«Алатаудың» арулары

66

28 маусым  –  Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің кәсіби мерекесі. Қазақстан халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың: «Журналистер – жүрек жыршысы. Олар адамзат ішіндегі ең жүрдек жандар.  Журналистердің бармайтын жері, шықпайын шыңы жоқ. Аспандағы бүркіт жердегі құмырсқаны көрсе, журналистер жұрт жүрегінің лүпілін сезеді де, жарыққа шығарып, жария етеді» деген сөзі бар еді. Сол «арқалағаны алтын, жегені жантақ» журналистердің мерекесі де келіп жетті. Айтулы мейраммен барлық БАҚ қызметкерлерін,  осы саланың гүлденуіне үлес қосып келетін барша жанды   құттықтаймыз.  Кәсіби мереке қарсаңында журналистика саласына,  газеттің жарыққа  шығуына  сүбелі үлес қосып келетін жандар туралы сыр шерткенді жөн көрдік. 

АЙНАЛАСЫН ГҮЛГЕ ОРАҒАН ГҮЛШАТ АПАЙ

Қандай басылым болсын, мейлі ол газет, мейлі кітап-журнал, барлығы баспаханадан басылып шығады. Ал ондағы шығармалардың жазылуын  айтпағанда, жарыққа шығуына тікелей үлесін қосатын, әрбір бетіне, сыртқы пішініне, ішіндегі материалдардың орналасуына баса мән беретін кәсіп иелері – терімші-дизайнерлер. Сол секілді біздің басылымның да, біздің ғана емес, өңір бойынша шығатын барлық газет-журнал, кітаптардың жарыққа шығуына Гүлшат НҮСІПОВАНЫҢ  қосып келетін үлесі зор-ақ.

Гүлшат Білісбайқызы – 1962 жылы Ақсу ауданына қарасты Ақсу ауылында дүниеге келген. Сол жерде ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин ашқан Мамания мектебінде білім алады. 1980 жылы мектеп бітіргеннен кейін Ресей жеріндегі Томск қаласында «Политехникалық институттың» дайындық факультетіне (РабФакқа) түседі. Кейін бір жылдан соң оқуға түсіп, оны 1986 жылы тәмамдап, инженер-математик мамандығын алып шығады.

Институтты бітіргеннен кейін Өзбек-стан мемлекетінің Науаи қаласына жас маман болып тау-кен металлургия комбинатында алғашқы еңбек жолын бастайды. Бір жылдан соң тұрмыс құрып, өзінің туған жеріне қайта оралады. 1994 жылдан бастап Талдықорғандағы  «Офсет» баспаханасына жұмысқа орналасады.

Осында қызметке келген сәтімде басшымыз Әли Ысқабай болған. Біз бастапқыда баспаханада тек кітаптар ғана басып шығаратынбыз. Ол кездері қазіргідей жаңа технология жоқ, компьютерлік жабдықтар ескі болатын. Мәселен,  кейде  бір  кітапты  толығымен теріп біткенде, техникалық ақаулар шығып, компьютер де, терген дүниеміз де барлығы өшіп қалатын. Одан кейін отырып алып қайта теретінбіз. Сондай күндер де басымыздан өтті,  – деп өткен күндерден сыр шертті кейіпкеріміз.

Инженер-математик мамандығын бітіріп шыққан Гүлшат апай өзінің білімділігі мен біліктілігінің арқасында терімші-дизайнер мамандығын жан қалауымен үйреніп, осы салада аянбай тер төгіп  келеді.

Маған бұл мамандық бұрыннан ұнайтын. Өзбекстан елінде жұмыс істеп жүргенде жұмыс орнымызда баспа машинасы болатын. Соған қызығып, бос уақытымызда неше түрлі нәрселерді теріп отыратынбыз. Осылайша қы-зығушылығым оянып кетті. Бүгінде сол сүйікті ісіммен айналысып келемін, – дейді Гүлшат Білісбайқызы.

Саналы ғұмырының ұзақ уақытын баспа ісі саласына арнаған Гүлшат апай бүгінде өмірлік жолдасы Сайдал ағамызбен бірге бақытты ғұмыр кешіп келеді. Екі ұлды тәрбиелеп өсіріп, келін түсіріп, ата-ене атанып отырған үлгілі отбасылардың қатарында. Балаларынан 6 немере сүйіп, аяулы ата-әже атанып отыр. Офсет баспаханасы мен  «Алатау» газетінде терімші-дизайнер болып 28 жылдан аса уақыт ерен еңбек сіңіріп  келетін  Гүлшат Білісбайқызы биыл асқаралы алпысқа толды. Ендігіде ол жылдар бойғы қылған бейнетінің, зейнетін көрмекші. Еңбегі ерен апайымызға  өмірдің тек  қуанышын ғана көріңіз дейміз. Мерекеңіз құтты болсын!

ІСІМЕН КӨПКЕ ҮЛГІ БОЛҒАН

Газет – халықтың жаршысы, айнасы десек артық болмас. Бүкіл әлемде ақпарат тарататын, жаңалықтармен бөлісетін, қажетті мәліметтерді беретін ақпарат құралының бірі газет жайында Әлихан Бөкейхан төрт қағида айтқан. Бірінші қағида: «Газет – халықтың көзі, құлағы мен тілі», екінші қағида: «Газет – жұртқа  қызмет ететін нәрсе», үшінші қағида: «газет – халыққа білім таратушы», төртінші қағида: «газет — халықтың жоқтаушысы»  деген  екен.   Міне,  сол   газетті басып шығаруда өзіндік қолтаңбасын қалдырып жүрген жандардың да алар орны айрықша.  Солардың бірі  «Офсет» баспаханасындағы «Алатау» қоғамдық-саяси газетінің монтаждаушы қызметін атқаратын Зәуре СЕМБАЙҚЫЗЫ.

Сарқан ауданына қарасты  Бірлік ауылында дүниеге келген Зәуре Таченова қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі көлік жүргізуші болып қызмет атқарса,  анасы 4 қызды дүниеге әкеліп, бала тәрбиесімен айналысып, жаз мезгілінде қызылша алқабына жұмысқа шыққан.

Мектеп  бітіргеннен кейін  ол  балабақ-ша тәрбиешісі мамандығын игеріп, 1981 жылдан 1986 жылға дейін «Бірлік»  ауылының балабақшасында жұмыс жасайды. 1987 жылы құрбыларымен бірігіп, комсомолдық жолдамамен Екібастұзға құрылыс алаңына жұмысқа барады. Өткен күндердің  естелігімен бөліскен апаймыз құрылыс алаңына  «Романтика іздеп бардық қой» деп жылы жымиды. Еңбекке ерте араласқан  Зәуре Сембайқызы  араға екі жыл салып,  1989 жылы Талдықорған қаласына көшіп келеді. Мұнда келген соң «Офсет» баспаханасына жұмысшы керектігін естіп, ақпан айында осы мекемеге жұмысқа орналасады. Содан бері аттай  33 жыл бойы баспаханада монтажшы қызметін атқарып келеді.

Әңгіме желісінде кейіпкеріміз қандай жұмыстың да қиындығы мен қуанышы  қатар жүретінін айтты.

«Алғашында «Алатау» газеті жарнама газеті ретінде шықты. Ол кездерде техника дамымаған заман  болатын, газет беттерін монтаждап, кішкене фотопленкаға басамыз, сосын оны рамаға салып, көшірме жасаймыз. Сосын қайта өңдеп, жуып, кептіріп баспагерлерге береміз. Ал баспагерлер машинаға салып, газет беттерін басып шығаратын. Содан бері қандай тәсілдер қолданбадық… сурет шығару үлгісін қолдандық, кейін таспа арқылы қиып, журналистер әкеліп берген  макет бойынша басып, суретін қойып, сызықтарын қолмен жасап шығаратынбыз. Ал қазір газетті журналистер мен дизайнерлер дайындап, PDF форматын оператор балаларға жібереді, оператор пластиналарға көшіреді, пластинаны баспа машинасына жүктеп, жедел түрде газет басылып шығарылады. Осылайша жылдан-жылға техника жаңарып, жұмысымыз жеңілдеуде. Барлығын автоматтандырылған машина жасайды. Менің қазіргі міндетім, баспахана шығаратын өнімдерін тігіп, «Алатау»  газетін бөліп, орап, аудандарға жіберемін. Біздің баспаханада  тек «Алатау» ғана емес, ауданның барлық газеті  басылып шығады. Шыққан газеттерді өздерінің кезекші редакторлары алып кетеді,  –  дейді Зәуре апай.

Газеттердің басылып шығуында  ерен еңбек  сіңіріп келетін Зәуре Сембайқызы  Алла қосқан қосағымен бірге  бүгінде екі ұлды тәрбиелеп жеткізді. Келін түсіріп, немерелі болды. Отбасының жалауын желбіретіп отырған Зәуре апай ұжымда  да  өзіндік салмақты орнымен бағаланып, баспа жұмыстарының өркендеуіне белсене ат салысып келеді. Ісімен көпке үлгі болған Зәуре Сембайқызына өмір жолыңыз шуақты да бақытты күндермен астаса берсін дейміз. Мерекеңізбен!

«БАСПАХАНА – МЕНІҢ ЕКІНШІ ҮЙІМ»

«Алатау» қоғамдық-саяси  газетінің  ғана емес, баспахана  тарихын  да   жақсы білетін, бір орында тапжылмай 34 жыл еңбек етіп келетін баспа ісінің үздігі   Бақыт ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ  баспахананы өзінің екінші үйі деп есептейтінін айтады.

1988 жылы «Алматы  полиграфиялық   училищесіне»  түсіп,  баспагер мамандығын  алып шығады.  Оқуын тәмамдаған жылы Талдықорған қаласындағы  «Офсет» бас-паханасына  жұмысқа орнығады. Содан бері үздіксіз осы жерде қызмет етіп келеді.

«Ол жылдарда  баспахана барлық ауданаралық газеттер аптасына үш рет  басылатын. «Алатау»  қоғамдық-саяси газеті ол кезде шықпады. Біздің тікелей міндетіміз бланктер басып шығару  еді. Газетке қатысты жұмыстар бөлек болды. Әріптестерім –  Зәуре Таченова, Айнаш Бияхметова, Гүлшат Нүсіповалар сол кезден   газет шығару жұмысына  тікелей араласты»,  – дейді   әңгімесінде Бақыт апай.

Алғашқы еңбек жолын  бланк шығару  бөлімінен бастап, кейін  газет терімшісі болып еңбек етсе, 1996 жылдан бастап  шебер (мастер) болып, сосын  цехтың жауапты басшысы,   директордың өндіріс жөніндегі орынбасары болып  та қызмет атқарды.

Өткен күндерді еске алған Бақыт  апай газет басудың қиындығы  туралы да айтып берді. «Ол тұстары бәрі қолмен атқарылды. Алдымен линотипте әріп теріледі, ол қорғасынға құйылады. Құйылған беттер баспа машинасына жалғанады. Содан басуға әзірлік басталады. Қазір мұның бәрі аңыз секілді. Уақыт бәрін өзгертеді екен. Қазір әр бөлмеде компьютер. Газет түрлі-түсті бояумен шығады».

Отыз бес жылдық еңбек өтілі  бар Бақыт апай бүгінде баспагерлік істе өзіндік орны бар маман десек болады. «Отыз жылдан аса уақыт осындай ортада керемет адамдармен қызметтес болғаныма шүкіршілік деймін. Мен өз мамандығымды, жұмысымды жақсы көремін. Осы жылдар ішінде басымыздан нелер өтпеді. Айрандай ұйыған ұжымның  ұйымшылдығының  арқасында  кездескен кедергілерге мойынсынбай,  алға басып келеміз. Алдағы уақытта да ісіміз ілгеріліне беретініне бек сенемін»,  – дейді ол.

Бүгінде  Бақыт апайымыз  Ерлан ағамызбен бірге алтындай екі баланы тәрбиелеп отырған  үлгілі отбасылардың қатарында.

Біз оны танығалы да біраз жыл. Мінезге бай, кең адам. Өмірден көріп түйгені мол апайымыз үнемі  «Ашу – әлсіз адамдардың әрекеті» екенін  еске салып отырады. Ол  бәрін сабырмен, ақылмен жеңдіруге құштар жан.  Алдыңғы толқын  мен кейінгілер алдында да ізеттілік танытудан кенде емес. Осындай аяулы жанмен қызметтес болғанымызды мақтан етеміз. Еңбегіңіз жана берсін жан әпке! Мейрамыңызбен!

Материалдарды дайындаған

А. НҰРЖАПАР.

А. БЕКМОЛДИНА.

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ