Бақ өсіруге ден қойылды

0
2318

   Бүгінгі күні Алматы облысында 2222 гектар алқапқа егілген интенсивті алма бағы тіркелген. 2022 жылы оның көлемін 2600 гектарға жеткізу көзделуде. 2020 жылы қарқынды алма бақтарынан 18,9 мың тонна, ал 2022 жылы 31,5 мың тонна алма жинау жоспарланған.

   Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, бақ отырғызу жұмыстары биыл да жалғасын тапты. Бүгінгі күнге облыс бойынша барлығы 996,1 гектар жерге жеміс егілген. Оның ішінде 402,8 га – шекілдеуік, 203 га – интенсивті бақ, 0,4 га – апорт ағашы және 431,2 га – сүйекті жеміс, 161 га – жидек, 1 га – жаңғақ, 0,08 га жүзім ағашы отырғызылды. 2012-2018 жылдар аралығында 728,8 гектар жерге апорт сортын отырғызған 214 шаруашылық субъектісіне көпжылдық көшеттерді отырғызу және өсіру шығындарының құнын ішінара субсидиялау мақсатында жергілікті бюджет қаражаты есебінен 670,4 млн теңге субсидия берілді. Қабылданған шаралардың арқасында «Апорт» алмасы бағының көлемі 2000 га жетсе, ал көшет саны 416 мың дананы құрайды.
Жалпы алма өнімділігі көлемін арттыру үшін қарапайым ескі бақтардың орнына заманауи жаңа технология бойынша жыл сайын қарқынды бақтар егілуде. Интенсивті бақтың басты ерекшелігі сол, аласа бойлы алма ағаштары екінші жылдың өзінде-ақ 30%, ал үшінші жылы 80-85% өнім береді. Әрі, мұндай жеміс ағаштарынан өнім жинау жеңіл, қол күшін көп қажет етпейді.
Қарқынды алма бақтарында Фуджи, Голден Делишес, Гала, Гренни Смит, Старкримсон, Айдаред, Золотой превосходный сынды алма сорттары өсіріледі. Сол сияқты өңірде алма бақтарын өсіруде Италия, Германия, Сербия, Польша, Голландия, Түркия мемлекеттерінің алма өсіру технологияларын қолдану, отырғызу материалдары бойынша ықпалдастық жұмыстары мен тәжірибе алмасу жүргізілуде. 2020 жылы қарқынды алма бақтарынан 18,9 мың тонна, ал 2022 жылы 31,5 мың тонна алма жинау жоспарланған.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, 2019 жылдың қортындысы бойынша Алматы облысында жеміс-жидек, жүзім және жаңғақ ағаштары егілетін жер көлемі 23,7 мың гектарға, оның ішінде жеміс беретіндері 18,7 мың гектарға жеткізіліп, одан алынған жалпы өнім көлемі 129,6 мың тоннаны құраған. Оның ішінде 86,8 мың тонна алма жиналды.
Ал биылғы жылы алма бақтарынан 91,8 мың тонна жеміс жинау көзделген. Бұл Алматы облысының алма өнімдеріне деген сұранысын 100%, Алматы қаласының қажеттілігін 72,4%, ал еліміздің қажеттілігін 19,6%-ға қамтамасыз етеді. Жиналған алма өнімі Алматы облысы және Алматы қаласының сауда орындарына өткізіліп, оның 7 мыңға жуық тоннасы алма шырынын жасауға жіберіледі. 2022 жылға дейін алманың өнімділігін 170 мың тоннаға немесе 1,4 есеге арттыру жоспарланған.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Кілтсөздер:АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ


ПІКІР ЖАЗУ