Қызылтастағы «Тасбақа» тарихи мекен мұрасы

0
27

          Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз керек. Елімізде қайталанбас табиғи және тарихи мекендер көп. Оның бәрін мұқият сақтап, жер жүзіне танытуымыз және теңдессіз тарихи нысандарымыз арқылы еліміздің туристік әлеуетін де іске қосу қажет» деген еді. Осы сөздің дәлеліндей, өткен сенбіде Талдықорған қаласының іргесіндегі тарихи мекен – «Қызылтас — Тасбақа» шатқалында абаттандырылған экопарктің алғашқы кезеңі ашылды.

Экопаркке кіреберісте лентаны кесу салтанатын Талдықорған қаласының әкімі Е. Бәзіл мен «Алтын Адам креативті орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Бакирова Динара Серікқызы бастап, соңынан сол жерден өткен велошеру көрінісі өте ерекше тартымды болды.
Экопарктің ашылуына Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл сөз сөйлеп, тарихи мекенді жаңғырту қаланың туристік әлеуетін арттырып, ішкі туризмді дамытуға жаңа мүмкіндік беретінін атап өтті. Ол: «Мемлекет басшысының сәйкес Жетісу облысында үш экопарк құру көзделген. Соның бірі – «Қызылтас.Тасбақа» экопаркі. Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың қолдауымен аумақты абаттандыру жұмыстары қолға алынып, бүгінде жобаның алғашқы кезеңі жүзеге асырылды. «Қызылтас . Тасбақа» экопаркін жаңғырту жұмыстары үш кезеңге жоспарланған. Биыл алғашқы кезең аясында демалушыларға арналған орындықтар, шолу алаңы, арнайы фотоаймақ пен санитарлық торап орнатылып, қоқыс жәшіктері қойылды.
Алдағы уақытта экопаркті дамыту жұмыстары жүйелі түрде жалғасады. Негізгі мақсат – тарихи мекенді қала тұрғындары мен қонақтары үшін ғана емес, шетелдік туристер үшін де тартымды туристік орынға айналдыру», — дей келе, қала әкімі Ернат Бәзіл тарихи аумақты сақтап, келешек ұрпаққа жеткізудің маңыздылығына да атап кетті.
– Бұл тарихи мекенді мемлекет қорғауына алу үшін үлкен жұмыстар атқарылды. 2024 жылы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың қолдауымен Тасбақа тау шатқалы мемлекет қорғауына алынды. Бүгінде ата-баба тарихымен танысамын деген әрбір азамат үшін бұл мекеннің маңызы ерекше. Сондықтан бүгінгі шараның тарихи әрі тағылымдық мәні зор. Біз – өткенін ұмытпайтын, тарихына құрметпен қарайтын халықпыз, – деп аяқтады сөзін қала әкімі.
Сондай-ақ, қоғам белсендісі, экожанашыры Динара Бакирова тарихи мекенді сақтау мен жаңғыртудың маңыздылығына тоқталып, экопарктің бүгінгі келбеті экобелсенділер мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысының нәтижесі екенін атап өтті.
Айта кетейік, «Тасбақа» шатқалы – көне тарихи мұраларға бай бірегей аумақтардың бірі. Мұнда 2 мыңнан астам петроглиф пен сақ дәуіріне тиесілі қорымдар орналасқан. Тарихшылар арасында бұл аумақ «Талдықорған петроглифтері» деген атаумен де белгілі көрінеді.
Осы алғаш ашқан қыз бен малшы екені айтылды. Көпшіліктің көңіл-күйі ерекше, таңданыс та, қуаныш та, шүкіршілік те байқалады. Осы шараға арнайы кәсіби параплан ұшқышы Ниязов Наилдің ұшып келуі көк аспанымыздың ашық екенін, еліміздің бейбіт өмірін паш еткендей әсер қалдырды. «Экопарктің» ашылу салтанаты командалық «Экоквест» ойындарымен, балалар арнайы дайындаған «Экодефиле» және «Тіл мерекесіне» арналған шаралармен жалғасты.
«Қызылтас» саяжайы аумағындағы «Тасбақа» тасы маңындағы экопарк орналасқан жерде ашылу салтанатына қажетті шаруалардың барлығы ретімен ұйымдастырылған екен. Арнайы орында билборд орнатылып, сөз сөйлеушілер мен жүргізушіге микрофон және дыбыс күшейткіш аппаратурасы қойылған. Әр жерде адамдар демалатын шатырлы орындар мен орындықтар бар. Күн батареясымен жанатын аспа шам орнатылыпты. «Алтын адам» қолөнершілерінің туындыларынан көрме ұйымдастырылған. Ас-су ішетін орын да бар екен.Ұйымдастырушылар келген жұртшылық үшін «Садақ ату» ойынының тиісті жарақтарын да әкеліпті. Балаларға бұл ойын тегін жасалды. Айналадағы төңкерілген тастардан көшіп бара жатқан тасбақаларды, жатқан ит, адам сұлбаларын байқауға болады. Тас беттеріне салынған суреттерден қазақтың оюының бір шеті көрінеді, енді бір жерде садақ суреті болғандай. Анықтап көз жүгірткен адам қызықты бейнелер тарих қойнауынан сыр шертіп бергендей әсер алары сөзсіз. Бір жерде «қазақ үйдің орны болған-ау?» деген ойға жетелейтін тізілген тастарды байқауға болады. Қысқасы, ашық аспан астындағы жабдықталған мұражай деуге тұрарлық көрініс. «Экопарк толықтай жұмыс істеуі үшін оның 2 және 3-ші комплексі, жарықтандыру және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, 2028 жылға дейін ашылады деп жоспарлануда», — дейді ұйымдастырушылар.
Ал енді осы ашылған экопарктің тарихи құндылығын айта отырып, облыс орталығынан қашық емес жерде орналасқан тағылым орнын кез келген қала тұрғыны қалай көре алады? Оған біз қалай жетеміз? Күзгі суықтарға дейін қала тұрғындарының «Тасбақа» экопаркіндегі тамаша көріністерді көру мүмкіндігі бар ма? Айтпақшы, туристерді жетектеуші гид бар ма? «Тасбақаға» әркім өз көлігімен жете ала ма немесе такси жалдап барамыз ба? Әлде туризм басқармасы туристік маршрут бағыттар ұйымдастыра ала ма? Балалардың алдағы күзгі, қысқы, көктемгі каникулдары кезінде «Тасбақаны» көруге мүмкіндіктері қандай? Ашылу салтанаты өзіме қатты ұнаған «Тасбақа» экопаркінен осы сұрақтарды арқалап қайттым. Суреттерді көрсеткенімде үйдегілер де, басқа қызығушы таныстар да маған осы төңіректес сұрақтар қойды. Сондықтан оларға жауап іздеуді өз міндетіме алып, қала әкіміне осы сұрақтарды жеткізсем деймін. Ол үшін, әрине, міндетті түрде қабылдауына жазыламын

Құралай Мұсанова

«Алатау»