Ақиқатты ақылды көзбен көре білген

350

Газеттің тамырына қан жүгіртіп, қалам тербеген сайын қанаттанған Болат ДӘКЕР аға бүгінде зейнеткер ата. Осы уақытқа дейін елдің мұңын, қоғамның келеңсіз тұсын қаламгерлік қасиетімен жазған жанның еңбек жолында көптеген қиыншылық кездессе де, батылдықты қажет еткен мамандықты серік етті.

Апасының ерке ұлы бала кезден ауылдың мәселелерін көзбен көріп, аудандық газетке сыни мақалаларын тізбектеп жазып жүретін. Қатарластары жоғарғы білім ордасына түссе де оның оқуға түсуге шамасы келмеді. Бала арманын орындау мақсатында қара жұмыстың әлегімен біраз жүріп, тиыннан-тиын жинап, ақыр соңында Өскемен қаласына оқуға жолдама алады. Еңбек жолын Шығыс Қазақстан облысының «Комунизм туы» газетіннен бастайды. Араға жылдар салып, өзінің туған жеріне келіп, облыстық «Октябрь туы», «Жерұйық» газеттерінде журналистік қызметін жалғастырады.
«Ақиқатты көре білген журналист ештеңеден қорықпайды. Керісінше, жоғарғы билік иелері қаламын арқалаған жаннан қорқатын хәлге жеткізу үшін көргеніңді шынайы жаза білуің керек. Марал айдарымен «Ана үміті ақталды ма?» деген үлкен көлемді мақалам жарияланды. Мақаланың басты арқауы кәсіпкер ана туралы. Өзінің баласы болмаса да, бір ұл, бір қызды асырап алады. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырады. Астыларына жүйткіп жүретін көліктерін, хан сарайдай үйлерін салып берсе де, қартайған шақта ана жалғыз қалады. Жөтеліп суық үйде жатқан сәтін көріп, жоғарғы билікте қызмет атқарып жүрген ұлының да, қызының да намысына тиер сөздермен жазылған мақалам ел аузынан түспестей әңгіме болды. Ұлы сол ауылдан көшіп кетті. Қызын білмедім. Ал кәсіпкер ана бұрын қолғабыс танытқан жанның қол астына барды. Сөйтіп, мақала өз қызметін атқарып, қартайған ана бейтаныс жанның қамқорлығына алынды» – деп өзінің еңбек жолындағы оқиғаларымен бөлісті жақсы аға.
…Бірде Болат ағаның бастығы жұмысқа келгенде оған бір сәт дене болмысын түгел көрсететін айнаға қарауын сұрапты. Сосын «келесіде осындай киіммен келсең, жұмыстан шығасың» деп қысқа қайырыпты. Халық пен билік арасындағы көпір болып жүрген адамның кейпі маңызды рөл атқаратынын түсінген Болат аға әрдайым жұмысқа қара түсті костюм-шалбар, ақ көйлек киіп, қара галстук тағып баруды әдетке айналдырыпты.
Қаламының желі бар журналист болашақта өзінің жазбаларын реттеп, кітап қылып шығарсам дейді.
«Жетісу» газетінің майталман журналисі, ақпарат саласының ардагеріне ғасырды еңсерер денсаулық тілейміз. Мейрамыңызбен, ардагер аға!

Ардагүл ӘСКЕРБЕК

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ