Бір миллион теңгенің сертификаты берілді

0
958

Еліміздің 19 миллионыншы тұрғыны Жәния Азаматқызының өмірге келуіне байланысты өңір басшысы  Амандық Баталов  сәбидің ата-анасы, Іле ауданының тұрғындары Нұрғалиевтар отбасына құттықтау хат жолдады. Бұл туралы   облыс әкімінің баспасөз қызметі  хабарлады.

«Қазақстанның 19 миллионыншы тұрғыны Жания Азаматқызының Жетісу жерінде, сіздердің отбасыларыңызда өмірге келуімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – ел тәуелсіздігінің 30 жылдығындағы айтулы оқиға, бір отбасының ғана емес, барша жұртшылықтың қуанышы. Осы ақжолтай сүйінші хабарды Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жариялаған сәтте оны, әсіресе, жетісулықтар зор ризашылықпен қабылдады. Осыдан небары төрт жыл бұрын біздің Алматы облысында мемлекетіміздің 18 миллионыншы тұрғыны Мүслима Саматқызы дүние есігін ашқан еді. Міне, аз ғана уақытта еліміз демографиялық өсімнің нәтижесінде 19 миллионыншы межеге жетіп отыр. Бұл — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің, халықтың болашаққа деген зор сенімінің айқын көрінісі. Барша жетісулықтардың атынан кішкентай сәбидің аман-сау ер жетіп, елдің абыройлы азаматы болып өсуіне тілектестік білдіремін! Отбасыларыңызға бақ-дәулет, ұрпақтарыңызға жарқын өмір тілеймін. Ел ішінің тыныштығы мен берекесі нығайып, халқымыздың ырысы арта берсін!»  –делінген құттықтау хатта.

Қазіргі таңда Алматы облысындағы тұрғындар саны 2 миллионнан асады.

Сонымен қатар Амандық Ғаббасұлы желідегі парақшасы арқылы да Нұрғалиевтер отбасын құттықтап, суретін жариялады.

Еліміздің 19 миллионыншы тұрғыны болып өмірге келген Жәния Азаматқызының отбасына бір миллион теңгенің сертификаты берілді.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Жәния Азаматқызы Алматыдағы перинаталдық орталықта салмағы 4160 кг, бойы 57 см болып дүние есігін ашты. Сәбидің әкесі Азамат Нұрғалиев 39 жаста болса, анасы Назгүл Көбентаева 35 жаста. Жәния –  шаңырақтағы төртінші қыз.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ