Жалған ақпаратпен күресе білейік

166

Қазақ журналистикасының дамуына, бұқаралық ақпарат құралдары қызметінің сапасы мен журналистердің кәсіби біліктілігінің артуына лайықты үлес қосып келетін «Түркітілдес журналистер қоры» Қазақстандағы АҚШ дипломатиялық миссиясының қолдауымен 8-9 сәуірде  Алматы қаласында  «Fake news. Fact-checking. Information manipulation» тақырыбына семинар-тренинг өткізді.

ЖУРНАЛИСТЕРДІҢ ақпарат алу және таратудағы кәсіби білігін арттыру, фактчек жасау тәсілдерін меңгерту, деректерді тексеру, жалған ақпаратпен күресуге үндеу тақырыбын негіз еткен семинар-тернингке Қазақстанның барлық облыс, аудан, аймақтарындағы БАҚ өкілдері қатысты.

Қор Президенті Нәзия Жоямергенқызының сөзінше  семинарға Ақтау, Орал, Өскемен, Жезқазған, Талдықорған, Қарағандыдан барлығы 27 журналист қатысты.

Семинар-тренингтің ашылу салтанатына Қазақстандағы Америка Құрама Штаттарының Бас консулы Кэролайн Сэвидж қатысып, кездесуде жалған ақпаратпен күрестің маңыздылығы туралы сөз етті. Бас консул айтқандай, журналист кез келген ақпаратты жариялағанда адамдарды адастырмау үшін жауапкершілікті сезінуі тиіс.

«Fake news. Fact-checking. Information manipulation»  тақырыбын негіз еткен екі күндік семинар-тренингте Британиядағы «Avrupa» медиа холдингінің басшысы Ватан Өз бен ВВС телеарнасының Нидерландтағы меншікті тілшісі Юсуф Өзкан өз тәжірибелерімен  бөлісті.

Алдымен Ватан Өз мырза аталған қордың басшысы Нәзия Жоямергенқызын Еуропадағы Түркітілдес журналистер одағының 2022 жылғы «Жыл журналисі» сыйлығымен марапаттады.

ЕКІ  күндік семинар  жұмысының  алғашқы күнінде Ватан бей  жалған ақпарат пен журналистің жауапкершілігі жайында кеңінен тоқталды. Оның сөзінше, қазіргі кезде адамдар кез келген ақпаратқа  күмәнмен  қарайтын жағдайға жетті.

«Сіздер ақпаратты жазар алдында оның рас-өтірігіне  көз жүгіртіп,  ақпарат маған немесе менің жазбамды оқитындарға қалай әсер етеді және бұл ақпартты пайдалану есебінен оның шындығына қалай көз жеткізу керек? Тақырыпты бастамас бұрын  мұны терең зерттейтін боламыз. Бірақ, бір нәрсені үнемі есте сақтау керек. Ақпарат таратар алдында жүз рет өлшеп, оны тексеріп барып қана жариялау қажет. Мәселен, Тони Блэр Иракта соғыс бастайын деп жалған мәлімет таратқанда  журналистер «иә, ол рас» деп тұра шапқан жоқ, бұл  жалған ақпарат  деп қарсы шыққандары да болды. Өкінішке орай, жалған ақпаратты тоқтатуға көп жағдайда журналистер қауымының құзыры жете бермейді.  Кез келген  ақпаратты шығарған кезде  үш-төрт жылдан кейін жалған болып шығуы  ғажап емес. Сонда сіздің атыңыз өтірікші журналист ретінде беделеңіз (репутация) солай кірленеді. Яғни, қайталап айтсам,  жалған ақпарат адамдардың өміріне зиянын тигізе ме, әлбетте тигізеді»,  –  деген  Ватан бей  жалған ақпаратты қалай анықтауға болатыны туралы   сөз етіп, осы төңіректе  семинарға қатысушылардың ойын білді.  Лондондық маманның сөзінше,  ақпаратты алуда  дерекккөзі  болған адамдардың өміріне зиян  тигізбеу керек.

Семинарда AVRUPA порталының иесі Ватан Өз мырза жаңа технологиялар мен әлеуметтік желілерді пайдаланудың маңыздылығын да сөз етті. Ақпарат жазуда ескерер талаптарды тәптіштеп айтып берген Ватан бейдің әр сөзі көңілге қонып, санаға сан түрлі ой салды.

ШАРА  барысында  сайт ашу мәселесіне қатысты ойлар айтылды. Осы төңіректе қатысушылармен   «Сайт ашуда  неге көңіл бөлу, неден абайлау керек, жалпы қандай форматтағы сайт  жасар едіңіздер» деген тақырып негізінде топтық тәжірибелік жұмыс  өтті.

Лондондық маман семинарда әрдайым  жалған ақпарат емес шынайылыққа жақын болуды, ақпарат таратуда жүрекпен емес ақылмен өлшеуді, яғни, ақылға салу журналисті еш адастырмайтынын  айтты.

Алғашқы  күні өткен семинарда  тек Ватан Өз ғана емес, ВВС телеарнасының Нидерландтағы меншікті тілшісі Юсуф  Өзкан  да жалған ақпарат туралы толғамды  ойларымен бөлісті. Қатысушылар медиа тренерлер дәрісін тыңдап қана қоймай, олардың айтқандарын ой-елегінен өткізіп, алған білімдерін тәжірибелік топтық  жұмыстарда  көрсетті.

Мамандар  сөзінше,  жалған ақпарат – бұл әйтеуір бір уақытта (қашан екені нақты белгісіз) жан-жағын жермен-жексен ететін бомба сықылды. Ондай бомбаны өз қолыңызбен лақтырмау, өзің мен өзгелерді  ойлау басты ұстаным. Шынында да қазір ақпараттың қаншалықты рас екендігін тексеріп алатын жолдар көп. Алдымен ресми органдарға хабарласу, олардан мәлімдеме жасауын сұрау. Болмаса сол өңірде жүрген өкілдерді  оқиға орын алған жерге жіберу. Бұл тұрғыда  әлеуметтік желілердің күшін де пайдалануға болады. Мәселен,  бір мемлекетте мешіт жарылды деген ақпарат пайда болды делік. Өкінішке қарай, сіздің ол жақта өңірлік журналисіңіз жоқ. Әлеуметтік желі де тыныш, ешқандай пост шықпаған. Ресми органдар жұмған аузын ашпай отыр. Уақыт қысып жатыр. Не істейсіз? Бес минуттың ішінде ақпараттың жалған не шын екендігін қалай тексересіз? Егер осы сұрақтың жауабын тез тапсаңыз, онда сіз қолдағы бар мүмкіндікті барынша пайдаланатын жансыз. Әрине, google map-тың көмегіне жүгіну. Мұны да дәріс барысында тренерлер тәптіштеп түсіндіріп берді.

Семинар-тренингтің екінші күні де қатысушыларға ерекше серпін берді. Бұл күні түске дейінгі өткен дәрісті медиа тренер Юсуф Өзкан  топтардың тәжірибелік жұмысына баға  берумен бастады. Оның  айтуынша, берілген  тапсырманы орындауда бес топтың жұмысы да қайран қалдырды.  «Риза болғаным сіздердің журналистика мамандығына деген жанашырлықтарыңыз,  ішкі түйсік пен кәсіби  білікті астастыра отырып  зерттеу, шындықтың түбіне жетуге ұмытылғандарыңыз. Ең маңыздысы, сарапшылар пікіріне  сүйене отырып, ақпараттық манипуляция кімге, не үшін керек дегенді сіздер жете зерттеуге тырыстыңыздар.

Журналист тексерілмеген ақпаратты ешқашан  жібермейді,  қолымыз бөлісуге  кетіп  тұрса  да  бірден тоқтап, алдымен оның рас-өтірігін тексеріп алу қажеттігін және оған біз жауапты  екенімізді сезінеміз, білеміз. Яғни, журналистердің міндетін атқарғысы келіп жүрген әлеуметтік желінің қолданушыларымен шын журналистердің арасындағы айырмашылық осы жерде  білінеді.  Фактчек жасаудың  аса бір маңызды құралдарының бірі – ол   гуглға, яндекске, басқа да платформаларға салып, шын-өтірігін тексеру болатын. Сіздер мұны қалай жасау керектігін білдіңіздер. Мұны кез келген біле бермейді. Бұл журналист қана білетін құрал.

Сіздердің тағы бір кәсіби біліктіліктеріңізді дәлелдеген қадамдарыңыз берілген тапсырмада  суреттегі  баланың  отбасы  кім екенін анықтау үшін арнайы  сайтқа жүгіндіңіздер, кез келген көкаттыдан емес, ресми дереккөзден алдыңыздар.  Бұл да керемет дүние дер едім. Сонымен қатар бұдан да өзге дәлелдемелерді анық таба білдіңіздер»,  –  деді  Юсуф бей.

МЕДИА тренердің айтуынша,  Халықаралық журналистиканың он принципі бар. Соның біреуі – толыққандылық. Яғни, ақпаратты жарым-жартылай емес, барынша толық жеткізу және оқырманға түсінікті қылу. Тұщымды ойларын ортаға салған  Юсуф бей тілге тиек етілген мысалдарын қатысушыларға сауал ретінде жолдай отырып, дәрісті  одан әрі  қыздырып, жандандырды.

Адамдар неге жалған ақпаратты оқуға құмар?  Бұл  төңіректе  семинарға қатысушылардың ойын тыңдай  келе  Юсуф бей ойын  былайша  сараптады. «Жалған ақпаратты оқуға неге құмар?  Өйткені,  оның психологиялық  проблемалары бар. Мәселен, бір ақпаратқа көз жіберткенде  бұл мүмкін емес қой деп ойлағанымызбен, бірақ үздіксіз ағылымнан кейін рас па, шын ба деген күмән туындайды. Егер  адамның  ішкі пікірі болса,  ешкімнен сұрамай, анық-қанығына жетпей-ақ, кесіп-пішіп, оның үкімін шығарып қоямыз. Бұл  психологиялық тұрғыда».

Семинарда  жалған ақпараттың қаупі туралы да тілге тиек етілді. Дәрістен түйген ой: жалған ақпарат  деген жай ғана ойын  емес, ол өте қауіпті нәрсе. Демократиялық құндылықтарға қатер төндіреді. Жалған ақпараттың кесірінен адамдардың құқы шектеледі, тапталады,  денсаулығына зиян келеді, яғни барлық келеңсіздікке жол беріледі.  Журналистер үшін ең басты тақырып, проблема, ол – жалған ақпарат және онымен күресу болып табылады.

Сонымен, жалған ақпаратты қалай анықтауға болады деген сауалға орай  медиа тренердің айтқаны:  – ақпараттың  рас-өтірігін анықтау, сарапшылардың, тәуелсіз, бейтарап ақпарат көздеріне сүйену, түрлі құзырлы  органдардың  ресми сайттарына шығу немесе хат жазу.

Өз сөзінде  Юсуф бей фактчек жасаудың 8 ережесіне де  тоқталды. Бұл ережені Еуропадағы баспасөз  ұйымы жариялапты. Сонымен:

  1. Әлеуметтік желіге бұл ақпаратты кім жіберді?

2.Оның мақсаты не? (саяси, қаржылық  немесе өзінің жеке көздеген мүддесі бар ма, әлде қалжың болсын деді ме)

  1. Қандай дереккөзді пайдаланды және қандай құзырлы органға хабарласып, өкілінен пікір алды? (сізге келген бейнеде немесе суретте күмән туғызатын бірдеңе бар ма)

4.Сіз қолыңыздағы  ақпараттың рас-өтірігін дәлелдей аласыз ба? (оның ішінде бірнеше бейтарап  пікірлер бар ма, жоқ па). Бұл сұрақтарды журналист өзіне қоюы тиіс.

  1. Қандай дереккөздерді пайдаландыңыздар?
  2. Шынымен рас ақпарат па, әлде бірдеңе жасырылып тұр ма?
  3. Бұл оның өз көзімен көрген оқиғасы немесе  нақты бір дереккөзден алынған дүние ме, әлде біреудің жай пост ретінде  жазған  пікірі, ақпараты ма?
  4. Суреттер мен бейне, аудиолардың түпнұсқасын тексеру, анықтай білу де аса маңызды.

МАМАН  сөзінше  жалған  ақпаратты анықтау, фактчек жасау, оны түйсіне білу, ішкі түйсікпен сезіне білу деген секілді қасиеттер  қолдарында ұялытелефоны бар,   журналистердің орнын  басқысы  келіп, жүгіріп жүретін блогерлерде жоқ, болмайды да.

Жалған ақпаратқа байланысты «Өзіңіз жалған ақпарат таратып көрдіңіз бе?» деген журналистердің   сауалына   орай  медиа тренер санаға ой саларлық тұщымды жауап қайырды.

Семинар соңында  әр өңірден келген журналистерге сертификаттар тапсырылды, естелік суретке де түсті. Игі шараны ұйымдастырушы «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ Президенті Нәзия Жоямергенқызы отандық журналистердің біліктілігін арттыру мақсатында мұндай шаралардың әлі де жалғасатынын айтты. Алматы төрінде өткен берері мол семинар-тренинг  11-12 сәуірде   Шымкент қаласында  да  өтті.

Айта кетейік, «Түркітілдес журналистер қоры» 2014 жылдың қараша айында құрылды. Содан бері қарай қоғамдық қор түркі мемлекеттеріндегі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен серіктестік орнатып, іскерлік ынтымақтастықты арттыру ба-ғытында жұмыс істеп келеді.

Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ

ТАЛДЫҚОРҒАН-АЛМАТЫ

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ