Баспанаға кімдер ие бола алады?

917

     Елдегі басты назарға алынған түйткілді мәселелердің бірі – халықтың баспанамен қамтылуы. Бүгінге дейін ел тұрғындарының үйді қолжетімді түрде алуына арналған біршама бағдарлама жүзеге асырылды. Осыған қоса Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен үй кезегіндегі азаматтарға арналған жаңа бағдарлама іске қосылмақ. Тың жобаның артықшылықтары туралы «Jetisu- media» ақпарат алаңында өткен брифингте түсіндірілді.

Президент төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында «Қолжетімді тұрғын үй құрылысы экономиканы дамытудың, жұртты жұмыспен қамтудың, әлеуметтік қолдау көрсетудің маңызды факторы болуға тиіс» дей келе, «5-10-20» бағдарламасы аясында мемлекет тарапынан 390 млрд теңге бөлінетіндігін тілге тиек етті. Осыдан соң жаңа жоба халық арасында қызу талқыланып, аз уақыт ішінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі тың бастамаға әзірлік жұмыстарын бастап кетті. Кеңесші мамандар банк салымшылары мен қала тұрғындары тарапынан жоба жайлы сұрақтардың күн санап көбейгенін айтады.
– Бұл бағдараманың шыққанына аз уақыт болғанымен, мәліметтер халық арасына тез таралып үлгерді. Осы уақыт аралығында әлеуметтік желідегі парақшаларымызға да түрлі сұрақтар келуде. Тек қала көлемінде ғана емес, алыс-жақын аудандардан хабарласып, кеңес алушылардың саны көп,– дейді банк кеңесшісі.
Аталған бағдарламаға қызығушылық танытқандардың бірі – Шырын Талапбекқызы. Қала тұрғынының айтуынша, 2-3 жыл көлемінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне салым салған. Енді «5-10-20» жобасы негізінде үй алу үшін сала мамандарынан кеңес алуда. «Жаңа бағдарламаның тиімділігі көп. Әсіресе, үй кезегінде тұрған жандардың баспаналы болуына үлкен септігін тигізеді деп ойлаймын. Бұған дейін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы баспаналы болған таныстарым бар, үй кезегінде тұрған жас отбасы ретінде мұндай мүмкіндіктен біз де үміттіміз»,– деп ағынан жарылды ол.
«5-10-20» пилоттық жобасы – «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа бағыты. Ол халыққа тұрғын үй сатып алу үшін 20 жыл мерзімге 10 пайыз бастапқы жарнамен 5 пайыздық несие беруді қарастырады. Яғни, баспана алғысы келетін азамат жергілікті әкімдікте үй кезегінде есепте тұруы және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы болуы шарт. Қазірде республика көлемінде 560 мыңдай адам пәтер алу кезегінде тұр. Олардың қатарында мемлекеттік қызметкерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылар бар. Ал бұл санаттағылар баспананы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған тұрғын үй кешендері немесе құрылыс салушылардан сатып ала алады.
– «5-10-20» бағдарламасы енді ғана жүзеге асқандықтан, дәл қазіргі кезде жоба аясында салыну үстіндегі үйлер жоқ. Ескеретін тағы бір жайт, үйлер Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі емес, жергілікті әкімшілік тарапынан салынады. Егер жергілікті атқарушы органдарда дайын пәтерлер болса және ол осы бағдарламаға үйлестірілсе, онда салымшыға беруді жүзеге асыруға болады,– дейді банктің бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Дәурен Есембеков.
Жоба аясындағы салынатын үйлердің құны мен 1 шаршы метрінің баға көрсеткіші елдің әр аймағында түрліше белгіленген. Бұл жөнінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Алматы облыстық филиалы бастығының орынбасары Жасұлан Құрманғалиев нақты мәлімет берді.
– Алматы қаласында үйдің 1 шаршы метрі 240 мың теңгеге бағаланса, бас қала – Нұр-Сұлтанда 220 мың теңге, ал Алматы облысының орталығында 160 мың теңге шамасында болады. Сондай-ақ, пәтер құнында да өзгешеліктер бар. Яғни, үй бағасы Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында 18 млн, ал біздің өңірде 12 млн теңгеден аспайтындығы көрсетілген,– дейді ол.
Елдегі сарапшылар да «5-10-20» мемлекеттік бағдарламасы жылжымайтын мүлік нарығына үлкен серпіліс беретіндігін, құрылыс компанияларының жұмысын жандандырып, бәсекелестікті нығайтатындығын айтуда. Сонымен бірге, Президент Қ. Тоқаев атап өткендей, банк базасында жыл соңына дейін даму және қолдаудың «Отбасы банкі» атты толыққанды институты құрылмақшы. Ол есепке алу, тіркеу және тұрғын үйді бөліске салуды орталықтандыратын болады. Нақтыласақ, қойылған міндетті орындау үшін қазіргі тұрғын үй кезегінің жүйесін әкімдіктер емес, «Отбасы банкі» қарастырып, онда «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету басты назарға алынбақ. Сонымен бірге, банк қызметкерлері бүгінде онлайн-қызмет көрсету қолға алынғанын және тұтынушылар «Видеоқоңырау» сервисі арқылы қажетті қызметті үйден шықпай-ақ пайдалануына мүмкіндігі бар екенін айтады.

Лина АЙДЫНҚЫЗЫ

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ