Тіл үйрену талбесіктен басталады

0
22

  Қазақстанда мемлекеттік тіл қазақ тілі болып табылатыны Ата заңымызда жазылған. Ендеше мемлекеттік тіл – көпұлтты халықты топтастырып отырған еліміздің ұлттық бірлігінің негізі. Яғни, түрлі ұлт өкілдерін біріктіретін, елдің тұтастығын қамтамасыз ететін құрал. Тілді меңгеру арқылы ұрпақ елін, жерін сүйетін, отанын қорғайтын азамат болып өседі.

Тіл тек қатынас құралы ғана емес, ол халықтың тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі мен дүниетанымының, халымыздың ұлттық болмысының көрінісі. Ол арқылы ұлттың дүниетанымы, өмір сүру салты, мінез-құлқы, салт дәстүрі көрініс табады. Мәселен, қазақ тіліндегі «қонақжайлық, сыйластық, үлкенге құрмет, кішіге ізет» сияқты ұғымдар халқымыздың менталитетін көрсетеді. Тілді меңгеру арқылы бала осы құныдылықтарды түсініп ұлттық болмысын қалыптастырады. Демек, тәрбиенің өзегі болып табылатын ана тілін, қазақ тілін меңгеру арқылы бала халқымыздың бай ауыз әдебиетімен, мақал-мәтелдерімен, шешендік сөздерімен танысып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіреді.
Осы тұрғыда баланы бесіктен тәрбиелеу қажет. Өйткені, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, бала отбасында қандай жағдайда өссе сондай тағлым алады ғой. Өзімізге оңай болған соң, орысша сөйлей салуды дағдыға айналдырғандықтан, күнделікті өсіп жетіліп келе жатқан бала да өзінің санасына күндегі естіп жүрген сөздерді сіңіріп, жадында жаттайды. Сосын, тілі шығып, былдырлай бастағанда алғашқы сөздері «Иди», «Дай»дан басталып жататынын көріп те, естіп те жүрміз. Сондықтан, алдымен ана тілімізге айрықша мән беру әркімнің абзал борышы болуы керек емес пе. Қазақ тілімен қоса басқа тілдерді де қатар алып жүрген жандар көп қой.
Қазіргі өркениетті заманда жастардың көп тілді меңгеруіне қолайлы жағдайлар туғызылған. Ғаламтор желісі арқылы кез келген тілді үйренгісі келетіндерге онлайын сабақ беру жолымен қалаған тілін үйреніп, білуіне болады. Көп тілді меңгерген адам шет елдерге барып, саяхаттап, тынығып қайтқан кездерінде де оларға қиындық тумайтыны даусыз. Оның үстіне, шетелден барып, жоғары білім алуына да мүмкіншіліктері мол болары айдан анық. Дегенмен, өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте дегендей, алдымен ана тіліңді меңгеру асыл парызың екенін де ұмытпаған дұрыс қой. Ал, елімізде мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырып, қолдану аясын кеңейте түсу мәселесі күн тәртібінен түспей келе жатқаны да баршаға белгілі.
Тіл тағдыры-ел тағдыры, болашағымыз жарқын, егеменді елеіміздің еңсесі биік болсын десек, ана тілімізді тілімізді мақтан тұтып, одан әрі өрісін кеңейтіп, соңымыздан еріп келе жатқан келешек ұрпақ тілімізді тірек ететіндей, белсенді пайдалана отырып, мемлекеттік тілдің қолдану аясын дамытуда белсенді жұмыстар жасау бағыттарын ұсынғанымыз жөн.
Айнұр ОРМАШЕВА,

Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық

экономикалық сотының бас маманы-сот отырысының хатшысы