Алманың әдемі әлемі

0
947

Журналистер ақпаратты жеткізуші ғана емес, халық пен билік арасындағы алтын көпір, қалың бұқараның насихаттаушысы, идеологиялық жаршысы. Журналистің еңбегі сегіз сағаттық жұмыс қалыбына сыймайды. Кейде бір мақаланы жазу үшін бірнеше күн жүріп, сөздің киесіне құрметпен қарап,  ізденетіні бар. Үздіксіз еңбектің артында сапалы  шығармалар туындап, оқырманын сол жазғанымен сусындатады.  Өзінің құнды қолтаңбасы бар Алма ЕСЕНБАЙ  «Жетісу» газетіне ғана емес, күллі қазақ еліне, журналистика саласына өзінің сүбелі үлесін қосып келеді.

Ол  Жамбыл ауданына  қарасты Қарақыстақ ауылында  дүниеге  келген. Сүйінбай  ақынның туған жерінде өлеңдерімен сусындап өскендіктен бала кезден кітап оқуға, өлең, шығарма жазуға құмар болған. Осы қасиеттер оны журналистикаға жетеледі. 1995 жылы мектепті бітіргеннен кейін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне түсіп, 1999 жылы оқуын тәмамдайды. Сол жылы Алматы облыстық «Жетісу» газетінде тілші болып алғашқы еңбек жолын бастайды. Міне, содан бері тапжылмай, журналистика саласына 23 жыл еңбегін сарп етіп келеді.

«Газеттің сөзі – бір күндік, өзі мың жылдық» дегендей, журналистер түнді түнге жалғап, шабыт іздеп, мақала жазады. Әрбір жазған туындысын жақсы етіп шығаруы үшін оған қаншама жылдық білімі мен таусылмас ізденісі қажет болады. Мұның барлығы – жұмысқа деген жауаптылық, әрі мамандыққа деген сүйіспеншілік пен шығармасына деген шынайылығынан болады. Ал мұндай жауапкершілікті екінің бірі түсіне бермейді.

Журналистика саласына алғаш аяқ басқан сәтімізде жазғанымызды тексеріп, білмегенімізді үйреткен игі жандар көп еді. Атап айтсам, сондай тамаша жанның бірі – Жанкүміс Жәмеңке апайымыз болды. Жетісу өңіріндегі журналистердің біразы сол кісіден тәлім алған десем, қате айтпаймын. Одан кейін Нұржамал Әлішова да бізді өз мектебінен өткізген. Нүсіпбай Әбдірахым ағамыздан да мақаланы қысқарту, деректерге мән беру сынды нағыз журналиске тән кәсіби шеберлікті меңгердік. Сол кісілермен бірге еңбек етіп, біраз уақыт қызметтес болдық. Тағы бір ұстазым, белгілі журналист Болат Абаған ағамыз. «Жетісуға» қадам басқанда ең алғашқы мақаламды өңдеп, бағыт-бағдар берген жан.

Студенттік шақта барлық білімгерлер тележурналист болуды армандайтын. Балалық па екен деймін, бастапқыда менде сол арманның жетегінде болдым. Кейіннен өзіме редакция жақын екенін түсініп, газетке табан тіредім, – дейді кейіпкер ағынан жарылып.

Расында, нағыз журналист болу үшін адам барлық нәрсені жан дүниесімен сезіне білу керек. Қолға қалам алып жазғанда, оның барлығы ішкі жан дүниеден өтеді. Одан кейінгі қасиет – дарын. Себебі дарын мен қабілет болмаса, қанша жерден сезім мен түйсік мықты болып тұрса да журналист шықпайды. Мұны Алма апаймен әңгімеде байқадық. Адам өз мамандығын жақсы көрсе, барлық қиындығын ұмытып кетеді, керісінше, алдынан шыққан қиыншылықтардан ләззат алады.

Алма апай бүгінде облыстық «Жетісу» газетінде «Руханият» бөлімінің меңгерушісі. Тіл, әдебиет, мәдениет, ғылым-білім сынды тақырыптар аясында материалдар дайындап, бөлім ісін алға ілгерілетіп отыр. «Руханият» газеттің ауқымды бөлімдерінің бірі.

Журналист қандай мақала жазса да, оны далада қар немесе су кешіп жүріп, я, болмаса егістік алқаптарында шаң-топырақ кешіп жүріп те жазады. Оның кішкентай түйір жазғаны болса да, үлкен еңбекпен келеді. Себебі қалам тербегенде оған жан-тәніңді беріп жазасың. Сондықтан да журналистика қиын әрі қызықты мамандық.

Отбасында үш бала тәрбиелеп отырған ана – адал жар, сыйлы келін, ардақты ана, өз саласының шын жанашыры. Мамандығы мен үйдің күйбең тіршілігін қатар алып жүрген жанның бойынан шынайылық пен еңбексүйгіштікті байқамау мүмкін емес. Өз жұмысына тиянақты қарайтын Алма апайымыздан үйренеріміз көп. Кәсіби мерекеңіз құтты болсын, ардақты жан!

Арайлым НҰРЖАПАР

Дереккөз: Alataugazeti.kz


ПІКІР ЖАЗУ