Бүгін – нан күні

0
22

       Ал 2006 жылдан бастап 16 қазанда — Дүниежүзілік нан күні аталып өтіледі. Кейбір деректерде нан күнін атап өту 1945 жылы ауылшаруашылығы ғалымдарының бастамасымен бекітілген дейді. Ал біздің елімізде 2019 жылғы қыркүйекте Үкіметтің қаулысымен Қазақстан Республикасының мерекелік күндерінің тізбесіне толықтыру енгізілді, соған сәйкес 16 қазан — Нан күні болып белгіленді. Біз мұны ұмытпауымыз керек. Себебі астың ең қадірлісі — бір үзім нан.

         Сондықтан атам қазақ «ауыз ти» деп ұсынған наннан бір үзім нан жеу, ол — мағынасы мен мәні көп дәстүр. Нанның қасиеті: «Адам атамыз бен Хауа анамыз пейіштен қуылған кезде ит бірге ілесіп кетіп, сонда бидай иттің ұртында келген дейді. Итті «жеті қазынаның бірі» дейтін себебіміз — «адамзат сол иттің ырыздығын жеп жүр» деген бұрыннан келе жатқан аңыз бар. Бір таңданарлығы, жер бетінде басқа дақылдардың, жемістердің барлығының жабайы түрі бар. Мысалы, алманың, жуаның, сұлының дегендей, барлығының жабайы түрі табиғатта кездеседі. Бірақ бидайдың жабайы түрі жоқ. Сол себептен де, қазіргі тілмен айтсақ, бидайдың ғарыштан келгеніне иланасың. Шынымен, осы қисынға, «бұл жердің дәні емес, бізге бейнебір ғарыштан жеткен» дегенге біртүрлі сенгің келеді. Үйге келген кез келген адам асығыс болса да, өзге тамақтан емес, наннан ауыз тиіп шығады. Қазақтың «бір күн дәм татқан жерге қырық күн сәлем» дейтін сөзі осыдан келіп шыққан шығар.
Нанның киесі туралы, нанның ас ретінде қасиетті тағам екендігін ақындар да өлеңге қосып жырлаған. Мысалы, ақиық ақын Жұмекен Нәжімеденовтың нан туралы жазған өлеңдерінен тоқ адамның нан қасиетін түсінбейтін тұстарын айтады.
… Наным көп деп сөйлегенше шалықтап,
қолындағы кімнің наны — анықта.
Үзім нанда — тағдырлар бар, табан бар,
жан-терің бар, айналайын адамдар —
тоқпыз содан. Басқаша айту маған да ар,
Нан көп дейді нанын ақтамағандар…
Осы орайда енемнің соғыс жылдары әкесі әкелген, онсыз да аз, нанның бір үзімін жастығының астына тығып ұйықтайтын әңгімесі еске түсіп кетті. Сол нанды қолымен ұстап жатса ғана көзі ұйқыға кетеді екен. Ал Бейімбет Майлиннің әңгімесіндегі Күлпаш ше? Бір үзім нан үшін адам қандай қадамға баруға мәжбүр болған? Нанның қасиетіне келсек атам қазақ не түрлі тиым сөздер айтқаны белгілі:
— Нанды жерге тастамайды, үстінен аттамайды, үстіне ешбір затты қоймайды.
«Нанды баспа», «Нанды төңкерме», «Нанның үстіне зат қойма», «Нан бар жерде жан бар», «Нанды бір қолыңмен үзбе», «Ас атасы- нан», «Нан жеп отырған адамды орнынан қозғауға болмайды», «Дастарханда наны жоқтың — тамағының сәні жоқ»… Ал қазір ше? Нанды көгертіп, қатырып қана емес, жарамды нанды да қоқысқа тастайтынымыз өтірік емес қой?..
Баян Таңатарова

«Алатау»