ДӘРІГЕРЛЕРГЕ МЫҢ АЛҒЫС – дейді сарқандық келіншек

640

Талдықорған қаласындағы облыстық аурухана дәрігерлерінің кәсіби біліктілігінің арқасында COVID-пен байланысты пневмониямен ауырған жүкті әйел аман-есен босанды.

Ағымдағы жылдың 16 қаңтарын-да Сарқан аудандық ауруханасынан Меруерт Дүйсембек есімді келіншек дәрігер-реаниматологтың көмегімен санавиация арқылы Талдықорған облыстық ауруханасына жеткізілген. Тыныс алу жеткіліксіздігі, ентігу, қан қысымының жоғарылығы орын алған келіншектің жағдайы жүктіліктің 35-ші аптасында тіптен шиеленісіпті.
Облыстық аурухананың анестезиолог-дәрігері Ілияс Нүсіпалиевтің сөзінше, аяғы ауыр келіншекті алып келгенде жағдайы өте ауыр халде болған.
Төменгі тыныс жолдарының инфекциясы COVID-пен байланысты пневмония: екі жақты полисигментті пневмония, өкпенің зақымдануы шамамен 75-85 пайызға жеткен.
«Жүктіліктің 36-шы аптасы. Өте ауыр жағдайда, тыныс алу жетіспеушілігінің үшінші дәрежесімен түсті. Протокол бойынша емді бірден бастадық. Қазіргі таңда ауруханада орталықтандырылған оттегі жүйесі және қазіргі заманға сай тыныс алу, жасанды апараттарын пайдалана отырып, науқасты жасанды комаға кіргізбей, апараттың көмегімен демалдырып, өкпені желдетудің тәсілдері жүзеге асырылуда. Аяғы ауыр келіншекке осы екі апаратты қолдана отырып ем жүрігізілді. Бұл істе тек облыстық аурухананың ғана емес, телемедицина арқылы көмек қолын созған Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласындағы дәрігерлер-дің де еңбегі зор. Яғни, аталмыш қалалардағы анестезиолог-реаниматолог, инфекционист, пульманолог тағы басқа да мамандардың көмегімен бірлескен емдік жүйе жүргізілді. Әрі күнделікті акушер-гинекологтардың да бақылауы кіріктірілді. Науқас жас болғанымен, жүктілік бұл ауруға тіптен қатты әсерін берді. 36-шы апта деген ең ауыр кезең деп саналады ғой. Дегенмен, қиындықты еңсеріп, жеңіп шықтық. Келіншекті кесер тілігі арқылы босандырып, 3.800 салмақпен қыз бала өмірге келді. Бүгінде ана мен баланың жағдайы қалыпты. Бұйыртса, ауруханадан шығып, ары қарай тұрғылықты жері бойынша дәрігерлердің бақылауында болады», – деді Ілияс Ержанұлы.
Індетпен күресуде алдыңғы шепте жүрген дәрігерлер алдында екі бірдей адамның өмірін құтқару міндеті тұрды. Әр сағат сайын ана мен құрсақтағы шақалақтың өмірін сақтау үшін үздіксіз күрес жүрді. Медициналық мекеменің Бас дәрігері Анарбек Монголдың қатысуы-мен аурухананың үздік дәрігерлерінің консилиумы өтті. Он екі күн бойы дәрігерлер науқастың сауығып кетуіне және оның баласын аман алып қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасады.
Өзін ғана емес, баласының да өмірін аман сақтап қалған облыстық ауруха-на дәрігерлеріне сарқандық Меруерт Дүйсембек шынайы алғысын білдірді.
«Дер кезінде қолұшын беріп, күш-жігерлерін аямаған облыстық аурухананың ақ желеңді абзал жандарына ризамын. Әсіресе, күнделікті ем-дом жүргізіп, бақылауға алған Ілияс Ержанұлы мен Нұрлыбек Қонысбайұлына ерекше алғысымды айтқым келеді. Қазіргі жағдайым қалыпты, тыныс алуым да жақсарды. Бөпемді қолыма алып, аман есен үйге оралуға дайын отырмын», – деп ағынан жарылды ол.

Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ