Есберлі батыр есімі берілсе…

742

Редакциямызға арнайы келген Талдықорған іргесіндегі Еркін ауылының ақсақалдар кеңесінің төрағасы Тортай Ізбасқанов: «Еркін ауылдық округіне қарасты Көктал ауылына Есберлі батыр аты берілсе» деген көкталдықтардың ұсынысын айтты.

Оның сөзінше бұл ұсынысты осыдан біраз күн бұрын ауылдық мешіт жанынан 320 адамға арналған қатымхананың ашылуы және «Қадырғали би Қосымұлы Жалаири» халықаралық қоғамдық қоры жанындағы редакциялық алқа ұсынған «Батыр бабалар ізімен» атты тарихи-танымдық жинақтың тұсаукесері кезінде ауыл ақсақалдары айтып, көтерген екен.
Тәуелсіз еліміздің қол жет-кізген жетістіктерінің бірі – өз құн-дылықтарымызды дәріптеп, ел үшін туған жандардың есімдерін жадыларда жаңғырту емес пе. Бұл тұста жер-су, ауыл-аймақ, көше атауларын өзгерту жұмысының маңызы зор. Осы орайдағы ауылдың аты батыр атымен аталса деген ұсынысты айта келген Тортай ақсақал өз ойын ортаға салды.
«Елбасы Н. Назарбаев бір сөзінде: «Тарихын білмеген ұлттың болашағы да мүшкіл болуы мүмкін. Мысалы, керемет үлкен еменнің тамыры терең болмаса, ол дауылға шыдап тұра алмайды. Сондықтан тарихымызды білу үшін көп нәрсе жасаудамыз», – деді. Расында тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр екені белгілі. Еліміз егемендік алған тұстан бері өткен тарихымызды жаңғыртуда талай іс атқарылуда. Ел үшін күрескен тұлғалар мен батыр бабалар есімдерін ұрпақтары ұлықтауда. Біздің жетісу аймағында да бабалар жолын жаңғыртуда талай игілікті істер жасалып келеді. Соның бірі ретінде жуырда ғана облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен жарық көрген «Қадырғали би Қосымұлы Жалаири» халықаралық қоғамдық қоры жанындағы редакциялық алқа ұсынған «Батыр бабалар ізімен» атты тарихи-танымдық жинақтың тұсауы кесілді. Жазушы-баспагер Ырым Кененбайдың құрастыруымен шыққан «Батыр бабалар ізімен» тарихи – танымдық жинағында Есберлі батыр туралы кең көлемде айтылады. Өз заманында ол кісіні «Ел қорғаны Есберлі» деп атапты. Әлі күнге дейін ұрпақтары есімін ұлықтап келеді.
Бала кезімізде Қабжан ақсақалдың үйіне көп жиналатынбыз. Кәдімгі Қабжан Батыров деген шежіре-қария болды. Өңірдің тарихын ол кісіден артық ешкім жақсы білмейтін-ді. Сол атамыз Есберлі батыр туралы әңгіме, дастандарды көп айтатын. Әттең, жас болдық, кезінде жазып ала алмадық, бүгінде соған қатты өкінемін…
Шыны керек, елім, жерім деп жан аямай күрескен осындай батырлар болмаса, қазіргі жағдайымыз қандай болатынын елестетудің өзі қорқынышты. Сондықтан баба есімін ұлықтап, ұмытпай, ел тыныштығы жолында жасаған ісін ұрпаққа жеткізу біздің міндетіміз деп есептеймін. Аталарымыз «Тарихты мылтықпен атсаң, болашақ сені зең-бірекпен атады» деген ғой. Ендеше, тарихымызды дәріптеп, ұлтымыздың мәңгі сақталуы үшін Көктал ауылына батыр баба есімі берілсе, бұл өткенімізді ұлықтап, болашағымызды жаңғырта түсудегі жарқын істердің бірі болар еді деп есептеймін», – дейді Тортай ақсақал.
Ал «Батыр бабалар ізімен» жина-ғындағы «Ел қорғаны болған – Есберлі» жазбасында жазушы Ырым Кененбай бы-лай дейді.
«Есберлі бабамыз қаптағай денелі, ірі адам болыпты. «Уә, жаратқан ием, ұрпағыма, еліме, Ес бере көр» – деп бабалары да атын тегін қоймаса керек. Өсе келе сан түрлі жауынгерлік айла-тәсілдерді меңгерген нағыз жаужүрек батыр атаныпты. Қоластына арнайы дайындықтан өткен сайыпқыран сарбаздарын жинап, осы өңірді мекен етіп, осы жерге қоныс тепкен. Елін, жерін қорғап қырық жыл бойы аттан түспеген.
– Есберлінің ақ шағаладай ауылы мен мұндалап жаудың алыстан зәресін алады екен. Ал сайыпқыран серіктері атойлап атқа қонғанда қандай жау болмасын жер жастанып, қалғандары тырақайлап қашыпты» – деп әңгімелейтін көнекөз ауыл қариялары Иманғазы мен Қабжан ақсақалдар. Бабамыз ел басқарудың да кемеңгер тұлғасы болса керек. Өзі осы жау өтінде отырса, төрт ұлы Байназар, Бабаназар, Ерназар, Есназарды Көктал өзенін бойлай төрт жерге отырғызып, сол өңірді иеленіп, шаруашылыққа да бейім болуға баулыпты. Малшылары қыс қыстауы Молалы, Балқашқа қарай көшіп, көктем шыға жаз жайлаулары Дегерес, Ақтасты, Шұңқырса, Мыңбұлақ, Төлектінің төріне дейін жетеді екен. Ал негізінен көктем-күзде Есберлі ұрпағы Атшабар, Шеңгел сай, Шүмек сай, Алмалы, Қызыжиде, Дауылбай, Жартасты, Сарыбұлақ, Көк өзен, Батпақтыны мекендепті.
«Есберлі бабамыз туралы аңыз-әңгімелер көп. Ол кісінің ержүрек ба-тырлығы, жекпе-жек шайқастары ту-ралы таңнан таңға дейін айтылатын қиссалардың көбі есімде қалмапты. Тек мына бір жолдарды айтып берейін», – деп әңгімесін аяқтайтын Иманғазы қария.
«Аққан жұлдыз ізі мәңгі сөнбейтін,
Аты қалды ерлік ісі өлмейтін
Асыл арман жетелеген Есберлі,
Аттан түспей қорғағаны – ел шеті.
Батыр баба – 40 жыл ат үстінде,
Бастаған қол, ерлігі ел есінде!
Бағасы бар жыр-дастанда Есберлі,
Басты тұлға Көктал туған жерінде!…»
Қариялардың тағы бір әңгімесінде бауырлары Қожаназар мен Артық мал-мен, жермен өздері айналысып, оның қолын босатып, таза ел мүддесінде жүруіне мүмкіндік жасапты. Жоңғарлар алғаш Жетісу жеріне солтүстіктен кіре бастаған тұста қасқая қарсы тұрған жаужүрек тұлға болса керек. Қалмақтар арасында: «Жетісуға кі-ре бергендердіңде жолбарыс қазақ баты-рынан сақтаныңдар, болмаса тау асып айналып өтіңдер» – деген сөздері қалыпты. Ал ол кезде жоңғарлардың қазақ жерінен біржола қуып шыққан Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбайлардың бала кезі немесе әлі өмірге келмеген тұсы».
Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхан: «Өзінің тарихын ұмытқан ел – не істеп не қойғандығын білмейді» депті. Қайраткер айтқандай, тарих дейтін: бұрынғы өткен заманның жайынан сөйлеп тұратұғын, бұрынғы өткен кісілердің ісінен хабар беретұғын бір ілім. Ендеше, өткенімізді ұмытпай, тарихымызды қайта жаңғыруда Есберлі батыр есімі ауыл атына берілсе деген көкталдықтардың ұсынысы облыс, қала басшылары назарына ілігіп, ел сөзіне құлақ түрілер деп сенейік.

С. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.

Сурет ғаламтордан алынды

Бөлісу: