«АЛАТАУДЫҢ» АЙБАРЫ ЕДІ…

101

Қайран ағам-ай, қадірлім-ай, «Алатаудың» Айбары едің ғой. Айдаһардай араны тыйылмаған індет сізді де айналып өтпеді-ау. Келте ғұмырда, адамзат баласының ерте ме, кеш пе кебенегін шешіп, кебінге оранатыны хақ қой. Бірақ, сіздің дәм-тұзыңыздың таусыларына әлемді жайлаған тажал себепкер боларын кім білген?… Жаратушы бір Құдайдың маңдайыңызға жазған жазуы түгесілді. Амал қанша?
«Өлінің қамын тірі жер,
Тірілер бірін-бірі жер.
Бір күні біз де барамыз,
Сен аман болшы, сірі Жер!», – деп Нұрлан Мәукенұлы айтқандай, тағдырдың басқа салғанына жан-жарыңыз Науат тәте мен бала-шағаңыз, ауыр қазаны естіген қаламдастарыңыз, дос-жаран, тума-туыстарыңыз, өзіңіз іргесін қалаған «Алатау», Талдықорғандағы «Офсет» бас-паханасы мен «Алатау» редакциясы ұжымының қабырғасы қайысты.
«Әй, қалдарың қалай?» деп шұғыласын шашқан күндей күлімдеп, редакцияға кіріп келе-тін кескін-келбетіңіз жүрегімізде мәңгілік сақталып қалатын болды. Алпыс жылдығыңызды ат шаптырып тойлатып, өзіңізбен үзеңгі қағыстырған Н.Оразалин, С.Елубаев, Б.Әзірбаев сынды қаламгерлер келіп, ел-жұртыңыз арқа-жарқа болып еді. Алпысқа толғанда «Алпыстағы алма ағаш» деп кітап жазып, жетпіске толғанда «Жетпістегі жиде ағаш» деп тағы да қалам тербедіңіз. «Енді, Алла бұйыртып 80-ге толсам, «Сексендегі сексеуіл» деген кітап жазам, Айтақын. Сен білесің бе? Сексеуілді өзіне-өзін ұрып сындырмасаң сынбайды, қатты ағаш», – деп едіңіз. Әттеген-ай, сол сексенге жетуді Алла бұйыртпады. Жетпістің бел ортасына келсеңіз де, таң асырған арғымақтай шапқылап жүр едіңіз. «Әлі тындыратын шаруаларым көп, жос-парлап жүрген жазбаларым бар. Сексеуіл ағашқа қалам тартам», – дегенсіз. Адамның қалауы болмай, Алланың әмірі болды. Ел бесіктен шығарып, жербесікке бөледік. Елананың құшағынан ажыратып, Жерананың құшағына тапсырдық. Жаныңыз жәннатта болып, рухыңыз көкте шалқысын! Қош! Қош бол, «Алатаудың» айбары, асыл аға! Сізге бұйырмаған 80 жас артыңызда қалған, үрім-бұтағыңызға бұйырсын. Олар сабырға жүгініп, сексеуіл ағашындай қатты болсын! Енді сіздің екінші өміріңіз басталады. Абай дана: «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» демекші, Сіз тірісіз!

Айтақын МҰХАМАДИ

Бөлісу: