Әкім неге әкіреңдейді?
Ия. Мені шақыртқан Кербұлақ ауданының әкімі өз кабинетінде, аудандағы өзге де басшылар алдында «неменеге келдің ауданға, өсек жинап келдің бе?» — деп әкіреңдеді. Мен оған үндемедім. Өйткені өзімді сыйладым. Өз жасымды, одан үлкен екендігімді ойладым. Әкімнің әкіреңдегеніне шамдансам да ұстамдылық көрсеттім.
Ал жас та болса әркімге әкіреңдеп үйренген әкімнің әдепсіздігіне уақыт төреші. Оқырманға түсінікті болу үшін әңгімені ең басынан баяндайын.
Даудың басы — ауыз су
Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек кентінің бір топ тұрғындарынан келіп. түскен ауыз судың сапасына наразы болған өтініштерге байланысты газетіміздің №33 санында «Ел үшін әділет іздеген ана», «Су – тіршілік көзі десек те…» деген мақалалар жарияланды. Қ.К.Тоқаев:
Судың 40 пайызы далаға кетіп жататын кез болады
Тұрғындардың айтуынша, «Су неге жоқ?», «Су неге лай?», «Судан қоқыс шықты, құбыр бітеліп қалды», «Судың иісі, дәмі жаман, ішуге келмейді», «Бұрынғы құбырдан таза су келіп тұрған, бірақ көпке бармады», « Жаңа құбырдан келген су қашан дұрысталады?», «Свет неге өше береді?», «Қазылған жер тегістелмеді», «Мектепке баратын жол қашан жасалады?» деген сұрақтардың бәрі аудан басшылығында отырғандарға өтініш ретінде, сондай-ақ ватсапта сансыз сұрақтар қойылған жазба түрінде де, аудиожазбалар түрінде де жіберілген. Бірақ газетке келіп жатқан хабарламалар легі де әлі толастаған жоқ.
Сарыөзек тұрғындарының жанайқайын оқып, тыңдап отырып, шыдамадым. Еңбек демалысында жүрген бас редакторымызға хабарласып едім, ол кісі айтылғандардың анық-қанығын тексеріп келуге іссапарға шығуымды ұсынды.
Сарыөзекке іссапар
Журналистің негізгі міндеті шындыққа сүйене отырып маңызды оқиғаларды бақылау және деректерді анықтау, сондай-ақ ақпараттың шынайылығы мен анықтығына көз жеткізу болса, мен сол міндетімді арқалап Сарыөзек аудандық әкімдігіне бардым. Аудан әкімі Жүнісбеков Жанат Төлегенұлы жиналыста отырғандығын алға тартып, қабылдауға жазылуым керектігін хатшысына айтыпты. Облыс орталығынан әдейі келгенімді бұлдамай-ақ, мен әкім айтқандай қабылдауға жазылдым. Қабылдайтын күннен бір күн бұрын хатшы қыз келетін күнімді айтатын болды.
Әкімге кірудің реті болмаған соң, сонша жерден жол жүріп барғандықтан мәселенің неден туындап отырғандығының мән-жайын білу үшін Кербұлақ ауданы әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Күреңбел су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына (ары қарай «Күреңбел су» ШЖҚ МКК) ат басын бұрдым. Сағат кешкі беске жақындап, жұмыс уақыты біткендіктен, ешкімді жолықтыра алмадым. Сарыөзек кентінің әкімі сыртта шаруамен жүрген көрінеді, менімен телефон арқылы сөйлесті. Сұрақтарыма жауапты «ЖКХ-дағылар береді» деген соң, аудан әкімдігінде отыратын ЖКХ-ға соқтым. Мұнда да басшы орнында болмады. Сонымен, «Күреңбел су» да, «ЖКХ» да ертеңге қалды. Барған ісімді аяқтау мақсатында Сарыөзекте қонып қалдым.
Сапасы күманды ауызсу
Мен қонған үйдің иесі менің су мәселесімен жүргендігімді естіп, құбыр шүмегінен бір стакан су ағызып көрсетті. Сап-сары ма, қоңыр ма түсініксіз түстегі суды ішуге жарайды деп ойламайсың, жағымсыз иісі де бар екен. Суретке түсіріп алып, ертесінде аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне «Кәсіби сауал хат» апардым.
Осындай хатты 4 сұрақпен «Күреңбел су» ШЖҚ МКК басшысы – Рамазанов Саят Тәңірбергенұлының атына және 10 сұрақпен «Кербұлақ ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ-нің басшысы – Қасенов Ербол Серікұлының атына қалдырдым.
Редакцияға жолданған хаттар мен естіген әңгімелер негізінде сарыөзектік тұрғындармен кездесуді жөн санадым. Тегінде, жол-жөнекей такси жүргізушісі де, басқа жолыққан адамдар да Сарыөзек суының ішуге жарамсыз екендігін айтқан еді. Көпшілік суды дүкендерден сатып алып ішетін көрінеді. Көлігі барлар барған жерінен тасып әкеледі екен. «Сонда көлігі жоқтар немесе бір айлыққа, бір зейнетақыға қарап отырғандардың күні қандай болғаны?» деген сұрақ еріксіз туындады.
Тұрғындармен кездесу үшін Жетісу телеканалынан журналист шақырған, оған қоса аудан басшылығына барған адамдардың бір-екеуінің нөмірін тауып, хабарласып едім, өздерінде судың тоқтамай келіп тұрғандығын айтып, телефондарын өшіре салды. Судың сапасын сұрап үлгермедім. Соған қарағанда «ешкімге ақпарат берілмеуі керек» деген нұсқау болар деп шештім.
Менімен жолығуға келіскен Байғабатова Бақтыгүл ананың әділеттік көксеген көңіл толқынысын газетіміздің №33 санында оқыған боларсыздар. Сол біз екеуміз жолыққан жерде күзетте тұрған тұрғын да біздің әңгімемізге құлақ түрген болуы керек, жанымызға келіп, Сарөзек Сарыөзек болғалы бесінші рет су құбырлары ауыстырылып жатқандығын айтты.
Әкімдерге сын айтқан Бақтыгүл ана «әкім — халыққа қызмет ететін адам» екенін қайталап айтып, бізге – «Алатау» газетіне ризашылық білдірді. Солай дей келе қарт ана іштегі жиналған мәселесімен де бөлісті:
— Бітпейтін дау, өспейтін адам деген сияқты жүрміз әлі. Жағдайға қарап, жыларыңды да білмейсің, күлеріңді де білмейсің. Тура сондай жағдай менің басымнан өтіп жатыр. Сотқа шақырып, менен жауап алғылары келген екен, мен бармадым. Сонда мені соттайын дегені ме? Не үшін? «Әкім бол, халқыңа жақын бол!» – дегенім үшін бе?
Менің бір сұрайын дегенім, менің сол бармай қойғаным үшін жауап беремін ба? Менде қорғаушы жалдауға қаражат жоқ, бір дұрыс заңгерді білмейді екенмін. Қоя қояйын десем, осы судың жыры — жыр болып жатқалы он төрт жыл болды. Адами көзқарас деген қайда?
Бала-шағамыз өсіп жатыр. Мен айтпасам, басқа біреу айтпаса, кім айтады? Өзімді өзім қолға алып жүріп жатқан жайым бар. Келіп, осы жағдайды білген сіздерге көп рахмет! Дендеріңіз сау, бастарыңыз аман болсын, бала-шағаларыңыздың қызығын көріңіздер! Жетісу облысының азаматтарының өміріне араласып, шындыққа атсалысып жүрген, өтірік айтпай, тұрғындардың сұранысын біліп, билікке жеткізіп жатқан сіздер аман болыңыздар! – деген үлкен кісінің ықыласына рахмет айтып, сабырға шақырғаннан басқа айтарымыз болмады.
Әкім журналистке: «Өсек жинап келдің бе?
Қыркүйектің бірі күні кешке қарай Кербұлақ ауданының әкімінің қабылдауына шақырған қоңырау келіп түсті. Артынша әйел адам хабарласып, алдындағы бір апта бұрын қалдырған «Сұрау хатқа» жауап дайындап жатқанын айтты.
Қыркүйектің екісі күні сағат 9.15-те Кербұлақ аудандық әкімдік ғимаратына келдім. Сол күн аудан әкімі тұрғындарды жеке қабылдайтын күн екен. Кезек маған келгенде ішке кіргізді. Ауданның бар атқамінерлері, яғни аудандағы барлық мекеме басшылары осында екен. Өзімнің «Алатау» газетінен көпшіліктің сұрауы бойынша су мәселесімен келген журналист екенімді айттым және «өткенде келгенімде түсірген едім» деп стақандағы судың суретін көрсеттім. Сол-сол еді аудан әкімі Жанат Төлегенұлы айқайға басып:
– Бізді тексеретін сіз кімсіз, СЭС-сіз бе әлде жоғары жақтан келдіңіз бе?
Тексеруге қандай құқыңыз бар? Мен сізді сотқа беремін, – деді.
Мұндайды күтпеген менің қапелімде аузыма сөз түспей, аңтарылып қалдым. Алдын ала ресми хат дайындап апарғаным абырой болды, әкімнің қолына соны ұстатып, жазбаша жауап беруін сұрадым.
Осыны ескерсек, мен ешқандай құқық бұзбадым. Баса-көктеп кірмедім, шақыртумен бардым. Дауыс көтермедім, тек ақпараттың өзім анықтаған тұстарын айттым.
Маған дауыс көтеруге әкімнің құқығы жоқ еді, әрі мемлекеттік мекемеде аудандағы барлық мекеме басшыларын жиып, жеке адамдарды өтініштері бойынша қабылдап жатқанда сабырмен тыңдап, мәселе шешу үшін отырғандығын ұмытпау керек еді.
Сол жерде әкім мені басқа бөлмеге ертіп барып, ағып тұрған құбыр шүмегінен су алып берді. Су алдындағыдай лай болмағанымен, алдында ауыз шайғандағы судың дәмі көңілімде қалып қойыпты. Сондықтан әкім ұсынған судан бір ғана ұрттам жұттым, аздап дәмі өзгеше.
Мен «Күреңбел су» ШЖҚ МКК ашқан «Күреңбел су» чатында жазылған дыбыстық хабарламаларды сол жерде отырғандарға тыңдаттым және елді шуылдатпай тұрғындардың сұрақтарына жауап беру керек еді дегенді айттым. Ондағылардың бірі «Басшылар чатта отырғандарымен оған кіріп, жазылғандарды оқып, айтылғандарды тыңдауға, жауап беруге уақыттары жоқтығын» айтты.
Аудан әкімі Жанат Төлегенұлы маған: «Елдің өсегін жинап келіп отырсың,» — деді. Мен: «Сонда бүкіл Сарыөзек жұртшылығы да, мен де өтірік айтып отырған болдық қой» дедім, стакандағы судың суретін көрсеттім. Әкім беті бүлк етпестен бұл суды әдейі лайлап алып түсірген шығар. Бәрі өтірік,» –деді.
Кім екені белгісіз сол жерде отырғандардың бірі: «Қазір су құбырын кезең-кезеңмен жасап жатырмыз, сондықтан да судың біраз лайлануы қалыпты. Құрылыс жасағанда да біткенше біраз тазалық болмайтыны сияқты ғой. Он бес күн ішінде су тазарады әрі тұрғындарға тоқтамай берілетін болады», – деді.
Менің сол жағымда отырған аудан әкімі қолындағы менің берген қағазымды столға бір ұрып: «Менің рұқсатымсыз кім сендерге жауап бер деді», – деп айқай салды. Маған кезек күтіп отырған адамдардың бар екендігін ескертіп, кабинеттен шығуымды сұрады және менің сұрақтарыма жазбаша жауап беретіндігін айтты. «Шабуыл жасау – жақсы қорғаныс» екендігін айтып, мен сыртқа шықтым…
Жауапсыз қалған «Кәсіби сұрау хат»
Журналист ақпаратты сұратуға, алуға және таратуға құқылы. Мемлекеттік органдар мен ұйымдар сұратылған ақпаратты беруге міндетті. Әрі журналист өз пікірін, көзқарасын білдіруге және кәсіби қызметін заң аясында еркін жүзеге асыруға құқылы. Сондай-ақ, ҚР Конституциясы Сөз және шығармашылық бостандығына, ақпаратты еркін алу мен таратуға кепілдік береді.
Аудан әкімінің қабылдауынан шыққан соң алдында қалдырған «Кәсіби сұрау хат» жауабын алуға ЖКХ-ға кірдім. Басшылары әкімнің жанында екен. Менен хатты қабылдап алған көмекші маман жауап жазылмағандығын айтты. Көмекші қыздың айтуы бойынша, «Кербұлақ ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ-нің басшысы – Қасенов Ербол Серікұлы алдына қойылған ресми хатты көрмеген болып шықты. Қағазды көмекші қолынан алып, әкімге қайта кіру үшін жоғарыға көтерілдім, бірақ мені кіргізбей, сол жердегі жауапты маман: «Негізінде жауап он-он бес күнде беріледі. Әкімге берген сауалыңызға жауап алғанда бұл сұрақтардың да жауабын аласыз», — деп, хатты алып қалды.
Менің іссапар жолдамама мөр басылғанмен, қол қойылмапты, оған аппарат басшысы қол қоятын көрінеді. Бір жігіт мені сол жерге ертіп барды, қол қойдырып алдым. Бірақ көңілім тыншымай, аудан әкімінің орынбасары Қабидолда Бақыткелді болу керек, сол кабинетке кіріп: «Су тазарды деп әкімдіктің суын көрсеттіңіздер, ал ел бүгін таңертеңнен бері тұрғындар чатында шулап жатыр. Кабинетте отыра бергенше, елді шулатпай, халықты жиып, бір ауыз жылы сөздеріңізді айтып, жағдайды түсіндірсеңіздер болар еді», — деген ескертпемді айтып кеттім, әйтеуір…
Енді ауданның жауапты шенеуніктерінен 15 күн мерзімге созылған жауап хат күтіп отырған жайымыз бар. Негізі, «Күреңбел су»-дан бір қыз хабарласып, «сейсенбі күні таксиден жауап жібереміз» деген, жоқ болды.
Ал оған дейін күзетші ағай айтпақшы су құбырлары бес рет ауыстырылса да, тұрғындар айтып отырғандай 14 жыл бойы жөнделмеген су 15 күнде әкімнің, «Күреңбел су» мен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мекемесі, аудандық санэпидстанция сияқты мекемелер жауабынан кейін жөнделе қояр ма екен? – деген күмәнді ой санадан кетпей тұр…
Құралай Мусанова
«Алатау»
