«Бұл айтыста Сара жоқ, кілең Біржан»

0
3316

 Қазақтың арда өнерінің бірі де, бірегейі  –  айтыс. «Аламан бәйге», «Балуан күрес», «Көкпар», «Қыз қуу», «Айтыс» десе арқасы қозбайтын қазақ жоқ. Тіпті ішіп отырған асын тастап делебесі қозып, қиқу салып, кімінің аты жүйрік, қай балуан алымды, қайсы айтыскер сөзге шешендігін де, осы көрермен сүзгісінен өтеді. Тәуелсіздік алған жылдардан бері қанатын кеңге жайған осы төл өнердің барлығы қазір шарықтау шегіне жетті. Солардың қатарында айтыс жанрын айшықтап айтуға болады. Жасы да, жасамысы да, айтысқа құмар. Айтыстың ұйымдастырушысы Жүрсін Ерманның айтуынша Қазақстанда қазір 200-ден астам айтыскер  бар дейді. Ақынның көп болғаны жақсы. Айтыстың жиі-жиі болып тұруы осы өнердің өркендеуіне кең мүмкіндік берді. Айтыстағы көркемдікке таңқалған жазба ақындардың өзі таңдай қағып жүр. Алайда, соңғы жылдары бұл айтыстың да  этикасы бұзылды. Шоуға айналды. Таза суырып-салмалық үрдістен жаңылып, жаттандылыққа бейімделіп кетті.

Жүрсін Ерман айтып жүрген 200 айтыскерді таза сұрыптайтын болсақ, соның ішінде 50-60-ы ғана шынайы таза суырып-салма ақындар. Ал, қалғандары халық театрының әртістері сияқты. Алдын-ала келсіп алып, сахнада қойылым қойып жүргендерін елдің бәрі біледі. Тіпті, айтыскерлерді сұрыптау үшін сахнада да жеребе тартылған кездер болды. Оның да қитұрқы тұстарын көзіміз шалған-ды. Содан көп айтыскердің бір-екі айналымнан кейін 100 метр қашықтыққа жүгіретін ұшқыр ат құсап, ары кетсе екі айналыммен айтыстан алқынып шығатындарын байқап жүрміз. Айтыстың ақтаңгері, Құлманбеттің құлыны бір күнде бес ақынмен қатар айтысқан Оразалы Досбосынов, айтыстың өсіп-өркендеуіне, қабырғасын қалап, өзіндік қолтаңбаларын қалдырған халық ақындары Әселхан Қалыбекова, Қонысбай Әбілов, Әсия Беркенова, марқұм Есенқұл Жақыпбеков, Әзімбек Жанқұлиевтардың айтыстарын бүгін ел аңсайды. Қазіргі айтыскерлердің ішінде де саңлақтар, ертеден салсаң кешке озатын жүйріктер бар. Бірақ, айтыстың әу бастағы суырып-салмалық қалыбы бұзылды. Бұл бөлек әңгіме.
«Алматы облыстық ішкі саясат басқармасы» ММ, Алматы облысы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңесінің» ұйымдастыруымен «Біржан мен Сара» (Ақиқат, салмақты сөз-айтыстан туады) атты облыстық жас ақындардың айтысы өтті. Оған аудан қалалардан 18 айтыскер қатысты.
Айтыстың басты тақырыбы «Біржан мен Сара» болғанымен, жалпы ережеге сай Абай Құнанбаевтың 175, әл-Фарабидің 1150 жылдығы толық қамтылды. Басты гәп, әлемді алаңдатып отырған COVID-19 бен пандемияға қарсы енгізілген карантинге байланысты айтыс интернет желісінде «Онлайн» бағытында өтті.
«Онлайн» айтыс оңбады. Оған ұйымдастырушылардың титтей де кінәсі жоқ. Ауыл-аймақтарда интернеттің қалай дамығанын осы жолы толық көз жеткіздік. Айтыскерлер бір-бірінің сөзін анық ести алмады. Кейбір ақындар автокөлік ішінде интернетке қосылды. Қысқасын айтқанда, қашықтықтан оқып жүрген оқушылар мен ата-аналардың бозторғайдай шырылдап жүргені рас болып шықты. Үйдің шатырына, одан қала қыр-жотаға шығып, мұғаліммен байланысқа шығалмай, шықса да шала-шарпы білім алып жүргендерге обал-ақ. Отыз елдің қатарына кіреміз деп отыз қадам жерден байланысқа шығалмаған интернеттің иттігін айтам да. Үзіліп -жұлынып көрген айтысқа айызымыз қанбады. Ақындардың қаншалықты айтыскер екенін анықтау үшін айтыс басталар алдында қазылар құрамның шешімімен жеребе тартылды. Алғашқы жұп болып Кеген мен Қарасай ауданынан шыққан Ділмұрат Рақымқожа мен Ерубай Барат арасындағы сөз жарысында кегендік айтыскер Ділмұрат басым түсті. Ділмұраттың әу баста айтқан мақамы ешкімге ұқсамайды, өзіндік сарыны бар екен. Алайда, сөз арасында әртүрлі мақамға ойысып, айтысының мәнін түсіріп алды. Ал, қарасайлық Барат ақын домбырасыз қара-жаяу айтысты. Талғар мен Еңбекшіқазақ аудандарының намысын қорғаған Нұрислам Әбитилда мен Ринат Нархановтың сөз сайысында талғарлық Нұрислам оқ бойы озық болды. Түп төркіні сыр елінен келген Нұрислам және Дінислам деген екі ағайындылар айтысқа шығып жүр. Сөз саптасы, өлең құрылымында Нұрисламда суырып-салып айтуда шеберлігі бар. Текелі қаласынан Айқып Бақберді мен Райымбек ауданынан шыққан Аят Жәнібек арасында бәсекеде Аяттың шоқтығы биік болды. Сарқан және Панфилов ауданынан шыққан Исламхан Мұхамедхан мен Қанат Нұрберген айтысында жарысқа түсіп, төселіп қалған сарқандық Исламхан озды. Балқаш пен Ақсу аудандарынан шыққан Асхат Нұраслан мен Қанат Боқанның сөз додасында, екі ақынның да айтыс айшықты болмауына байланысты қазылар құрамы тоқтатуға мәжбүр болды. Жамбыл және Іле аудандарынан Сатыпалды Әмір мен Әбілқасым Қанат, Көксу, Ескелді, Ұйғыр аудандарынан және Қапшағай, Талдықорған қаласының атынан шыққан ақындар арасында жартылай финалға көксулық Дархан Серікұлы шықса, кербұлақтық Дастан Ақытұлы мен Талдықорған қаласынан Жанатбек Айдаралы тең дәрежеде өнер көрсетті. Айтысқа алғаш түсіп отырса да Ақыт ақынның сөз саптасы, қарсыласқа қарымта жауап қайтаруы көңілден шықты.
Ақыт: Жырлайын осы ойымды
тыңдағанға,
Не жетсін тақырыпты жырлағанға.
Айтыс жасап жатыр ғой, Талдықорған,
Абай мен Фарабидей тұлғаларға.
Солар ғой артына өшпес хат
қалдырған,
Тәлімі ғибрат болды бұл қоғамға.
Өз мінін есіне алар әрбір қазақ,
Абайдың қара сөзін тыңдағанда.
Фараби 70 тілді білген адам,
Қалайша татымайды үлгі аларға.
Аттарын асқақтатып ел мақтап жүр,
Мүрдесі жатсадағы жылғаларда.
Бұл күні, Фараби мен Абайлар кім,
Бармекен байқайық бұл даламда.
Бұл күнгінің Абайы Айгерімін,
Сезім емес ақшамен шырмалауда.
Фарабидей 70 тіл білмек түгіл,
7 тіл білмейтұғын ұлдар азба
– десе, Ақытпен үзеңгі қағыстырған Жанатбек Айдарәлі:
Сайраған сандуғаштай Сара саңлақ,
Айтыста оқтай зулар дара самғап.
Арқаның Біржанына дес бермеген.
Тарихта Сара қалай аласармақ.
Жиенқұл болмағанда жеңілмес ед(і),
Айтыста көрініп тұр ара салмақ.
Бұндай айтыс тарихта болмаған деп,
Кейбіреулер көңілге жара салмақ.
Бұл айтысты Әріп жазып
таратты деп,
Қақпағын ақиқаттың жаба салмақ.
Баурында Ешкіөлместің болған айтыс,
Ақиқат ащы шындық баға салмақ.
Біржан-Сара айтыстың ақтангері.
Олармен кімдер бүгін таласалмақ.
Сара апам саңлақ еді жырлап кеткен,
Сараны Біржан сері шыңдап кеткен.
Еспенбет,Тұрысбектер нар тұлғалар,
Біржанның өтінішін тыңдап кеткен.
Сараға теңдік беріп теңге қосып,
Сандуғаштай Сара да жырлап кеткен.
Сара атында ауылда көшеде бар,
Жырлары өрнектелген сырмақ
неткен.
Тірісінде бағасын халық беріп,
Жылай-жылай жанары құрғап кеткен.
Өлгенде де тыныштық бермедік- ау,
Мүсінін бұзақылар бұлғап кеткен.
Біресе қолын кесіп шолақ етіп,
Ұрылар домбырасын ұрлап кеткен –деп ағыл-тегіл жырлаған Жанатбек Қаратал ауданында тұрып, Кербұлақтың атынан шыққан Ақытқа шүйліккен қырандай бас салды.
Өлеңді қамырдай қып илермісің
Айтыссаң Айтақындай билермісің
Жағым садақ болғанда, тілім жебе,
Бекежанның оғындай түйрермісің.
Түйреймін деп келгенде
қақпаңды ашып,
Қираған Отырардай күйрермісің.
Сен өзі қай ауданның ақыны едің,
Қолыңа ілінгенді сүйрермісің.
Сен қазір Үштөбенің баласысың
Пысықай болмағанда бүйдермісің.
Кербұлақтың атынан келіп қапсың,
Сен өзі жалдамалы киллермісің – деді. Айтыстың басты тақырыбы Біржан мен Сара болса да бұл айтысқа қатысқан 18 ақынның ішінде бірде-бір қыз ақын болмады. Осы олқылықты дөп басқан Жанатбек:
Көріп ек ат тұяғын тай басқанын,
Айтыстың түнек басты айлы
аспанын
Он сегіз жүйрік кепті бұл айтысқа,
Біреуі арық, біреуі май басқанын.
Тақырып Біржан менен Сара боп тұр,
Сараның айтам енді қай дастанын
Қазылар, Сара қайда, Сара қайда,
Шабысын көрмеймізбе айқасқаның.
Бұл айтыста Сара жоқ, кілең Біржан,
Сарасыз айтыс жасап қай сасқаның.
Таласар арамызда бір ару жоқ,
Айғырлардың көріңдер шайнасқанын – деп, Сарасыз айтыс жасағандарың қай сасқаның – деді. Ащы да болса бұл ақиқат. Себебі Жетісуда Сараның ізін жалғастырар, аламан додаларда топ жарар аруларды көре алмай жүрміз.
Жастар арасында өткен бұл айтыстың көрігін қыздырғандар арасында Райымбек пен Талғар аудандарының ақындары Аят Жәнібек пен Нұрислам Әбитилда болды. Жартылай финалда жолыққан екі ақын да суырып-салмалық өнердің үлгісін көрсетті.
Нұрислам:
Біржан-Сара еді ғой шын дүлдүлің,
Өлеңімен шашатын күннің нұрын.
Арттарына өлмейтін із қалдырып,
Биік қойды бәрінен жырдың құнын.
Біржаным асау өзен арнасындай,
Сара ақын тектіліктің жалғасындай.
Айтысы Біржан менен Сара қыздың,
Қазақтың айтысының айнасындай – дей келе, біресе «әлаулай, біресе қалаулай» дейсің-деп Аятты тұқыртпақ болды. Қарсыласының сөзіне мырс етіп күліп, шыбын шаққан құрлы көрмеген нарынқолдық Аят ақын:
Сақтаған бабалардан тектілікті,
Жігіт ем, осы өмірде текті, мықты.
«Айтыста қалаулайым дедің ғой» деп,
Сен бала көрсетпедің ептілікті.
Қадірлеп қара сөзді қор қылмадым,
Баурадым қара өлеңмен көпшілікті.
Піспеген сен сияқты балаларға,
Қалаулайдың өзіде жеткілікті-деп, Нұрисламның мысын басып, заманында топты жарып, шашаларына шаң жұқпаған Сара мен Біржанды жырымен әспеттеді.
Дүние жеткізбеген армандыны,
Секілді көшкен елдің ауған жүгі.
Кешегі Біржан Сара ақындардың,
Жатталып ұрпақтарға қалған жыры.
Талантты бабалар ай баға жетпес,
Алланың маңдайына жауған нұры.
Жырың қалды жүлде бар ма одан асқан,
Замана таңдап алар талғамдыны.
Мойнына алтын қарғы таққанменен,
Артпайды оған бола арлан құны
– деп, екі Біржан мен Сараны тіліне тиек етті. Қалжың айтса қарсыластың қабырғасын қақыратып жіберетін Аят Нұрисламды шаң қаптырып кетті. Жартылай финалға шыққан төрт жұп ақынның арасында Дархан Серікұлы, Ділмұрат Рақымқожа, Қанат Боқан, Мұхамедхан Исламхан, Ақыт Дастанұлы, Аят Жәнібек, Жанатбек Айдарәлі арасындағы сөз сайысында ақтық айналымға қазылар құрамы айтысты сұрыптай келе Аят Жәнібек пен Жанатбек Айдарәліні шығарды.
Қарсыласын қадірлей отырып, сыпайлықтың үлгісін көрсеткен Жанатбек, айтысса арқаланып кететін Аятты бір-мақтап, түр-түсінде, бойын да, ойын да, жырға қосты.
Хантәңірі мақтанышы баршамыздың
Жұпар иісі аңқиды аршаңыздың.
Айтысқа шөлдеп қалды барша қазақ,
Кепкені де рас-ау, аңқамыздың.
Бабы келген жылқыдай жер тарпыған,
Қозатыны бар екен арқаңыздың.
Аятжан тілің алмас жағың қайрақ,
Сабы да қарағайдан балтаңыздың.
Сенің осал болуың мүмкін емес,
Жартысы толған өлең қалтаңыздың.
Мұқағали қара өлеңге шекпен жапса,
Аят сен тамырына қан тамыздың.
Өңің суық қағаздың картонындай,
Танауың Үштөбенің маркобындай.
Екі бетің албырап отырсың-ау,
Нарынқолдың отқа көмген
картобындай.
Қарағайдың кесілген шөркесіндей
Өмірде білінбейді бар жоғыңдай.
Сөзіңнің сөліне ел тамсанады,
Грузинның «Есен тухи» баржомындай
Дауылдасаң Райымбектің көзіндейсің
Нөсерлесең Көдектің сөзіндейсің
Екіленіп сөйлесең есе бермей,
Шапқа біткен шандырдың безіндейсің.
Сыңар езу жылқыдай бұра тартып,
Безгек тиген адамдай безілдейсің.
Күліп тұрып кетесің күйіндіріп,
Ханды алдаған тазшаның өзіндейсің
Аятжан ел болмайсың жекеленіп,
Бақылдап не қыласың текеленіп
Басыңа бас қосылып бағың жанып,
Албанның бір қызына некеленіп.
Үй болып өсіп-өніп соғым сойып,
Бізді де шақырарсың шеке беріп.
Абыройың асқақтап
Хантәңірдей,
Ырысың арта берсін еселеніп – деп айтысты аяқтады. Аят та қалжыңнан қар боратты. Жанатбекке есесін жібермеді.
Тілінің тікені бар ақын Балғынбек ағасы сияқты өлеңдері сатираға ұласып жатты.
Қынаптан суырылса қылыш
тілім,
Тұлпардай біреуі едім
тыныстының.
Аман-есен келдің бе,
Жанатбегім,
Бірден бастап кетейін ұрыс
бүгін.
Өзіңе қарап тұрсам, бір
түрлісің,
Көзіме ұнамай тұр бұл
ұсқының.
Археологтар қабірден қазып
алған,
Мумиядан аумайды
тұрыстығың.
Ептеп жүріп қазаққа келіп
алған,
Біреуі емессің бе жымысқының.
Одан қалса тағы да ұқсатамын,
Текті елдің бұзып жүрген
тыныштығын
Басыңа ұқсатамын оның
басын,
Шашыңа ұқсатамын шыбыш
қылын.
Ал, Жанатбек, ендеше өзің
айтшы,
Ойыңның білуші едім тым
ұшқырын.
Қораппенен кіндігін жауып
алған,
Боратпенен жоқ па еді
туыстығың
– деп қарсыласына жебедей қадалған Аят «өлең сөздің патшасы атанған Абайды жырына арқау етті.
Қазақта Абай дана, Абай дара,
Әр ғасырда ататын арайлана.
Желіде келемеждеп ұлыларды,
Тілдің сұғын қадады Абайға да.
Абайдың ұрпағымыз дейді дағы,
Абайламай сөйлейді талай бала.
Үйірінен кейбіреу адасса да,
Биігінен түспейтін Абай ғана.
Әй, осы кей ақындар қатырады,
Тілдің сұғын талайға батырады.
Тұлпардай туламайтын жөнің
бар ма,
Туғасын Жетісудың топырағы.
Кешегі саңлақ ақын Сара
туған,
Қазақтың қасиетті атырабы.
Айтыс дейтін киелі
бәйтеректің,
Жайылған сен екеуміз
жапырағы
– деп өзімен құйысқан тістесіп қатар келген Жанатбекке жүрекжарды лебізін білдірді.
Айтыстың бірінші күнінен бабы мен бағы қатар шапқан екі ақынның сайысы тартысты өтті. Әсіресе, нарынқолдық Аяттың екпіні бәсеңдемеді. Бірін-бірі алып та, шалып та көрді. Аяттың бағы жанып, бас жүлдені қанжығасына (500000 теңгені) байласа, бірінші орынды Жанатбек (300 000 теңгені) иеленіп, жүлделі екінші орын (200000 теңге) Ақыт Дастанұлына бұйырды. Ал, үшінші орын (100000 теңгені) Нұрислам Әбитилдаға тиесілі болды. Айтысқа қатысқан өзге ақындар да айтысты ұйымдастырушылар тарапынан мақтау қағаздарымен марапатталды.
Жалпы Жетісу өңірінде жастар арасындағы бұл онлайн айтыс айтыскерлерге үлкен сабақ болуы тиіс. Ақындық өнер біліммен, оқу-тоқумен, әрі қанда бар қасиетпен келеді. Сондықтан, айтысқа немқұрайды қарауға болмайды. Айтыскерлерге алдын ала айтыстың бағдарламасы толық жіберілсе де, айтысқа толық дайындалып келмегендері көрініп тұрды.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ