Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан

244

Мұғалім – мамандық болса,  ұстаздық адам бойындағы ұлы қасиет.   Ұстаз мәртебесінің артуы,  ең алдымен ұстаз деген есімге қаншалықты лайық болуына байланысты. «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» дейді емес пе?! Ұстаз қашанда  шәкіртінің  белгілі бір дәрежеге жетіп,  сарп еткен еңбегін нәтижемен көрсеткенін қалайды.  Сондай бір керемет,  шәкірт тәрбиелеуде барын,  жанын салып,  өзінің бар білгенін жас жеткіншектерге үйретіп жүрген  оқытушы   – Айбол  Құдайбергенов.

Еліміздің өнер және мәдениет саласына үлкен үлес қосып жүрген әрі әнші, әрі күйші, композитор, тмультиаспапшы  Айбол  Құдайбергенов   Алматы облысына қарасты  Райымбек ауданының  Нарынқол ауылының  тумасы. 1998 жылы Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжін (домбыра),  2003 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын (шертер),  2009 жылы  Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының  аспирантурасын (шертер) тәмамдаған.  Содан кейін Адырна»,  «Қобыз сарыны»,  «Сазген» фольклоры-этнографиялық ансамблінде әртіс және «Талдықорған әуендері» ансамблінде жетекшілік қызметтерін атқарды.

Мамандығына шынайы  берілген  кейіпкеріміз  жүрген жерінде қазақтың ұлттық аспабы домбырасын қолына алып, ән-күйін орындап, тіпті, көне аспаптарды үнемі   жаңғыртып  келеді.

– Қазақтың музыкалық аспаптары өте көп. Домбыра, шертер, жетіген.  Бұлар ішекті шертпелі болса, ал қобыз, нар-қобыз, сазген – ішекті ысқышты болып келеді. Сыбызғы, сазсырнай үрмелі аспаптар қатарына жатады. Ұрмалы аспаптар дауылпаз, даңғыра,  кепшік деп кетеді.  Шаңқобыз тілшелі тобына кіреді. Кез келген  аспаптың үнін естігенде елең етпейтін  жан  жоқ. Сонау заманнан бері  халықпен бірге жасап келетін,  ата-бабаларымыз қолданған аспаптарды ұмытпауымыз керек. Ал домбыра  аспабын қазақ халқы  қайғыда да,  қуанышта да қолынан  түсірмеген. Оның сыңғырлаған қоңыр үні халқымыздың тарихын, салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын ұрпақтан-ұрпаққа әуенмен жеткізіп келеді,  – дейді музыка маманы.

Бүгінде Айбол Құдайбергенов «Мейірім» шығармашылық орталығында «Домбыра» үйірмесінен балаларға сабақ беруде.

– Оқу жылы басталғаннан бері «Мейірім» шығармашылық орталығында «Домбыра» үйірмесінде балалармен жұмыс жасап келемін. Орталық 4-18 жас аралығындағы балаларды қабылдайды. Қазіргі уақытта 20-дан астам  оқушым бар. Аптасына үш рет сабақ өткіземін. Бізде де мектептегі бағдарлама секілді, жылдық жоспармен жұмыс жасаймыз. Үйірмедегі балалардың  барлығы бұрын қолына домбыра ұстап көрмеген. Дегенмен,  шәкірттерімнің жақсы нәтижеге қол жеткізуі үшін  аянбай тер төгіп келемін.Үлкен байқауларға қатысып, жүлделер алып, болашақта әнші, күйші, композитор болып, ең бастысы халықтың қалаулысы, сүйіктісі болса, мен үшін бұдан артық бақыт бар ма? – деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.

Қандай сала болмасын әр адамның өз мамандығына байланысты оған қойылар талабының жүгі ауыр.  Дегенмен, шәкірт тәрбиелеудің жолы  өзгеше ғой. Қаншама баламен бірге жұмыс істеп, оларға үлкен күш салу әркімнің қолынан келе бермейді.  «Жақсы адам – Алланың нұры» дейді. Жақсылық атаулыны ішкі жан дүниесімен қабылдап,  бойындағы сезімді,  жасампаздық пен шығармашылықты шәкірт  бойына дарыта білген  Айбол Қайратұлы өзінің біліктілігімен, білгірлігімен өзгелерге үлгі.

– Тіл көзім тасқа, бізде  ұжым өте ұйымшыл. Мен айтар едім, бізде жоғары санаттағы мұғалімдер сабақ береді.  Әр мұғалімнің жетістігіне бәріміз қуанып отырамыз. Жарысқа, байқауларға қатысып жатса, барынша қолдау көрсетеміз. «Баласы бәйгеге  шапса, анасы үйде отырып тақымын қысар» дегендей, бізде оларға тілекші болып отырамыз. Газет бетіне, теледидарға шығып жатқандары да біз үшін үлкен мәртебе. Жаңа жылдың қарсаңына орай орталығымыздың басшысы Гүлмира Қуанышқызы оқушылар мен мұғалімдерге сыйлық жасады. Адамға керегі  ең бастысы көңіл ғой, барлығымыз қуанып, мәз болып қалдық. Сол секілді балаларды да ынталандыру мақсатында неше түрлі сыйлықтар жасап жатырмыз. Ол үшін ешқандай қиындық тудыратын нәрсе емес, қарапайым ғана шарттарды орындаса болғаны. Мысалы: сабақтан қалмау, үй тапсырмасын уақытылы орындау деген секілді. Кішкентай марапат пен сыйлықтың өзі оларға үлкен қуаныш сыйлайтыны сөзсіз.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден  балаға» дегендей, шәкірт тәрбиелеп, әр таңның атысы мен әр күннің батысы өзінің емес, баланың қамы үшін  жүгіріп, бір түйір пайдалы ілім үйренсе екен деп  жүретін әрбір жанның еңбегін ұлы демей не дейсіз?! Ағамыздың өзі айтқандай,  шәкірттері халықтың қалаулысы, сүйіктісі болса, одан артық бақыт бар ма…

– 2018 ж. облыстық «Сарын» байқауының, 2019 ж. Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хаттарымен марапатталды.
– 2019 ж. Облыс әкімінің «Үздік аспапшы» номинациясы бойынша дипломмен марапатталды.
– 2019 ж. Моңғол Республикасы, Моңғол Халық Партиясының «Құрмет» медалін, 2021 ж. Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» төсбелгісін иеленді.

***

Мадина БЕКТҰРҒАНОВА: «Отбасымызда 5 баламыз бар. 4 ұл 1 қыз. Ұлдарым – тұңғышымыз Әлихан – 11 жаста, екінші баламыз Әліби – 10 жаста, үшінші ұлымыз Бексұлтан 8-ге толады. Үш баламда қаладағы №21 мектепте оқиды. Үшеуі қолқанат болып қалған соң, маған үй шаруасына көмектеседі. Қарындасы мен бауырына қарайды, ойнатады.
Алихан мен Әлібиді аталары 5 жастан бастап каратэға үш жыл қатарынан қатыстырған болатын. Одан облыстық, қалалық жарыстарда жүлделі орындар алған. Қазір боксқа барып жүр. Жақында Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай қалалық жарыс болды. Сол жерде өз салмақтарының қатарында Әлихан мен Әліби жүлделі 1-ші орын алды. Одан бөлек шахмат үйірмесіне қатысады. Қараша айында өткен жарыста 4 разрядты қорғап алды.
Бексұлтан – сегізге келеді. Бес жасынан бастап «Өркен» спорт комплексіндегі спорттық гимнастика мектебінде оқиды. Бірқатар жарысқа қатысып, разрядтарды орындап, жүлделі орындар алған. Мектептегі іс шаралардың барлығына дерлік атсалысады. Ән айтқанды ұнатады. Қазақ әндерін орындау байқауында гран при алды. Жақында «Балдәурен – 2021» байқауына қатысып жүлде алды.

Аталары қазан айынан бастап «Мейірім» шығармашылық орталығына «Домбыра» үйірмесіне апарды. Ұлдар бұрыннан атасы домбыра шерткенде қызығып қарап отыратын. Енді, міне «Мейірім» орталығында профессионал ұстаздан дәріс алып жүр. Айбол ағайлары берген тапсырманы үйге келіп қайталап, бұлжытпай орындауға тырысып жүр. Ағайының сабағына асығып, қашан үйірмеге барамыз деп сұрағыштап жүгіріп жүреді.
Айбол ағайымызға өнеріңіз өрлей берсін деп тілейміз! Жинаған тәжірибеңізді тәлімгер және ақылшы ретінде шәкірттеріңізге жеткізуден жалықпайсыз. Игі істеріңіздің қашанда оңға басуына, әр қадамыңыздың қарымды болуына, ел, қоғам алдында абыройыңыздың арта беруіне тілектеспіз!».

Арайлым НҰРЖАПАР

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ