“Жанұя” орталығына жүгінгендер көп

582

Осыдан бір жыл бұрын өңірдегі аз қамтылған отбасыларға  әлеуметтік тұрғыдан көмек көрсету үшін «Жанұя» орталығы құрылған болатын. Осы уақытқа дейін аталмыш орталыққа 2500 адам жүгініп, көмек алған. Бұл «Jetisu media» ақпарат алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Жиында сөз алған Алматы облысы Азаматтық Альянсының президенті Жанар Нұрмұханова атқарылған шараларға тоқталып, нақты мәліметтермен сөзін дәйектеді. Оның айтуынша, «Жанұяның» жылуын көрмекке ұмтылған жандардың ішінде  288 азаматша заңгерден кеңес алса,  356 аналар 25 психологиялық тренингте оқытылып, ал 506-ы психологтан жеке кеңес алған. Орталықта сонымен қатар, балалардың жетілуіне жағдай жасалған. Мәселен, 1-5 сынып оқитын 371 бала ағылшын тілі курстарынан тәлім алған.  Әртүрлі тақырыптар бойынша тренингтерде оқытудан 670 адам өтіп, әлеуметтік көмекке 23 адам қол жеткізген. Сондай-ақ, әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсететін ұйым аналардың бақытын еселеп келеді. Оған дәлел,  ұйым А. Оразбаева атты ананың «Харекет» қайырымдылық қоры арқылы Ескелді ауданы, Қарабұлақ кетінен баспаналы болуына ықпал еткен.

Айтса кетсек, «Жанұя» орталығы бір терезе қағидаты бойынша жұмыс істейді. Мұндағы мамандар әлеуметтік осал отбасыларды қолданыстағы әлеуметтік бағдарламалар туралы хабардар етіп, қажетті құжаттарды дайындауға көмек көрсетеді. Бұған қоса, заңгерлік және психологиялық кеңестер беріп, оңалту көмегін және басқа да қызмет түрлерін жүргізеді. Орталықтың қызметі әлеуметтік олардың өмір сүру сапасын арттыруға, экономикалық дербестік пен азаматтардың өмірлік қиын жағдайдан шығу үшін жеке уәждемесін нығайтуға бағытталған.

– 2021 жылдан бастап әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мемлекеттік қызметтерді алу үшін 1,2,3 топ мүгедектігі бар 50 азаматқа және мүгедек балаларға көмек көрсетілді. Ағымдағы жылдың қазан айынан бастап компьютерлік сауаттылық курстары, аспаз-кондитер, тігінші, маникюр-педикюр, визажист, шаштараз жұмыс істей бастады, барлық курстар тегін негізде өтуде. Курс аяқталғаннан кейін оқытылған мамандықтар бойынша сертификаттар берілді. Балалар үшін тегін үйірмелер, шахмат, дойбы, тоғыз құмалақ, ән айту, домбыра үйрету және қолөнер ұйымдастырылды»,– дейді Жанар Болатқызы.

Облыстық Азаматтық Альянсы баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде облыс орталығында 4637 көп балалы отбасы тіркелген. 2021 жылдың 1 тоқсанына атаулы әлеуметтік көмек алушы 1751 отбасының өтініштері ұзартылып, бүгінгі күнге «Egov.kz» порталы арқылы атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін 160 «Электрондық өтініштер» келіп түскен.

Ал 2021 жылға жеке өз істерін ашу «Бизнес Бастау» жобасы бойынша 100 жұмыссыз азаматқа 58,3 мың теңге, коммуналдық қызметтер шығындарын өтеу үшін тұрғын үй көмегіне жүгінген 419 отбасына 12,2 млн.теңге қаражат бөлінген. Сонымен қатар, білім саласында мектептерде балаларды ыстық тамақпен  қамтамасыз етуге бюджеттен 92,5 мың теңге қаржы қарастырылып, қалалық қоғамдық көліктерде тегін жол жүру билетімен 1200 көп балалы ана қамтылыпты.

Лина КӘЛІМХАН

 

 

 

 

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ