердің пікірінше, амандасу – жай ғана күнделікті әрекет емес, халықтың мәдениеті мен тәрбиесін, үлкенге құрмет пен кішіге ізетті білдіретін дәстүр. Ал құшақтасып, бет түйістіріп амандасудың да өз орны мен жөні болуы керек.
Қаламгер-журналист Мереке Құлкенов Президенттің сөзі көптен бері ойында жүрген мәселені қозғағанын айтады. Оның пікірінше, қазақтың дәстүрлі амандасу әдебінде адамның жасына, жынысына және үлкен-кішілігіне қарай қалыптасқан өзіндік жөн-жосық болған. «Бүгінгі Құрылтай сайлауында Президент дауыс беріп шыққаннан кейін журналистердің сұрақтарына жауап берді. Сол сұхбаттағы бір мәселе мені қатты ойландырды. Ол – өзіміздің амандасу дәстүріміз. Шынында да, қазақ бір-бірімен қол беріп амандасқан. Жасы кіші адамдар үлкен кісілерге «Ассалаумағалейкүм» деп, иіліп, қолын кеудесіне қойып сәлем берген. Қыз балалар үлкендерге ізет білдіріп, келіндер алыстан сәлем салған. Міне, бұл – біздің дәстүріміз. Ал қазір жасы ма, қария ма, қыз ба, қарындас па – бәрі келіп құшақтасып амандаса береді. Кейде бұл ыңғайсыз көрінеді. Президентіміз осы мәселені дер кезінде айтып отыр деп ойлаймын. Біз ата-бабамыздан қалған амандасу дәстүрін қайта жаңғыртуымыз керек», – дейді Мереке Құлкенов. Оның айтуынша, қазақ дәстүрінде құшақтасып көрісудің де өзіндік орны болған. Оны күнделікті сәлемдесумен шатастырмаған жөн.
«Қазақ бұрын да құшақтасқан. Бірақ алыста жүрген, айлап немесе жылдап елін көрмеген адам туған жеріне, үйіне оралғанда ең жақын адамдарымен құшақтасып амандасқан. Бұл – басқа нәрсе. Бұл күнделікті амандасу емес, сағыныштан туған қауышу. Адамдар бірін-бірі қатты сағынғандықтан құшақтасқан. Сондықтан оның да өз реті бар. Біз кейде өзімізге қатысы жоқ мәдениеттерден келген дүниелерді тез қабылдап кетеміз. Бір-бірімен сүйісіп, орынсыз құшақтасып амандасу сырттан қараған адамға да ыңғайсыз көрінуі мүмкін. Президенттің осы сөзі мені қатты ойландырды. Қазақ қоғамы да бұл мәселеге мән беріп, амандасу мәдениетіне қайта қарайды деп ойлаймын», – деді қаламгер.
Әдебиеттанушы Хансейіт Әбдезұлы Президент сұхбатында айтылған амандасу дәстүріне қатысты пікірді қолдайтынын жеткізді.
«Президентіміздің бүгінгі сұхбатында айтылған ой-пікірлерге, ұсыныстар мен толғамдарға толық қосыламын. Бүгінгі сайлау, еліміздің болашағы туралы айтылған пікірлердің барлығы маңызды. Соның ішінде өзіміздің сәлемдесу дәстүріміз, амандасу, ата-бабамыздан келе жатқан жолымыз, амандық-саулық сұрасуымыз туралы айтылған ойларға ерекше назар аудардым. Президенттің бүгінгі сұхбаты мені қатты ойландырды. Амандасу мәдениетіне қатысты айтылған пікірін толық қолдаймын», – деді әдебиеттанушы.
Ақын, драматург Нұрлан Оразалин: «Амандасудың да өзіндік әдебі бар», — дейді, амандасуды адамдар арасындағы құрмет пен ықыластың көрінісі деп бағалайды. Оның айтуынша, қазақ қоғамында амандасуға да, көрісіп-қауышуға да ежелден ерекше мән берілген. «Адамзат баласының бір-бірімен амандасуы – адамға тән, адамға жарасатын қарым-қатынастың, бір-біріне деген құрметтің белгісі. Сондықтан амандасу – адамның адамға деген құрметінің, ықыласының көрінісі. Қазақта амандасуға, жақын адамдардың көрісуіне ерекше мән берілген. Адамдар кездескен кезде қол береді, ықыласпен амандықтарын білдіреді, хал-жағдайын сұрайды. Қазақтың дәстүрлі қоғамында, әсіресе Наурыз мерекесі қарсаңында Көрісу күні бар. Көрісу – шын ниетпен елге, жерге амандық тілеп, жақсы тілек білдіруден туған дәстүр. Сондықтан осы жердегі ара-жікті анық ажыратып алуымыз керек», – дейді Нұрлан Оразалин.Оның пікірінше, кейінгі жылдары сәлемдесу мәдениетінде қазақтың дәстүрлі болмысына үйлесе бермейтін әрекеттер де қалыптаса бастаған. «Кейінгі жылдары кейбір дүние қатты өзгеріп кетті. Жігіт пен жігіттің құшақтасып, сүйісіп жатуы, қыздардың ер адамдармен құшақтасып, сүйісіп амандасуы – мұның бәрі адамға қаншалықты жарасымды деген сұрақ туғызады. Осы тұрғыдан алғанда, Президент бүгінгі сайлау кезінде берген сұхбатында ұлттық болмысымызға, рухани келбетімізге жат кейбір әрекеттерге қатысты ойын айтты. Амандасу керек пе? Әрине, керек. Қол беріп амандасайық, бір-бірімізге ықыласпен сәлем берейік. Ал көрісудің, құшақтасудың да өз реті, өз жөні бар», – деді ақын. Нұрлан Оразалин амандасу әдебіне қатысты әңгімені тек қазақ қоғамына тән мәселе ретінде қарастырмау керектігін айтады.
-Кейбір нәрселердің мәні бұрмаланып кетті. Тіпті Наурызда да бір-бірімен көріскен кезде құшақтасып, сүйісіп жатады. Қай жерде, қандай қарым-қатынаста болсын, оның өз жөні бар. Бұл жалғыз бізге ғана емес, бүкіл әлем халықтарына тән мәселе. Амандасудың да өзіндік әдебі бар. Біз сол әдептің жолынан шығып бара жатқандаймыз. Сондықтан Қазақстан қоғамы бұл мәселені белгілі бір дұрыс арнаға түсіріп, тағылымды, тәрбиелі, кейінгі ұрпаққа үлгі болатын дәстүрге айналдыра білуі керек. Президентіміз осыған қатысты ойын нақты айтты. Менің де бұл мәселеге байланысты ой-толғамым осы», – деді Нұрлан Оразалин.
Амандасу – әлеуметтік норма
Factcheck.kz сайтына пікір берген әлеуметтік ғылымдар докторы Динара Абилденованың айтуынша, амандасу салты ғылыми тұрғыдан әлеуметтік нормалар санатына жатады. Норма әлеуметтік сипатқа ие болуы үшін ол адамдар арасында ортақ қабылданып, олардың мақұлдауы немесе құптамауы арқылы белгілі бір деңгейде орнығуы тиіс. Абилденованың сөзінше, мұндай нормалар ылғи өзгеріске ұшырап отырған және әлеуметтің барлық тарабына біркелкі тарамаған.
«Кез келген жазылмаған ереженің заманның өзгеруіне байланысты, яғни түрлі институттардың ықпалымен өзгеріске ұшырауы заңды. Мысалы, гендерлік тұрғыдан алғанда, діни институт белгілі бір дәстүрлі нормаларға тыйым салуы мүмкін. Алайда мұндай тыйымды қабылдау және оны орындау әртүрлі болуы әрі қоғам мүшелері арасында біркелкі жүзеге аспауы мүмкін.»
Ғалымның айтуынша, біздің тарихымызда немесе этнографиялық еңбектерде белгілі бір амандасу салтының сипатталғанына сүйеніп, оның қазіргі уақытта да дәл солай орындалуы тиіс деген қорытынды жасауға болмайды.
«Мұндай жазбалар белгілі бір тарихи кезеңде, белгілі бір аймақта немесе белгілі бір ру-тайпа, қауым арасында адамдардың қалай амандасқанын сипаттайтын дерек ретінде қарастырылуы керек. Яғни олар сол кезеңдегі әлеуметтік практиканы көрсетеді, бірақ оның бүгінгі қоғам үшін міндетті норма екенін білдірмейді. Әлеуметтік норманың қалай сақталатыны, өзгеретіні немесе жаңа формаға ие болатыны қоғам мүшелерінің өзара келісуі, қабылдауы немесе құптамауы арқылы реттеліп отырады». Абилденова ойын түйіндей келе, Тоқаев президент позициясынан қоғамдағы бейресми нормаларға қатысты талап қоя алмайтынын айтты.
«Сондықтан президент адамдарға қалай амандасу керектігі жөнінде пікір білдірген жағдайда, оның бұл пікірді қай әлеуметтік рөлден білдіріп отырғанына мән беру қажет. Егер ол бұл пікірін ер адам ретінде, яғни жеке тұлға ретінде білдірсе, онда бұл оның жеке сенімі немесе жеке ұстанымы ретінде қарастырылуы мүмкін. Ал президент ретінде ол бейресми әлеуметтік нормалар саласына тікелей араласа алмайды. Оның ресми билік өкілі ретіндегі құзыреті, ең алдымен, ресми нормалар мен институционалдық ережелер шеңберінде көрінеді».
Қорыта келгенде,сәлемдесу этикетін бір ережеге тоғыстыру мүмкін емес – ол түрлі жағдайларға тәуелді — дейді сарапшылар. Олардың айтуынша, жалпы қазақи дәстүрлі этикет мінез-құлық ережелері мен нормалары ретінде ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрді жинақтайтын тарихи және мәдени қабаттарға негізделген. Ол жыныстық, жастық, әлеуметтік мәртебе, кәсіби, субмәдениеттік және басқа да айырмашылықтарды ескере отырып, құрылымдалған және сараланған коммуникативтік мінез-құлықты жеңілдетуге және анықтауға арналған. Десе де, қоғамға ортақ этикет қажет-ақ. Аманымыз түзу болсын, ағайын!
Баян Таңатарова
«Алатау»
