Ақсулықтардың тәтті түбір өнімі

0
35

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі тағам өнеркәсібі саласында жалпы құны 500 миллиард теңгеден асатын ауқымды инвестициялық жобалар тізімін дайындады – деп хабарлайды informburo.kz.
Бұл Президенттің сала сапасын арттыру және өнімділік көлемін ұлғайту туралы тапсырмасы аясында қолға алынуда.
Елімізде тамақ өндірісі қарқынды дамып келеді. Жалпы республика бойынша тамақ өндірісіндегі өсім шамамен 13,8%-ды құрады.

Жетісу өңірінде тағам өнеркәсібінің ішінде өнім өңдеу жағынан ірі кәсіпорындар санатына Көксу және Ақсу қант зауыттары жатады.
Ақсу қант зауыты («АқсуҚант» ЖШС) — Қазақстанның қант өндірісі саласындағы ең ірі және Көксуға қарағанда жас кәсіпорын болып есептеледі. Ол Жетісу облысы, Ақсу ауданы, Жансүгіров аудан орталығында орналасқан.
Зауыт алғаш рет 1967 жылы пайдалануға берілген. Сондықтан қант өндіруде 60 жылға жуық тәжірибесі бар кәсіпорын.

Жаңартылған кәсіпорын тіршілігі жанданды

Түрлі экономикалық қиындықтарға байланысты зауыт 10 жылдай жұмысы тоқтап тұрды. 2017 жылы мемлекет пен жеке бизнестің (соның ішінде «Жетісу» ӘКК) қолдауымен қайта іске қосылды. Театр киімілгіштен басталады демекші, тіршілігі қайта жанданған кәсіпорынның кіре берісіндегі жарқыраған металлдан жасалған зауыттың «АҚСУ ҚАНТ ЗАУЫТЫ / АКСУСКИЙ САХАРНЫЙ ЗАВОД» деп жазылған аты бірден көз тартып тұрады.
Жаңғырту жұмыстарынан кейін зауыттың негізгі корпусы ақ және сұр түсті қаптамалармен жаңаланған, көп қабатты, панорамалы терезелері бар заманауи индустриалды стильге ие болды.
Зауыттың алдында арнайы автотұрақ, күзет бекеті, сондай-ақ күзгі жиын-терін кезінде тонналаған тәтті түбірді қабылдайтын үлкен ашық қызылша жинақтау алаңдары мен техникалар жүретін кең жолдар орналасқан.
«АқсуҚант» ЖШС-ің бақылау кеңесінің төрайымы Лаура Бақытқызы Бергібаева ханымға жолығып, зауыт тіршілігі туралы бізді қызықтырған көптеген сұрақтарымызға мазмұнды жауаптар, мәліметтер алдық
          — Зауыт бір өндірістік маусымда қанша қант қызылшасын қабылдайды?
— Қазіргі уақытта «Ақсу Қант» зауыты тәулігіне 2000 тонна қант қызылшасын өңдей алады.
Алайда бір маусымда өңделетін қант қызылшасының көлемі зауыттың өндірістік қуатына ғана емес, ең алдымен, шаруалардың өсірген өніміне байланысты. Өйткені зауыттың жұмысы шикізат қорына тікелей тәуелді. Шаруа қожалықтары қант қызылшасын неғұрлым көп өсірсе, зауытқа соғұрлым көп шикізат жеткізіледі. Сәйкесінше, өндірістік маусым да ұзара түседі.
Қазіргі өндірістік қуатымен зауыт бір маусымда 270–300 мың тонна қант қызылшасын өңдеуге қауқарлы. Ол үшін кәсіпорын қажетті көлемде шикізатпен қамтамасыз етілуі тиіс.
Қазір зауытта өндірісті кеңейту және жаңғырту бойынша ауқымды инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында қант қызылшасын өңдеу қуатын тәулігіне 2000 тоннадан 6000 тоннаға дейін, яғни үш есе арттыру көзделген.
Жоба іске асқаннан кейін зауыт қажетті шикізат болған жағдайда бір маусымда 600–650 мың тонна қант қызылшасын өңдей алады.
Бұл тек өндіріс қуатын арттырумен шектелмейді. Зауыттың кеңеюі қант қызылшасы егілетін алқаптарды ұлғайтуға, шаруа қожалықтарын дамытуға, отандық ауыл шаруашылығы шикізатына сұранысты арттыруға және Қазақстанда қант өндірісін ұлғайтуға алғышарттар қалыптастырады.
Осылайша, кәсіпорынның алдағы дамуы қант қызылшасы шаруашылығының өркендеуіне және тұрақты шикізат қорын қалыптастыруға тікелей байланысты.
           — 2025 жылы қанша қант қызылшасы қабылданып, өңделді? Қанша құмшекер, шақпақ қант және басқа да өнімдер өндірілді?
— 2025 жылғы өндірістік маусымда «Ақсу Қант» зауыты 240 мың тонна қант қызылшасын өңдеді. Осы шикізаттан 20 мың тоннадан астам құмшекер өндірілді. Кәсіпорынның негізгі дайын өнімі – құмшекер. Зауытта шақпақ қант, яғни рафинад қант өндірілмейді.
        — Шикізаттан қант алу жолы қандай?
— Қант өндіру – бірнеше кезеңнен тұратын күрделі технологиялық процесс. Алдымен зауытқа жеткізілген қант қызылшасы қабылданып, топырақ пен басқа да қоспалардан тазартылады және жуылады. Содан кейін жұқалап туралып, жоңқаға айналдырылады. Диффузия әдісі арқылы оның құрамындағы қант алынады. Алынған шырын тазартылып, қоюлатылады. Одан әрі қант кристалдандырылып, кептіріледі.
Мұнда бір маңызды жайтты ескеру қажет: қант қызылшасының құрамында сахарозадан бөлек, су, жасұнық, минералды және басқа да табиғи заттар бар. Оның массасының едәуір бөлігін осы заттар құрайды. Сондықтан бір тонна қант қызылшасынан бір тонна қант алу мүмкін емес.
Дайын қанттың нақты шығымы қызылшаның қанттылығына, сапасына, сақталу жағдайына және өңдеу кезіндегі технологиялық көрсеткіштерге байланысты.
Құмшекерден бөлек, қант қызылшасын өңдеу кезінде жом мен сірне (меласса) алынады. Жом мал азығы ретінде пайдаланылса, сірне жемшөп ашытқысын, құрама жем және этил спиртін өндіруге шикізат ретінде қолданылады.
Бұл қосымша өнімдердің де шаруашылық маңызы зор. Олар ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің түрлі салаларында пайдаланылады.
       — Зауытта қанша тонна мал азықтық жом өндіріледі? Кәсіпорын тағы қандай қосымша өнімдер шығарады?
— 2025 жылы кәсіпорында шамамен 60 мың тонна сығымдалған жом өндірілді.
Жом қант қызылшасының жоңқасынан қант алынғаннан кейін түзіледі. Ол – құрамында жасұнық пен басқа да қоректік заттар сақталған өсімдік массасы.
Сығымдалған жом мал шаруашылығында, әсіресе ірі қараны азықтандыруда кеңінен қолданылады.
Қазіргі уақытта кәсіпорын жомды одан әрі өңдеу бағытын дамытып жатыр.
Алдағы өндірістік маусымда 16 мың тоннаға дейін түйіршіктелген жом шығару жоспарланған.
Ол үшін жом қосымша өңдеуден өткізіліп, кептіріледі және түйіршіктеледі. Нәтижесінде ылғалдылығы төмен, сақтауға, тасымалдауға және сатуға әлдеқайда қолайлы мал азығы алынады.
Сығымдалған жомның құрамында ылғал көп болғандықтан, оны қысқа мерзімде пайдалану қажет. Ал түйіршіктелген жомды тиісті жағдай жасалғанда әлдеқайда ұзақ сақтауға болады.
Сонымен қатар оны алыс қашықтыққа тасымалдау ыңғайлы. Бұл өнімді өткізу нарығын кеңейтіп, экспортқа шығуға мүмкіндік береді.
Қант өндірісінде алынатын тағы бір маңызды қосымша өнім – сірне немесе меласса.
Сірне – қант кристалдары бөлініп алынғаннан кейін қалатын қою шәрбат. Оның құрамында қант пен басқа да еріген заттар сақталады.
Сірне жемшөп ашытқысын, құрама жем және этил спиртін өндіруге шикізат ретінде пайдаланылады.
Осылайша, қант қызылшасын өңдеу арқылы нарықта сұранысқа ие бірнеше түрлі өнім алуға болады. Бұл бағыттарды дамыту шикізатты барынша толық пайдалануға және қант өндірісінің экономикалық тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
        — Кәсіпорында қанша адам жұмыс істейді?
— Қазіргі уақытта «Ақсу Қант» зауытында шамамен 500 адам еңбек етеді.
Олардың жартысына жуығы, яғни 250-ге тарта қызметкер – кәсіпорынның тұрақты жұмысшылары.
Қалған қызметкерлер маусымдық жұмысқа, негізінен қант қызылшасын қабылдау және өңдеу кезеңінде тартылады.
Мұндай жұмыс жүйесі қант өндірісінің маусымдық ерекшелігіне байланысты қалыптасқан.
Қант қызылшасын өңдеу науқаны кезінде зауыт қарқынды жұмыс істейді. Осы уақытта технологиялық желілердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, шикізатты қабылдау және өзге де өндірістік міндеттерді орындау үшін қосымша жұмыс күші қажет болады.
Дегенмен зауыттың жұмысы қант қызылшасын өңдеу маусымымен ғана шектелмейді. Маусымаралық кезеңде жабдықтарға техникалық қызмет көрсетіліп, жөндеу жұмыстары жүргізіледі және келесі өндірістік науқанға дайындық жасалады.
Осылайша, кәсіпорын өңір тұрғындарын тұрақты әрі маусымдық жұмыспен қамтамасыз етіп, өңір экономикасында маңызды орын алады.
          — Зауыт жұмысшыларының жалақысы қанша?
— Кәсіпорында еңбекақы төлеу мәселелері Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес, зауыттың ішкі кадрлық және қаржылық саясаты негізінде реттеледі.
Қызметкерлердің нақты жалақы мөлшері мен еңбекақы төлеудің ішкі шарттары жария етілмейді.
Сонымен қатар жұмыс орындарын сақтау, жалақыны уақытылы төлеу және тұрақты еңбек ұжымын қалыптастыру зауыттың кадр саясатының негізгі басымдықтары болып қала береді.
Қант өндіру барысында қандай зертханалық зерттеулер жүргізіледі?
Қызылшаның қанттылығы қалай анықталады және әк не үшін қолданылады?
Зертханалық бақылау – қант өндірісінің ажырамас бөлігі. Ол қант қызылшасын зауытқа қабылдаудан бастап, дайын өнімнің сапасын тексеруге дейінгі барлық негізгі технологиялық кезеңде жүргізіледі.
Қант қызылшасының қанттылығы қалай анықталады?
Зауытқа жеткізілетін шикізат сапасының ең маңызды көрсеткіштерінің бірі – қанттылық, яғни қызылша құрамындағы сахарозаның мөлшері.
Бұл көрсеткіш арнайы зертханалық жабдықтардың көмегімен анықталады. Сынама алу және талдау жүргізу жұмыстары белгіленген әдістемелер мен қолданыстағы ГОСТ стандарттарының талаптарына сәйкес орындалады.
Қызылшаның қанттылығы шикізатты қабылдау кезінде ғана емес, оны өңдеу барысында да тексеріледі. Атап айтқанда, диффузия кезеңіне жіберілетін қызылша жоңқасы зерттеледі.
Бұл зауытқа келіп түскен шикізаттың сапасын бағалауға және қантты бөліп алу процесінің тиімділігін бақылауға мүмкіндік береді.
       — Қант шырынының сапасы қалай бақыланады?
— Қант қызылшасы жұқалап туралғаннан кейін оның құрамындағы сахароза диффузия әдісімен алынады. Осылайша диффузиялық шырын түзіледі.
Алайда бұл шырынның құрамында сахарозадан бөлек, суда еріген түрлі органикалық және минералды заттар болады. Қант өндірісінде олар қантсыз қоспалар деп аталады.
Сондықтан шырынды одан әрі өңдемес бұрын тазарту қажет.
Технологиялық процесс барысында зертханада шырынның негізгі физикалық-химиялық көрсеткіштері тексеріледі. Атап айтқанда, құрғақ заттардың мөлшері, тазалығы, қышқылдығы және технологиялық талаптарда белгіленген басқа да параметрлері бақыланады.
        — Қант өндірісінде әк не үшін қолданылады?
— Бұл жерде көпшілік арасында кездесетін бір қате түсінікті нақтылап өткен жөн. Әк дайын қантты ағарту үшін емес, қант шырынын құрамындағы қантсыз қоспалардан тазарту үшін қолданылады.
Әк шырынды тазартудың дефекация деп аталатын технологиялық кезеңінде пайдаланылады.
Шырынды әк сүтімен өңдеу оның құрамындағы қажетсіз заттардың бір бөлігін бөліп шығаруға мүмкіндік береді.
Қолданылатын әктің мөлшері өңделетін қант қызылшасының сапасына, шырынның құрамына және белгіленген технологиялық режимге қарай анықталады.
Барлық өндірістік жағдайға бірдей қолданылатын нақты мөлшер жоқ. Өйткені шикізаттың құрамы мен сапасы әртүрлі болуы мүмкін.
Шырын тазартылғаннан кейін әк қайда кетеді?Әкпен өңделген шырын келесі технологиялық кезең – сатурациядан өтеді. Бұл процесте көмірқышқыл газы қолданылады.
Химиялық реакция нәтижесінде кальций карбонатының тұнбасы түзіледі. Ол қантсыз қоспалардың бір бөлігін байланыстырып, оларды шырыннан бөліп шығаруға көмектеседі
Одан кейін шырын сүзіледі. Осы кезде түзілген тұнба шырыннан ажыратылады.
Тазартылған шырын әрі қарай қоюлатылады. Кристалдану процесінде одан сахароза кристалдары бөлініп алынады. Олар кристаларалық ерітіндіден ажыратылып, кептіруге жіберіледі.
Демек, әк – қант шырынын тазарту үшін қолданылатын технологиялық реагент. Ол дайын қанттың құрамына қосылатын ингредиент емес.
Ал дайын өнімнің сапасы мен қауіпсіздігі технологиялық талаптарды қатаң сақтау және тұрақты зертханалық бақылау арқылы қамтамасыз етіледі.
       — Дайын қанттың сапасы қалай тексеріледі?
— Өндірістің соңғы кезеңінде зертхана дайын құмшекердің сапасын тексереді.
Зерттеулер белгіленген әдістемелер мен қолданыстағы ГОСТ стандарттарының талаптарына сәйкес жүргізіледі.
Атап айтқанда, қант құрамындағы сахарозаның мөлшері, ылғалдылығы, түс көрсеткіші және стандарттарда белгіленген өзге де сапалық сипаттамалары бақыланады.
Осылайша, зертханалық бақылау өндірістің барлық кезеңін қамтиды: зауытқа жеткізілген қант қызылшасының сапасын бағалаудан бастап, дайын өнімнің белгіленген талаптарға сәйкестігін растауға дейін.
Технологиялық процестерді жүйелі түрде сақтау және зертханалық бақылауды үздіксіз жүргізу кәсіпорынға шығарылатын өнімнің сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Автордан: Лаура ханым, сіз көп жылдан бергі мол тәжірибелі маман ретінде Ақсу қант зауыты туралы жақсы мәліметтер бердіңіз. Бізді қызықтырған көптеген сұрақтарға берген жауабыңыз арқылы қант қызылшасын өңдеу технологиясындағы қызықты деректерден хабардар етіп, біздің де сауатымызды көтердіңіз. Ол үшін Сізге көп рахмет! Әрқашан ісіңізге сәттілік тілеймін! Сөз соңында Ақсу қант зауытының жұмысшылары, қызметкерлері және еңбек ардагерлерін келе жатқан кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуде сіздердің еңбектеріңіз ұшан-теңіз. Қант қызылшасын өңдеу мен сапалы өнім өндіру жолындағы қажырлы еңбектеріңіз бен жоғары кәсібиліктеріңіз әрқашан зор құрметке лайық.
Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, өндірісте толағай табыс пен жаңа жетістіктер тілейміз! Төл мерекелеріңіз құтты болсын !
Сембек Әбді-Рахман

«Алатау»