Даму жолындағы бағдаршам

0
1906

 Өздеріңізге мәлім, Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті   Жолдауын  жариялады.  Жолдаудың басым бөлігі экономикалық және әлеуметтік мәселелерге арналды.  Президентіміздің  кезекті Жолдауы да ел көңілінен шығып, қызу талқылануда.

                              Жаңа қоғам мен жаңа талап

Айнұр ТӨЛЕУ, ақын:  –  Технологияның  дамығаны жақсы. Адамзат өзі жасаған құрылғылардың игілігін көре бастағалы қашан? Игілік демекші, ғылыми жаңалықтардың дені адамзатқа қызмет етсін деген игі мүддеден жаратылса керек. Бірақ жер беті игіліктен ғана тұрмайды. Ақпараттық- технологиямен тұтасқан заманда адамға анализ жасау жауапкершілігі жүктелген. Айталық әлеуметтік желі арқылы қиырдағы таныс- туысымнан мен бір-ақ сәтте хат- хабар аламын. Экранның арғы бетінен жүзін көріп жымиып, дәл қасымда тұрғандай шат- шадыман күй кешемін. Осылай етсін деп әлеуметтік желі ойлап табылса керек. Алайда желі- ақпарат алмасу алаңына айналды. Ресми һәм бейресми ақпараттар арлы-берлі ойқастап жүр. Мәселені барлығы бейресми, расталмаған және шындыққа жанаспайтын ақпараттарда болып тұр. Бір кеңістікте қандайда бір оқиға бола қалса  соны отқа ма құйғандай жалындатып, өршітіп, жұртты үрейлендіретін жағдайларға сіз бен біз күнде куә боп жүрміз. Бұл әлгі айтқан игілікті ұмытқаннан, белгілі бір топтардың өз мүддесі үшін ғаламторды мүмкіндігінше пайдаланып қалатынын аңғартады.  Сондықтан бұл ғасырда сындарлы ойлай алатын, ақ- қараны жылдам ажырата алатын азамат болу – бәрінен маңызды.

Індет кезінде журналистер мен зиялы қауым биліктен дұрыс статистиканы талап етті. Жүргізіліп отырған санаққа көңілі толмайтындарын жеткізіп жатты.  Осы талаптың соңы қалай болар екен деп күтіп жүр едім. Жауапты  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан таптым.  Жолдаудың бірінші бөлімі – Мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі деп аталады. Міне осы бөлімде Президент Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін құру туралы шешім қабылдағанын айтты. Дәл осы агенттіктің  құрамына Статистика комитеті  кіретін болды. Демек, біздегі статистиканың олқылығын әбден бағдарлап, байқап шешім шыққан. Кез келген қадамға Мемлекеттік жоспарлау жүйесі қажет. Онсыз бағдарлама дайындап, мақсат қоюдың  бәрі  бекер. Әсіресе,  қазіргі дағдарыс кезінде бұл агенттік  мемлекетке ауадай қажет және ол бір сәтке де жүрісінен жаңылмауы тиіс.

Осы елдің азаматы ретінде, Президенттің бұл жоспарының оңтайлы екеніне сенгім келеді.  Біз ғана емес, күллі жер беті енді жаңа жағдайда өмір сүреді. «Мемлекеттік аппарат және квази-мемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқарту мерзімін жеделдетуді тапсырамын. Биыл олардың санын 10 пайызға, ал келесі жылы 15 пайызға қысқартқан жөн. Осылайша біз 2021 жылы шенеуніктердің санын 25 пайызға қысқарту мәселесін шешетін боламыз. Соның нәтижесінде және цифрландыру үдерісін ескере отырып, одан әрі қысқарту туралы шешім қабылдаймыз». Осы шешім де әбден қолдауға лайық. Жаңа таным, жаңаша ой қорыту, жылдам әрекет ету. Бүгінгі ахуал адамзаттан осыны талап етеді. Сондықтан  Қ. Тоқаевтың  өз Жолдауында кадр мәселесіне мән беруі де құптарлық.

                          Жауапкершілік жүгі артты

 Гүлбақыт ҚАСЕН, Алматы облысы әкмінің бас инспекторы, ақын: –Қыркүйектің алғашқы күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламент Палаталарының бірлескен отырысында жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауын  жариялады.

Мемлекет басшысы қазақ қоғамында жаңа қағидаттар мен жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс екендігін, біздің елімізде «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесі берік орнығуы керектігін басып айтты.

Бұл  Жолдауда Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында белгіленген ұсыныстары мен бастамалары жалғасын тауып, қоғамның дамуы үшін алдағы кезеңде атқарылуы тиіс жұмыстарға нақты бағыт-бағдар көрсетілген.

Бүгінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру қолға алынды.  Қазір барлық басқару органы мен жергілікті атқарушы органдарда халық тарапынан айтылған өтініштер, пікілер мен сын-ескертпелер назарға алынып жатады. Осы орайда Президентіміз егер азаматтарымыздың әл-ауқатын шын мәнінде жақсартқымыз келсе олардың өздерін осы іске белсенді түрде тартқан жөн екендігін, алдағы саяси  реформалардың барлығы халықты мемлекет басқару ісіне кеңінен қатыстыруға бағытталуы керектігін атап өтті.

Жолдауда атап көрсетілген нақты 11 міндетті орындауда мемлекеттік қызметкерлердің алдында үлкен істер тұр. Жаңа бастамалар халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етуде. Сонымен қатар, Жолдауда қолжетімді әрі сапалы білім мен  денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қатысты нақты тапсырмалар берілді.

Ел Президенті «Ұлттың жаңа болмысы» турасында ойлы дүниелерді тілге тиек етіп, жаңа кезеңде қазақ зиялыларына ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру мен ұлт сапасын арттыруға атсалысуға міндеттеді. Ақын ретінде мен де үлкен жауапкершілікті сезініп келемін.

Қай кезеңде болмасын халқымыз адал еңбекті мұрат тұтып, ұрпағына тазалықты, адалдықты насихаттап келеді. Біздің де мақсатымыз – Тәуелсіз елімізге адал қызмет жасап, ұлтымызға қалтқысыз қызмет ету.

                                       Толығымен орындалса

 Мәди АЛЖАНБАЙ, Қазақстан Жазушылар  одағының мүшесі, журналист:  – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты жолдауы көпшіліктің көңілінде жүрген көптеген жайтты қозғап, өзекті мәселелерді қамтуымен ерекшеленді. Жолдауда қамтылған тақырыптардың бәрінің де көтерер жүгі ауыр, пайдасы мың батпан дер едім.

Атап айтсақ, мемлекеттік қызмет саласына жаңаша үлгідегі реформа жасау керектігін ескерткен Мемлекет басшысы Президентке бағынышты болатын Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің құрылатынын, бұл ең алдымен қоғам мен кезеңде жылдам өзгеріп жатқан әлеуметтік ахуалдың нақты әрі шынайы бағасын шығару үшін керектігін, құр көрсеткішке бағынған мемлекеттік бағдарламалар әзірлеудің тиімсіздігін, мемлекеттік қызмет жүйесін жаңартып, мемлекеттік аппаратқа қысқарту жүретінін, қысқартудан үнемделген қаржы қалған қызметкерлердің жалақысын өсіруге жұмсалатынын, сол арқылы білікті де білімді мамандардың қатары ұлғаятынын жеткізген Қасым-Жомарт Кемелұлы ендігі кезекте еліміз үшін экономикалық дамудың жаңа сатысы тұрғанын жеткізді. Оның айтуынша, қазіргідей күллі әлемді дүрліктірген жұқпалы дерттің әсері көптеген нәрсені жаңаша бағамдауымызға ықпал етті. Соған сай әділ бәсекелестікті дамыту, кәсіпкерлердің жаңа буыны үшін нарық ашу, отандық өнім көлемін ұлғайту, ауыл шаруашылық саласын дамыту, аграрлық салаға инвестицияны молынан тарту, ескірген суару жүйелерін қалпына келтіру, көлік-логистика саласын дамыту, шағын және орта кәсіпкерлік саласына дем беру сынды аса маңызды мәселелер қамтылатынын айтқан Президент енді азаматтар зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй алуға, емделуге жұмсай  алатынын атап өтті. Сондай-ақ, демография, білім, денсаулық, экология салаларына көрсетілер қолдаудың үлесін салмақтаған Мемлекет басшысы сот, прокуратура, полиция сынды құзырлы органдардың жұмысына ашықтық, жариялылық, қолжетімділік қажеттігін ескертіп, адам құқын қорғау бойынша жаңа шаралар қолға алынуы тиіс екендігін ескертті. Одан бөлек, ауылдық округ әкімдері келер жылдан бастап сайланатыны назардан тыс қалмады.

Міне, осындай аса маңызды мәселелер көтерген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы шынында жаңашылдығымен, маңыздылығымен ерекшеленді. Ендігі кезекте айтылған мәселелердің толығымен орындалғанын көру, жаңа істердің нәтижесіне сүйсіну алдымызда тұр. Әйтпесе, бүгінгі күннің ең сорақы әрекеті сыбайлас жемқорлық, парақорлық болып отырғаны белгілі. Тіпті, қоғамның барлық саласына сыналап кіріп алған жағымсыз әрекет күнделікті әшкере болып жатса да тыйылар емес. Осыған орай сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа тәсілін енгізу керектігін ескерткен Президент келер жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің, депутаттардың, судьялардың шетел банктерінде есепшотқа ие болуы, қолма-қол ақша және бағалы заттар сақтауына жаңа шектеулер енгізілетінін жеткізді. Одан бөлек, қос азаматтығы бар мемлекеттік қызметші немесе квазимемлекеттік мекеме басшысы қызметінен босатылатынын айтқан Тоқаевтың бастамасы шынында маңызды екендігін білдірді. Биылғы Жолдау жүктеген мәселелер мен бастамалардың толығымен орындалғанын қалаймыз.

 

Кілтсөздер:ЖОЛДАУ АЯСЫНДА


ПІКІР ЖАЗУ