ЖЕЛТОҚСАН ШЫНДЫFЫ ӘЛІ ДЕ АШЫЛМАЙ КЕЛЕДІ

0
2718

Тәуелсіздік деген киелі ұғым. Тарихтың тереңіне үңіліп, әрбір тас бетінде қалған таңбаларға қарап, тәуелсіздіктің оңай келмегенін ұғамыз. Әр заманда халқымыз азаттықты аңсап, соның жолында жанкештілікпен күресе білген. Сол жолдағы соңғы дүмпу желтоқсан оқиғасы екені даусыз. Желтоқсанның ызғарына қарамастан осыдан 34 жыл бұрын азаттықты аңсаған қазақ жастары бейбіт шеруге шыққан болатын. Осы шеру шебінде Алматы облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Гүлжан ТҰРСЫН апайымыз да болды.

АЛАТАУ: – Тәуелсіздік алғанымызға биыл 29 жыл болса, желтоқсан көтерілісіне 34 жыл толуда. Бәз біреулер бұл мерекені тойлап қарсы алса, кейбірі қаралы күн деп біледі. Ал, сіз бұл күнді қалай қарсы аласыз? Сіз үшін 16 желтоқсан қандай күн?
Гүлжан ТҰРСЫН: – Желтоқсан бір қуаныш, бір қайғының айы. Бірақ, бұлттың соңынан күн шыққанын ұмытпайық. Сан мың жыл бойы қазақ тәуелсіздікті аңсады. Сол үшін арда туған азаматтар басын бәйгеге тікті. Талай өрімдей жас жігіт шейіт кетті. Азаттық жолында жанын қиғандардың бірі Қайрат Рысқұлбеков еді. Оның сот залында тұрып: «еркек тоқты құрбандық, атам десең атыңдар» деген сөзі баршамыздың санамызда. Ендеше, желтоқсан айында бір күрсініп алып, шейіт кеткендерге құран бағыштатып, соңынан заманға шүкірлік айтамын.
АЛАТАУ: – Желтоқсанның ызғарын сезінген жанның бірі ретінде сол күндер жайын қалайша суреттер едіңіз?
Гүлжан ТҰРСЫН: – Бірінші курс. Қазақ журналистикасының қаранары Тауман Амандосов дәріс оқып тұр. Аудитория іші тып-тыныш. Тауман ағай қатал, студенттерді қит еткізбей ұстайды. Сабақ тыңдағысы келгендер мен ұйқысы келіп әрең шыдап отырғандар селт етпейді. Заң солай. Сондықтан көңілің басқа әлемде отырсаң да жанарың сол кісіде болуы тиіс.
Ақырын есік ашылды. Арғы жақтан басында бөркі бар әдеміше келген жігіт көрінді де, тілдей қағазды алдыңғы қатарда отырған Ормаштың алдына лақтыра салып, есікті сыртынан қайта жаба қалды. Әншейінде қозғалғанды байқап қалатын Тауман ағай, қағаздың лақтырғанын да, студенттердің оны бір-біріне кезекпен бергенін де байқамай қалды. Онда: «Кеуделеріңде қазақтың қаны болса орталық алаңға жиналыңдар!» деп жазылыпты. Шынын айтсақ, бірінші курстың студенттері бір күн бұрын Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың орнынан алынғанынан да хабарсыз едік. Бізді қозғаған «қазақтың қаны болса» деген бір ауыз сөз. Ауылдан шыққан, ата-ананың тәрбиесінде ержеткен балалар үшін намыс бірінші орында еді. Әлде, Тәуелсіздікті армандаған елдің ұрпағы болғандықтан ба, намыс, қасықтай қан үшін шайқасу санамызды алға жетеледі. Бәріміз ойланбастан, Тауман ағайдың екінші сабағынан қашып, орталық алаңға қарай ағылдық. Университеттің қасындағы аялдамаға жеткенде кураторымыз Мамытбек Қалдыбай ағай жолымызға тұрып алды. «Балалар, бармаңдар. Бұл саяси жағдай. Бірдеңкеге ұрынасыңдар» деп шыр-пыр болды. Бірақ, ағайды ешкім тыңдаған жоқ. Бағытымыз айқын еді. Жолда автобус, троллейбусқа отырайық десек, жүргізушілер ток қоса қояды. Бірнеше көлікке аяғымыз ілікпей жатып, баж етіп, ұшып түсіп жаттық. Түс ауа орталық алаңға жеттік. Сәтбаев көшесінің бойымен келе жатырмыз. Жол бойы танк, әскери машиналарды қойып тастапты. Қорқынышты. Көліктен солдаттар тұмылдырық кигізілген иттер жетектеп секіріп түсіп жатыр. Түсе салып сап түзеп тұра қалады. Қолдарында автомат. Жайбарақат келе қалған біз анандай көріністен тіксініп қалдық. Сол күні дала да ерекше суық еді. Аспанды бұлт торлап тұрды. Жайнап тұрған Алматы демде соғыс алаңына айналып кеткендей. Алаңның бір шетінде қолына үнпарақ ұстаған жастар келе жатты. Қолындағы үнпараққа «Әркім өз еліне өзі басшылық етуі тиіс». «Қазақты қазақ басқарсын!» деген сөз жазып алыпты. Жастарды бір-біріне солдаттар қоспай, қоршап жібермей ұстап тұр. Бір уақытта алаңды жаңғыртып «Менің Қазақстаным!» әні шырқалды. Рухтанып кеттік. Енді қыз-жігіттерді ұстап тұру мүмкін емес еді. Бәрі алдындағы қарулы күшке бой бермей, қаға-соға бір-біріне қарай жүгірді. Біз де арасында жүрміз. Табысты-ау бәрі. Енді олар солдаттарға қарсы шыға бастады. Алаңдағы мінбеге көтерілген бөрікті жігіт: «Біз бейбіт шеруге шықтық. Неге бір күнде Қонаевты алып тастағанын білгіміз келеді, түсіндіріңдер», – дегенді айтты. Ортаға шалақазақша сөйлейтін шенеунік шығып, бәрі орталықтың шешімімен болған жағдай екенін түсіндіре бастады. Сонда әлгі жігіттер қайта шығып: «Біз биліктегілердің сөзіне сенбейміз, ортаға Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов келсін! Солардың сөзіне ғана сенеміз» дегенді айтты. Бірақ ортаға қоғам қайраткерлері шықпады. Бағанағы шалақазақ қайта шығып, жастардың тезірек алаңнан тарауы керектігін, тарамаса күш қолданылатынын жеткізді. Артынша Үкімет үйі жақтан қолына қалқан мен дубинка ұстаған милиция жасағы бірнеше қатар сап түзеп келе жатты. Олар жастарды басып, жаншып күш қолданып, көнбегендерін өздерінің ішіне қарай тартып алып, төпелете ұрып жатты. Сол кезде жастарға сырттан тағы лек келіп қосылып, оларды алаң ортасына қарай ығыстырды. Сонда милиция сарбаздары аяғының астында тапталып қалған өрімдей қызды жігіттердің құтқарып алғанын көзіммен көрдім. Сұлқ жатқан қыздың денесі жансыз болып көрінді. Оны бірнеше жігіт көтеріп, көмек көрсетуге алаң сыртына ала жөнелді. Кеш түсе бастағанда Әл-Фараби көшесі жақ у-шу болып кетті. Қарасақ, өрт сөндіргіш машина жастарға су шашып, қорқытып, қуып жатыр екен. Сол кезде қасыма келген курстасым Ормаш: «Жүр, қаштық», – деп қолымнан жетектей ала жөнелді. Қоршаудан сытылып шыққан біз Әл-фараби көшесінің бойымен біраз жер жаяу жүріп, содан кейін көлікке мініп, жатақханаға келдік. Бұл сағат кешкі ондар шамасы еді. Есіктің алдында отырған қауіпсіздік комитетінің адамдары бірден сұраққа алды. «Қайдан келдіңдер? Киімдерің неге су? Кім бастап барды? Мақсатың не? Есірткі шегетіндердің арасында қайдан жүрсіңдер?» – деген сияқты түсініксіз сауалдар кеше әке-шешенің бауырынан келген сары ауыз балапандардың есін шығарып, сансыратып жіберді. Сол күннен бастап күдіктілер қатарына іліктік. Курстағыларды кезек кезек сұраққа алады. Бәрімізді бірдей жазалау мүмкін болмағандықтан, курстың комсоргы Ғазиз бен Гүлмира қамауға алынды. Ересектер тобынан Сейсен мен Нұржан темір торға тоғытылды. Бірнеше студент қысқы каникулға кетпей қамалғандарға тамақ тасуға Алматыда қалды. Бірнеше күн абақтыда жатқан достарымызды шығарған соң университеттің комсомол ұйымында үлкен жиналыс болып, оқудан шықпай аман қалды. Бірақ, комсомол билетіне сөгіс берілгені туралы жазып беретін болып босатылды. Партияның қылышынан қан тамып тұрған ол заманда билетке сөгіс жаздыру да болашаққа балта шапқанмен бірдей еді. Сол жылы көктемде қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері бізді бір жертөлеге ертіп апарып, түсініктеме жаздырды. Мәтінді өздері айтып отырды. «Мен алаңға байқаусызда барып қалыппын. Ешқандай жаман ойым болған жоқ. Енді ондай жерге бармаймын», – деген мағынада қолхат бердік.
Сол бір кез дәл бүгінгідей әлі есімде. Қысқы аспанды бұлт торласа 17 желтоқсан күнгі оқиға есіме түседі. Қазақ жастары бір қолдың сағасындай бірігіп, жұдырықтай түйілді. Тәуелсіздік туының желбірейтін күнін жақындатты. Бүгінде сол кездегі жастар еліміздің руханиятын көтеруге еңбек сіңіруде. Абыройлары асқақ, жүздері ашық. Себебі, армандарына жетті. Егемен елдің бір-бір кірпіші болып қаланды.
АЛАТАУ: – Бірі желтоқсанға оқиға деп, бірі көтеріліс деп баға береді. Осы күнді көз алдыңыздан өткізген сіз бұған не деп баға берер едіңіз?
Гүлжан ТҰРСЫН: – Желтоқсан – ме-нің түсінігімде оқиға емес, ол көтеріліс. Азаттықты аңсаған ұлттың ұрпағының сырттан басқарушыларға көнбей, тағы бір намыс туын желбіретіп, бас көтеруі. Көтеріліс Алматыда ғана емес жер-жерде орын алды. Бүкіл қазақ даласы «туған жер топырағын басқаға басқартпаймыз» деген ұран көтерді. Бұл Кеңестік кезеңнің орталықтан басқару, ел байлығын сыртқа әкету, халықты рухани мешелдікке ұрындыру, орыстандыру саясатына қарсы шығу еді.
АЛАТАУ: – Ақын Мұхтар Шаханов ағамыз: «Ызғарлы, мұз-қарлы Жел-тоқсанның ащы шындығы әлі күнге дейін толық айтылмай, ашылмай келеді» деген еді. Ақын ағаның пікіріне келісер ме едіңіз?
Гүлжан ТҰРСЫН: – Ашылмай келе жатқаны шындық. Тек, 16 желтоқсан күні ғана бір айтылады. Басқа уақытта мәні жастарға жете түсіндірілмейді. Мақсаты, мүддесі айтылуы керек. Жастар біреуден үлгі алу керек. Біреуге қарап ой түзеуі тиіс. Рухымызды таптатпайтын елшіл жастар тәрбиеленуі тиіс.
АЛАТАУ: – Сіздіңше, Желтоқсан шын-дығы туралы жұрт біле бермейтін қандай құпия бар деп ойлайсыз?
Гүлжан ТҰРСЫН: – Жұрт біле бер-мейтін жайт көп қой. Біз тек алаңға шыққандық жайлы ғана ақпаратпен таныспыз. Астыртын қандай әрекеттер жүргізілді. Алаңға шыққандарға қандай жаза қолданылды. Қандай жала жабылды. Көтеріліс қалай түншықтырылды сол жағын жете білмейміз.
АЛАТАУ: – Бүгінде мемлекет тара-пынан желтоқсаншыларға қаншалықты көмек көрсетіліп жатыр деп есептейсіз?
Гүлжан ТҰРСЫН: – Облыс әкімі Амандық Баталов жылда желтоқ-саншыларды қабылдап, еркін ауанда әңгімелеседі. Ой-армандарын тыңдайды. Әлеуметтік жағынан көмек көрсетеді. Желтоқсан көтерілісіне арнап ескерткіш қою жайлы бастама көтерілді. Бірақ, биыл індеттің салдарынан аяқсыз қалды-ау деймін.
АЛАТАУ: – Сұхбат соңында қазақ-стандықтарға не айтар едіңіз?
Гүлжан ТҰРСЫН: – Тәуелсіздікті тұғырлы ету өз қолымызда. Ол үшін жастар білімді, еңбекқор болуы тиіс. Отансүйгіштік, елжандылық қасиеттен айырылып қалмауымыз керек. Жастарды жат ұғым, жаман әдет-қылықтардан сақтауымыз қажет. Ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүрімізден, ар-ұят, намыс, иманнан ажырап қалмауымыз керек. Шет елге еліктеп азғынданып бара жатқандар бар. Алла солардың теріс жолға түсуінен сақтасын. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген қағиданы мықтап ұстануымыз керек. Көк туды көкте желбіретіп, егемен елдің ертеңін тұғырлы етуді естен шығармайық. Мемлекетіміз мықты болмаса, азып-тозып кетеміз. Осыны әр қазақ түсінуі тиіс. Ең бастысы, желтоқсандықтар әкелген Тәуелсіздігіміздің тұғырын биік ұстайық!
АЛАТАУ: – Әңгімеңізге рахмет.

Дайындаған С. ӘЙТЕНОВА


ПІКІР ЖАЗУ