Жауапсыз қалады

1121

Қазақстанда басы ашылып нақтыланбаған бір емес, бірнеше, тіпті жүзнеше мәселе бар. Солардың бірі, көп назарына кейде шығып, кейде көмескі қалатын екпе мәселесі. Осы аптада тағы да әлеуметтік желіден сопаң етіп шыға келді. Бұл жолы атағы алатаудай ақын Балғынбек Имашев екпені міндеттеу азаматтардың Конституциялық құқығын таптау деді.

«Жалғыздың үні шықты, бірақ, елең еткен ешкім болмады. Біздің Парламенттің сыйқы осы енді. Бір депутат қарсы, екеуі қалыс, қалғаны үнемі қолдайды! Енді құрамы белгісіз, сапасы белгісіз, шетелден келетін екпелердің жартысы ерікті, жартысы мәжбүрлі түрде міндетті болады! Әншейін ғана гриптің бір түріне ковид-19 деп айдар тағып, әлемді дүрліктіріп,  пандемия жариялаудың мақсаты да осы болатын»,– дейді айтыскер. Ақының бұлай ашынып отырғаны апта басында «Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексте көрсетілген міндетті түрде жасалатын вакцинацияға байланысты. Ақын алты баласының алғашқы үшеуіне екпе салдырған. Ал қалған балаларына салдырмаған. Айтуынша, екпе салдырғандары әлжуәз, аурушаң болған. «Менің балаларым – менің байлығым, екпені маған ешкім мәжбүрлей алмайды!», – деген айтыскер құқығым тапталатын болса, азаматтықтан бас тартамын деп қадап айтты. Имашевтың сөз басында жалғыз деп отырғаны Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан. Халық қалаулысы аталмыш Кодекс жобасының қоғамдық талқылау кезінде-ақ қарсылығын ашық білдірген болатын. Сол жол мәжілісмен тіпті мұны халықаралық бизнес деген-тін.. Бұрындары екпеден бас тартуға діни себепті алға тартса, ендігілер шығу тегі күмәнді, пайдасынан зияны басым вакцинаны еккізбейміз деген уәж келтіреді. Денсаулық сақтау министрі Елжан  Біртанов осыған байланысты арнайы түсініктеме берді. Оның пікірінше бұл әдепкі ақпараттық үрейдің кесірі.

«Вакцинацияға жеке тоқталғым келеді. Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде сапасыз вакциналар, медициналық асқынулар және  көптеген бас тартушылар туралы әңгімелер әсерінен Кодекстің қабылдануына, оның ішінде міндетті вакцинацияға қарсы даулар пайда болды. Бұл қоғамдық сананың ашық манипуляциясы! Қазақстанда вакцинация мәжбүрлі болмаған және болмайды да!», – деді министр. Сондай-ақ,  сөзінің  дәлелді болуы үшін бас дәрігер өткен жылдан біршама мысал келтірді. 2019 жылы Қазақстанда 4,8 миллион бала егілсе, соның ішінде тек 143 бала екпеден соң өздерін жайсыз сезінген (температура, ісіну, терінің қызаруы). Ал егуден бас тартқандар саны – 6003, яғни 0,12 пайыз ғана болған. Былтыр елімізде екпенің салдарынан көз жұмған бала тіркелмеген. Ал аталмыш кодекстің кей тұсы міндетті ғой деген тілші сұрағына, одан қамқоршысының бас тарту құқы бар деп қысқа қайырды. Ата-аналар екпе ектірмесе, балаларына балабақшада дерт жұқтырған жандай қарап, алалайды деп есептейді. Екі оттың ортасында қалған халық кімнің сөзіне сенерін білмей дал. Осындайда екпені міндеттеп отырғандар баласына ел алдында вакцинация жасатсын деген пікірдің үнемі жауапсыз қалатыны қызық. Неге?

А.НАЗЫМ.

Бөлісу:
ТегтерНЕГЕ?

ПІКІР ЖАЗУ