Жаңалық жауынгерлері

941

Әйел – аяулы, жар, мейірімді ана, отбасының ұйытқысы, ажары. Ал отбасындағы мойнына жүктелген  міндеттерді бұлжытпай орындай жүріп, қызметте тәжірибелі маман, білікті басшы, үлігілі тәлімгер бола білу – екінің бірінің қолынан келе бермес өнер.

Көктемнің алғашқы мерекесі  8-наурыз Халықаралық әйелдер күні  қарсаңында халықтың көзі,  құлағы һәм тілі болған журналистика саласының, соның ішінде  тәуліктің 12  сағатында  дамылсыз  жұмыс істеп тұрған «Жетісу» телеарнасының  жаңалықтар бөлімінің   аруларымен тілдесудің сәті туды.  Олай болса, демалыс дегенді білмейтін, тіпті түсінбейтін, демала қалса ауырып қалатын жауынгер журналистердің  өзі жайында айтқан әңгімесін тыңдайық.  

«Өзімді басқа салада елестете алмаймын»

«25 жыл өмірімді журналистика саласына арнағаныммен әлі де болса жазып құмарымнан шықпадым». Бұл – ширек ғасырын өзінің сүйікті ісіне арнаған Гүлжанат МАҚҰЛЖАНОВАНЫҒҢ  жүрегін жарып шыққан сөзі.

Жұмысын жұмағына балайтын жан бүгінгі күнге дейін журналистиканың жілігін шағып, майын ішкенімен «жазарым мен халыққа жеткізерім әлі алда» дейді. Жастайынан шағын өлең, әңгімелер жазуға әуестігі мен бұл салаға деген ынта-ықыласының бары байқалған оның  алғашқы туындылары «Өмір нұры», «Шұғыла» атты аудандық газеттерде жарық көре бастаған. Мектеп бітіргеннен кейін отбасының ықпалымен армандаған журналистика мамандығына емес, Қазақ педагогика институтының филология факультетіне оқуға түссе де, оның журналист атанам деген кіршіксіз арманы көңіл түпкірінде сол күйінде сақталып қала берді. Қолына ұстаздық дипломын ұстаған жас маман әуеліде мұғалім, кейіннен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары сынды қызметтерді атқара жүріп, жан-жақты ізденістің  арқасында айрықша көзге түсе бастайды. Көп ұзамай қалалық әкімдіктің  баспөз қызметіне шақырылады. Телеарна саласына деген алғашқы қадамын басқан ол арманның алдамайтынына көзі жетті. Бұл жайында ол:

«Жас шағымнан  армандаған журналистика саласына келуіме түрткі болған, менің бағымды ашқан қазіргі І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен салтанатты шаралардың бірі еді. Сол кеште жүргізуші болған мен ерекше көзге іліккен болуым керек, қала әкімінің баспасөз қызметіне шақырту алдым. Осылайша телеарна саласының алғашқы баспалдақтарына қадам бастым» деп есіне алды.

Телеарна саласының ыстығы мен суығына төзіп, сан түрлі електен өткен, бүгінде ардагер журналистке айналған Гүлжанат Мақұлжанова қазіргі таңда «Жетісу» телеарнасындағы «Жаңалықтар» бөлімінің қазақ редакциясын басқарады. Алдына келген талай жасқа қажыр-қайратын төгіп, білгенін үйретуден жалыққан емес. Қарапайымдылықты жаны сүйетін ол ұжымына сыйлы, жастарға үлгі, ақылшы, отбасында асыл жар, үш  бірдей  бала тәрбиелеп отырған аяулы ана. Өзінің соңын басып, ізін жалғаған ұлы Алмат бүгінде әріптесі, ал үлкен қызы Мадина болса ҚазМҰУ-дің журналистика мамандығы бойынша білім алып жүр. «Тәулікте 24 сағат болса, соның тең жартысы түсірілім алаңы немесе студияда өтеді. Қызметім – өмірімнің айнымас бір бөлігі. Жаныңның бөлшегінен ажырап, алшақта өмір сүру мүмкін болмаса, менің де журналистикадан бөлек өмір кешуім мүмкін емес. Өзімді басқа салада елестете алмаймын. Себебі, жұмысым – жұмағым. Бұл салада еңбек еткеніме 25 жыл толғанымен, әлі де жазып құмарымнан шықпадым, жазарым әлі алда. «Заманына қарай адамы» демекші, бүгінгі жастар жалынды, талантты да талапты. Оларға тек бағыт көрсетіп қана қоймай, білгенімді үйретуден ешқашан жалықпаймын. Мен үшін студия – қасиетті орын. Осы ортада қанат қағып, осы жерде шыңдалдым. Енді сол төккен тер мен жасаған еңбегімнің жемісін көру – басты мақсатым» – дейді Гүлжанат Ахметқызы.

 

Ұстазы жақсының –ұстанымы жақсы

«Жетісу» телеарнасының жаңалықтарын тыңдап отырсаңыз Гүлжанат Мақұлжанованың үні құлағыңызға естілгендей болады. Тіпті сөз саптауына дейін айнымаған өзі. Алайда есімі басқа. Бұл қалай? Иә, бұл – Гүлжанат Мақұлжанованың мектебінен өткен, ұстазының жанынан бір елі қалмай жүріп жанталаса үйренген шәкірті Кәмшат МҰХАМЕТЖАН.

 Мектеп жасынан бастап шығармашылыққа әуес болған қаршадай қыз Абай, Мұқағали оқулары сынды түрлі әдеби байқауларда топ жарып, үздіктер қатарынан көрініп жүреді. Жастайынан жаны қалап, журналист болуды арман етсе де, тағдыр оны  мүлдем басқа арнаға ауыстырды. Дегенмен ол айтқанынан қайтпайтын қайсар мінезі мен бірбеткейлігінің арқасында ата-анасына ұнамаса да, заңгер мамандығын тастап, бір  жылдан соң қайтадан І.Жансүгіров атындағы журналистика мамандығына оқуға тапсырады.

Университет  табалдырығын аттай салған күннен бастап өжеттілігімен көзге түскен Кәмшат  түрлі шараларда алдыңғы қатардан көрініп, ЖМУ-дің оқу студиясында түрлі бағдарламалар жүргізіп, дикторлық қызметті де  атқарады. Оқу практикасын «Жетісу» телеарнасының жаңалықтар бөлімінде өткізіп, сол уақыттарда өз жұмысына деген бейімі мен икемділігін көрсеткен ол университетті қызыл дипломмен тәмамдағаннан кейін бірден «Жетісу» телеарнасына жұмысқа қабылданады.

Мамандығымды  жақсы көргенім соншалық, кейде күн демей, түн демей, кейде демалыс, мейрам күндері де жүре беремін. Себебі біздің жұмыстың дәл қызған шағы да – сол. Айналада болып жатқан жаңалықты бүкіл болмыс-бітімімен халыққа жеткізу –  басты міндет. Журналистика  әлемі мені көп нәрсеге үйретті. Ел араладым, жер көрдім, жаңа адамдармен таныстым, тіпті осы жұмысымның арқасында аз да болса елге танылдым. Ал іссапарға шығу деген менің  сүйікті ісім. Жол үстінде жүріп жаңа шабыт пен жаңа идеяларға кенелесің. Ниеттің түзу болуы мен әрдайым ізденіс, талпыныста жүрсең барлығына жетуге болатынына көзім жетті,– дейді ол.

Өжеттілік, қайсарлылық пен айтқанынан қайтпайтын бірбеткейлік – Кәмшаттың бойындағы асыл қасиеттері. Соның арқасында бүгінгі таңда Кәмшат – «Жетісу» телеарнасының «Жаңалықтар» бөлімінде тілшілік қызмет атқарады. Ұдайы ізденісте. Болдым, толдым демейді. «Алдыңғы аға буыннан үйренерім көп» деп өзін қамшылаудан еш жалыққан емес. Талапты жас бүгінде облыстық, республикалық көлемдегі марапаттарға ие болып, ұжымның мақтанышына айналған. Жұмыстағы ұстазы әрі ақылшысы, тіпті, өзінің сырлас досы, жанашыры санайтын Гүлжанат Мақұлжановаға айтар алғысы бөлек.

«Журналистиканың ішінде жаңалықтарға келгенім – жан қалауым. Жылдамдыққа үйретеді, шыңдайды. Журналистиканың асханасын меңгергісі келетін әрбір маман осы қарбалас ортада болуы тиіс деп есептеймін» – деп ағынан жарылды Кәмшат.

 

Қайта оралу

Журналистика дейтін қызу тіршіліктің ортасында жүріп, отбасына деген жауапкершілікті ұмытпаған жандардың  бірі – Жазира ИСАЕВА.

«Сүйікті мамандығыммен араға 10 жыл салып қауыштым. Егер адам жүрегі шынымен бір нәрсені қалайтын болса, түптің түбінде ол сол арманына жетпей қоймайды» дейді  ол.

Мектеп қабырғасында жүрген кезінен «Балқаш еңбеккері» атты аудандық газетте өлең, кішігірім әңгімелерін басып, түрлі шараларда ұйымдастырушылық қабілетімен ерекше көзге түседі. ҚазМҰУ-дің журналистика факультетінің журналистік шеберлік кафедрасын тәмамдаған соң Жазираны журналистика саласымен ештеңе байланыстырған жоқ. Ол мектепте мұғалім болып, техникалық салаларда қызмет атқара жүріп, сүйікті ісіне араға 10 жыл салып қайтып келді.

«Оқу бітіру мен жұмысқа шығудың арасында бірталай жыл өтіп кеткендіктен көптеген дүние ұмытылып та қалады екен. Жаңалықтар қызметіне жұмысқа орналасып, алғаш рет түсірілімге барып келгенім әлі күнге есімде. Тапсырма бойынша оператормен бірге барып түсірілім жасадық. Қайтып келгеннен кейін бейнежазба сақталған касетаны түсіріп келдік деп өткіздім де, тып-тыныш басқа жұмыстарымды жасап отыра бердім. Артынша бүгінгі тапсырма дайын болды ма, сценарийің қайда деген кезде барып, оған сценарий жазу керек екендігі ойыма түсті»  деп ағынан жарылды  Жазира апай.

Жазира  Бектемісқызы журналистика саласындағы қызметтік жолын «Рахат» телеарнасынан бастап, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының жаңалықтар бөлімінде, «Айтуға оңай» бағдарламасында  жалғастырған. Кейіннен «Даму» кәсіпкерлік қорының PR менеджері болып жұмыс атқарды.Ал  2016 жылдан бастап «Жетісу» телеарнасы «Жаңалықтар» бөлімінің шығарушы редакторы.

Жалпы журналистика саласында жұмыс атқарып жүргеніммен, осы уақыт аралығында журналистиканың ішіндегі түрлі салада әртүрлі міндеттер атқардым. Әр саланың өзіндік ерекшелігі бар. Себебі, оларды атқару барысында жаңа бір қырын танып біліп, адамда жаңаша бір көзқарас қалыптасады. Ал отбасы мен қызметті қатар алып жүру – мен үшін ешқандай қиындық туғызбайды. Сондықтан да, менің жан-жақты болуым, пісіп-жетілуім де соның арқасы деп ойлаймын, – дейді ол.

Бүгінде  Жазира апай  бір ұл мен бір қыз тәрбиелеп отырған аяулы ана. Ұлы әскери салада қызмет атқарса, қызы І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-де орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алып жүр.

Лина АЙДЫН

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ