ЕКПЕ – қауіпсіздік қамы

0
2222

 Тұмаудың алдын алудың ең тиімді жолы – екпе салдыру.  Елімізде жыл сайын жұқпалы аурулардың қатерінен қорғану мақсатында тегін вакцинация жасалады. Бұл үрдіс биыл да жалғасын тауып, 15 қыркүйектен бастап тұмаудың үш штаммына қарсы вакцина салынатыны мәлімденген.

 Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы Жұқпалы аурулардың алдын алу департаментінің директоры Жұмабек Бекенов вакцинаның 2 млн. астам дозасы сатып алынғандығын, әрі күзгі-қысқы маусымда жұқпалы аурулардың алдын алу шаралары турасында мәлімет берді. Айтуынша, елде жыл сайын 500 мыңнан 1 миллионға дейінгі адамда жедел респираторлы вирусты инфекция тіркеледі екен. Оның негізгі үлесін (64,2%) 14 жасқа дейінгі балалар құрайтын көрінеді. Сондай-ақ, биылғы коронавирустық инфекция жағдайы да алаң туғызуда.

«Коронавирус індетіне шалдыққандар саны әлі де тіркелуде, деректерді тұмаумен салыстырып отырмыз. Біріншіден, COVID-19 бен тұмау вирусы ұқсас болып келеді. Яғни, екеуі де тыныс алу жүйесі ауруын қоздырады. Сол арқылы ол симптомсыз немесе жеңіл, тіпті ауыр деңгейдегі көптеген ауруға әсер етеді. Екіншіден, екі вирус та адамдар арасындағы байланыс пен ауа арқылы жұғатындықтан сақтық шараларын қатаң ұстану инфекцияның алдын алу үшін маңызды», – деді ол.

Вакцинация басталысымен ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой алғашқылардың бірі болып тұмауға қарсы екпе салдырды. Министрдің берген мәліметі де жоғарыда айтылғандарға ұқсас. Яғни, өткен жылы күз бен қыс мезгілінде 430 мыңнан астам қазақстандық тұмаумен ауырса, олардың жартысынан көбі балалар. Қазақстан қауіпсіз әрі сапалы вакцина сатып алғанын халыққа түсіндіру мақсатында өзінің алғашқылардың бірі болып екпе салдырғанын айтқан ол ресейлік «Гриппол+» вакцинасы зертханалық сынақтардан және бақылаудан өткенін жеткізді.

– Биыл халықты вакцинациялау аса қажет. Өйткені коронавирус пандемиясы кезінде тұмау да өршуі мүмкін. Ондай жағдайда елдегі ахуалды тұрақтандыру қиын болады. Сондықтан бұл жолы елімізде вакцинацияны жылдағыдан екі апта бұрын бастаймыз, – деді министр.

Қыркүйектің он бесінен бастап  Алматы облысында да «Тұмауға қарсы егілейік» атты екпе науқаны жүргізілуде. Жергілікті бюджеттен бөлінген 191 млн. 484 мың теңгеге 161 800 тұмауға қарсы вакцина дозасы сатып алынса, қосымша 150 мың дозаға келісімшарт жасалған. Вакцинамен облыс тұрғындарының 14 пайызын қамтамасыз ету жоспарланған. Яғни, белгілі бір санатқа байланысты екпе ақысыз жүргізілмек. Атап айтсақ, медициналық ұйым қызметкерлері, жүкті әйелдер мен 6 айдан асқан балалар, созылмалы ауруы бар және 65 жастан асқан азаматтар ақысыз салдыра алады. Бұған қоса, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар тегін егіледі. Ал бұдан басқа өңір тұрғындары үшін 1 екпе дозасының құны 867 теңгені құрайды.

«Жыл сайын жүргізілетін екпе биыл жылдағыдан 2 аптаға ертерек басталды. Бүгінгі күні Талдықорған қаласына 13 997 доза берілді. Аталған ресейлік вакцина тек биыл ғана емес, жыл сайын алынады. Екпенің сапасы жоғары деңгейде, оң нәтижесін көрсетуде. Тұрғындар екпе жасатқаныменде, алдағы суық маусым басталғанда сақтық шараларын қатаң ұстанып, денсаулықтарына көңіл бөлуі тиіс»,– дейді Талдықорған қаласы санитарлық-эпидемиологиялық станциясының бас маманы Гауһар Өмірзақова.

Тұмауға қарсы иммундау жұмыстары басталған күні Алматы облысы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерғали Сыдыманов та алғашқылардың бірі болып екпе салдырды. Ол ресейлік «Гриппол+» вакцинасы өңірде төртінші жыл қатарынан егілуде екенін жеткізіп, әрі тұрғындарды өз денсаулығын қорғау мақсатында екпе жасатуға шақырды.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген тәмсілді өмірлік ұстанымы санайтын Өмірзақ Байжұманов ақсақал тұмауға қарсы екпені 4-5 жыл көлемінде жыл сайын салдыруды әдетке айналдырған.

– Екпе – қауіпсіздік қамы ғой. Жасым – 83-те.  Бұл вакцинаның көп көмегі бар. Әсіресе, егде жастағы  қарттар суық түсе  тұмауратып, сырқаттанып қалатын кездер жиі болады. Әр жылы осындай  екпе  салдырамын. Екпеден кейін   өзімді ешқашан жайсыз сезінген емеспін. Сол себепті,  әйелім, бала-шағамның  барлығы екпе салдыруды дағдыға айналдырған,– дейді қала тұрғыны.

Лина АЙДЫНҚЫЗЫ

Кілтсөздер:МЕДИЦИНА


ПІКІР ЖАЗУ