Жер дауы мүгедектерді де мазалайды

0
1175

Кім  Алладан кеселді сұрап алыпты. Тағдырдың басқа салғанын,  жұмыр басты пенде  бұл да жаратқан Жаппар Иемнің бір сынағы деп мойынсұнады. Әсілі он екі мүшеңнің сау болғанына не жетсін. Қоғаммен біте қайнасып, тағдыр тауқыметін тартып жүрген мүгедектер жайлы айтудың өзі бір азап. Қаратал  ауданынан  «Мүгедек  және ақыл-есі, дене бітімінің кемістігі бар балаларға қамқорлық көрсетуші ата-аналардың «Алпамыс» ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің филиалы редакцияға қоңырау шалып,  мұң-зарларына құлақ асып, мақала жариялауды өтінді. Бардық.  Көзбен көрдік. Аянышты.

Жалпы, ауданда, үлкенді-ұсақты мүгедектерге қатысты бес  ұйым бар екен. Солардың ішінде  «Алпамыс» ас-социациялық қоғамдық бірлестігінің филиалы бұрыннан жұмыс жасап келеді.  Мұнда қазір 300 мүгедек тіркеуде тұр Олардың 5-6-ы төсекке таңылған, күтіп-бағуды қажет ететін жарымжандар.  Ал,  жаңадан құрылған «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігіне осы қоғамнан арбаға таңылған 50-60 мүгедек ауысады деп күтілуде. Бұл қоғамдық бірлестікті өзі де арбаға таңылған, жағдайы өте ауыр бірінші топтағы мүгедек Ғалия Дүйсенбекова құрыпты. Олардың шақыруы бойынша осы Ғалияның мәселесімен барғанбыз. Арбаға таңылған, көзі көрмейтін, бес баланың анасы 2009 жылы «минингитпен» ауырып алты ай  ессіз-түссіз (комада) жатқанын,   жылдан-жылға кеселі меңдеген Ғалияға енді тағы да басына ота жасату үшін бір миллионнан астам қаражат қажет болғанын айтты. «Барар жер, басар тауым» қалмады, жүйкем тозды. Маған дәрігерлер тыныштық сақта деген, қалай сақтаймын емханаға барсам дұрыс қабылдамайды. Тіпті, МРТ түсіру үшін 26000 теңгені қалтамнан төледім. Заң бойынша маған тегін көмек көрсетілуі керек еді. Аудандық ауруханаға барсаң лифтіге арбамен сыймайсың, жүріп-тұра алмаймын. Адамдардың көмегіне мұқтажбын. Ал, дәрігерлер дөрекі мінез көрсетеді, соларға ашуланып жүріп, бүкіл медициналық құжаттарымды таксиге қалдырып кетіппін. Енді оны қайдан табамын» — деп бозторғайдай шырыл-даған мүгедек пәтер жалдап тұратынын, оның өзі қыста жылымайтынын айтып мұңын шақты. Бұл бір ғана Ғалияның  жайы ғана  емес, арнайы журналистерді шақырған мүгедектер бұған дейін «Алпамыс» ассоциациялық қоғамдық бірлестігіннің филиалын басқарған бұрынғы басшылары Нұрлан Байкушовтан көрген қиянаттарын айтып, арызданып жүріп оны орнынан босатып, Кашина Анар Талғатқызын өз қалауларымен  жиын өткізіп,  өткен жылы төраға сайлап алғандарын айтты. Ұлардай шулаған мүгедектердің айтуынша, «өзімізге тиесілі арнайы мекеме жоқ, қыста суық, көрінгенге жалынып-жалбарынып жылу сұраудан шаршадық.» дейді. «Бізді көрсе кәсіпкерлер теріс айналатын болды. Осы Анар Талғатқызы келгелі біраз жұмыстың басын қайырдық. Қыл аяғы компьютер де тапшы. Аудандық  және қалалық әкімдік те бізден мезі болды. Ал, бізге тікелей қарайтын Алматы облыстық «Алпамыс»  ассоциациялық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гульгана  Назырова көңіл аудармайды. Бізге тиесілі 8 гектар жердің 6-гектарын Айдарбек деген заңгеріне беріп жіберді. Біз одан бір тиын пайда көріп отырғамыз жоқ, қалған екі гектарды  Бақытжан деген кәсіпкерге арендаға беріп 100 000 теңге алып, қоғамдық бірлестіктің қажетіне жараттық деп даурыққан соң, облыстық «Алпамыс» ассоциациялық қоғамдық бірлестігінің төрайымы  Гульгана  Назырова қоңырау шалып, Үштөбеге шақырып, мән-жайға түсінік беруін өтіндік.»  деген мүмкіндігі шектеулі жандар жан айқайын айтса, бұдан бөлек, ағаш жонатын және жүн тазалайтын қондырғылардың Рүстем  деген азаматтың үйінде тұрғанын айтты. Тіпті олардың жай күрек, болгарка тағы басқа да құрал -саймандарды түгендеп берсін деген уәждері де   болды. Ашуға булыққандарға басу айтып, Гульгана  Назыроваға  өздеріңіз жиын өткізіп, артынан бір жауабын беріңіз деп кеттік.  10 тамыз күні  редакцияға арнайы келген   Гульгана Назырова бұл жұмысқа 2017 жылдан бастап  кіріскенін, алғашқыда бұл жұмыстарды қалай істеуді білмедім дейді. «Мен бірте-біре қоғамдық бірлестіктің жұмысымен толық танысқанша уақыт өтті. Ал, енді бұлар даулап отырған  ағаш жонатын және жүн тазалайтын қондырғыны 14 тамызда барып  Рүстем деген азаматтан алып өздеріне беремін деді.

Ол   «қондырғылар жұмыс істеп тұр ма?» деген сауалымызға «істеп тұр» деп жауап берді. Кеше олардың көзінше Рүстемге хабарластым, қондырғының бір сайманы сынып қалған, мен жаңасын қойдым, бірақ жаңа сайманды сіздерге бергім келмейді деді. Мен келіспедім. Бәрін басы бүтін өткізіп бересіз, біз сізге жұмыс істеп тұрған қондырғы бергенбіз деп келістік. Менің   Алла Тағаланың алдында арым таза. Ал, жерді мен оларға бермеймін. Ол жерді мен өз меншігіме алғам жоқ. Мен Анар Талғатқызына  айтқанмын. Жердің екі гектарын бір азаматқа арендаға  беріп,  ақшасын  алған деген  Гульганаға иә 100 000 теңге алып, қоғамдық бірлестіктің қажетіне жұмсапты ол туралы айтқанын ескерттік. Бірақ оның есебін маған берген жоқ, олар заң жүзінде маған есеп беріп тұрулары керек.   Ол жерді сәуір айынан бастап менің заңгерім Айдарбек белшесінен суға малынып арығы толған күл-қоқысты тазалады. Біз  аудандық, қалалық әкімдікке хат жаздық ешқайсынан көмек болмады, хатқа да жауап бермеді. Айдарбек бір жеті жүріп, өзі тазалады, ол өзі намазхан жігіт. Енді ол жерге жүгері егілді. Жинау науқаны болғанда ол өзіне тиесілі өнімін алып шыққан шығын өтелсе, қалған пайданы сол жергілікті қоғамдық бірлестік филиалына береміз. Ол жер пәленбай жыл пайдаланбай тұрған.  Ол жердің құжатын жасағанда мен өзім 100 мың теңге қалтамнан шығардым. Ал, қараталдық мүгедектерден бір тиын шыққан жоқ. Ол «Алпамыс» ассоциациялық қоғамдық бірлестіктің балансында тұр. Бізде жарғыда жазылған заң бойынша  кәсіпкерлікпен айналысуға құқымыз бар.  Ал, мына сегіз гектардың екі гектарына  жылыжай  салғымыз келген. Ол жерге Қаратал ауданының әкімдігі транс-форматор орнатып береміз деп уәде берген. Уәде орындалмады. Қараталдық мүгедектер біздің қоғамдық бірлестіктің мүшелері өздері ұмытылып жұмыс жасамайды. Тек бер-бер деп шулайды. Тіпті дауыс көтеріп сөйлеуге құқылары жоқ»  деген  Гульгана егер өздері қам-қарекет жасамаса ол қоғамдық бірлестік филиалын жауып тастаймын»  деп ренішін білдірді. Мүгедектер дауласып отырған сегіз гектар жердің екі гек-тарына, жоңышқа, 3 жарым гек-тарына жүгері егілсе, қалған 2  жарым гектарына қарағаш тамырланып өсіп кеткендіктен игерілмей қалды. Менің кінәм сол жиналыс өткізуім керек еді, олар біздің қызметті алушылар ғана, ал мәселелерді шешуге олардың  қатысы жоқ. Құрғақ сөз болмас үшін  құжаттарды көрсетейін. Бар мәселені бірлестік шешеді. Кімді директор етіп  сайлау керек. Ал мүгедектердің бәрі қызмет алушылар болып табылады. Олардың ешбір дауыс беру құқығы жоқ.  Бірлестік филиалының ережелерінде  Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес Бірлестік өзінің құрылымдық бөлімшелерін құруға, Қазақстан Республикасы аумағында өзінің өкілдігін ашуға құқығы бар. Заңда филиал заңды тұлға болып табылмайды деп атап көрсетілген. Және құрылтайшылар жиналыстарымен бекітілген  ережелер негізінде  әрекет етеді. Демек, олар біздің ереже негізінде ғана әрекет етуі тиіс. Сондықтан олар ешбір талап қоя алмайды, өйткені, олар біздің қызметті алушылар ғана. Анар Кашина маған бағынышты адам, сондықтан, сізді шақырмастан бұрын менімен ақылдасуы керек еді. Мен Анарға үміт арттым.  Ол Айдарбек сияқты адамдармен жұмыс жүргізе біліп, мүгедектерге көмегін тигізер деп сенгем. Оны басшы етіп сайлағанда құрылтайшылар да сенім артқан. Алайда,  дау туғызып тұрған сегіз гектар жерді  мен алып алды деген сияқты ой туды.  Мүгедектерді  маған қарсы ұйымдастырды. Бізге сендердің өнімдерің  керек емес. Біз Ресейде шөп тамырлары жайлы жоба жазып жатырмыз дедім. Біз грантпен ғана жұмыс істейміз. Осы гранттың арқасында 2019 жылы  Талдықорғандағы «Балпық би» көшесіндегі 203 үйде жылыжай жобасын жасадық. Қазір жұмыс істеп тұр, барып көруіңізге болады. Тура сондай жылы жайды  Үштөбе қаласындағы екі гектар жерге, Көксу ауданындағы  КазАгроСервис болашақта сол жерге трансформатор орналастырылса, Көксу ауданындағы жылыжайды  Үштөбеге көшіруге  уәде берген. Олармен тығыз жұмыс істеп келеміз.  Анар осының бәрін жақсы біледі. Біз онымен осы жайында сөйлескенбіз.

Тек жиналыс өткізбедік. Алайда Анар  осы филиалдың басшысы ретінде адамдардың бәріне түсіндіруі керек еді. Биылғы жылы 2 гектарға жылыжай орнатпақ едік.   Оны біз емес КазАгроСервис қоймақшы болған. Олар екі жылыжай орнатып, мүгедектерге жұмыс орнын ашуды жоспарлаған.  Ал Ғалия  Дүйсембинова  өзі  ауру бола тұра «Бізге  берсе мен биыл жылыжай орнатар едім» деп кеудесін соққылайды. Оны орнату оңай дей ме екен. Балпық бидегі 8х18 м  көлеміндегі жылыжай 3 млн.184 мың теңге болды. Мені қайта-қайта келіп кетіңізші деп шақыра бергенімен  баруға мүмкіндігім болмай қалады. Осында екі нысаным бар, оған қоса аталған жер, тағы басқа жобалар да жазып жатырмыз. Қысқасы  шаруам бастан асады. Сон-дықтан жергілікті жерлердегі мәселелерді шешу үшін филиал басшысы сайланған. Анарды шақырып, жұмыс жасаудың жобасын көрсеттім.   Филиал басшысы жергілікті жерлерде барлық мәселені шешу үшін сайланған адам.  Мен қайта-қайта бара бермес үшін істің жайын  маған баяндап тұруың керек дегем. Ол телефон соғып, бәрі дұрыс екенін айтып отырды.   Ғалияның мәселесін бірінші рет естіп тұрмын. Ол бірінші топтағы мүгедек,  оған барлық медициналық қызмет тегін көрсетілуі тиіс. Бізге жүгінсе заңгеріміз бар, құжаттарын рәсімдеуге көмектесеміз. Ол босқа айғай аттан шығармай, орталыққа жүгінсе шұғыл жағдайда квота кезегіне қоямыз» деген   Гульгана Назырова мүгедектер айғай-шуын Анар Кашинадан көруде. Екі оттың ортасында қалған Анар Кашина:  «Мүгедектерді құдды мен  «Алпамыс ассоциациялық қоғамдық бірлестігінің төрайымы   Гульгана  Назыроваға қарсы қойғандай болып тұрмын. Бұлармен жұмыс жасау өте қиын. Сегіз гектар жерді даулап, менің де күнде мазамды алады. Негізі сізді шақырған мүгедек Ғалия Дүйсенбинова өз  мәселесін айтпақшы болған. Гульгана Назырова мені  іс-тәжірибиеден өткіздім дегені өтірік. Бір рет қана  «обл собезге»  алып барды. Мен бұл қызметті сұрап алған  жоқпын. Гульгана және оның орынбасары болған Айгүл звондап, офистеріне шақырды. «Менің іс-тәжірибем жоқ, бұрын мұндай жұмыс жасамадым  деп ашығын айттым. Көмектесеміз,  үйретеміз, «офис» алып береміз,сен меңгересің»  деді. Менің кандидатурамды Болат Абилдинов ұсынғаны рас. Екі ортада мені айыптайды. Жер мәселесінде шу шықпас үшін Гульгана Назырова өзі жиын өткізіп, мән жайды мүгедектерге айтуы керек еді, олай етпеді. Ол кісіге бірнеше рет хабарластым. Жерді даулап жатыр не істейміз, менің мазамды алуда дедім. Жер  «Алпамыстың» балансында олардың шаруалары болмасын» деп зекіп тастады. Тіпті мүгедек Болат Абилдинов та ол кісіге звондады. «Биыл ешқандай өнім жоқ, шықпады» деп ашуланды. Отырған мекемеміз қыста суық. Әу баста көмектесеміз, са-тылатын үй тап деген соң, Қонаев көшесінен жақсы, ауласы кең үй, бағасы  бес миллионға таптық. Жақсы мен Райхан Маратовамен ақылдасайын деп хабарсыз кетті. Қыста аязға шыдамай қайта хабарластым. Ол  «үй қымбат,  арзанын ізде» деген соң  «бағасы қанша сумада болу керек» деп сұрадым,  «екі миллион төңірегінде»  деді. Оны да  әпермеді. Оларда өндіріс орындары бар,  неге қол ұшын созбайды. Кешке дейін сұрай бересің деп ренжиді. Әкімдікке бар дейді. Біз қайда хат жазбадық. Жұмыс істеу үшін жағдай болуы керек. Өткенде сіздер кеткеннен кейін жиында   филиалды жауып тастаймын» деді. 

Анардың сөзін қол астындағы мүгедектерде қолдап отыр. Осы кісі келгелі азда болса шаруаларымызды шешіп беруде. Алайда, әкімдікке, «Нұр Отанға» одан қалса ауылдағы кәсіпкерлерге қайта-қайта қол жайып қайыр сұраудан біз де жалықтық. Қасымызда, жұмыспен қамту орталығынан жіберген көмекшілеріміз бар, сол сегіз гектарға көктемде жоңышқа ексек, соны үш мәрте шауып алуға болады деген мүгедектер  Гульгана Назыроваға шүйлікті.

 «Сен аузыңды жапшы» деп, бірінші топтағы мүгедек Болат Абилдиновқа дөрекілік көрсеткен, басшының өзі, әдептілікті сақтамады. Ал, екі аяғы, екі қолы жоқ, басында рак диагнозы бар,  дәрі-дәрмектен көз ашпаған жарым жандардың дауыс көтергеніне  шыдамаған  Гульгана Назыроваға екі баласы мүгедек  Жұмазия Камиловада өкпесін айтты. «Бір балам Алматыда больницада жатыр, бір балам қолымда, оларға  тиесілі жәрдемақы еш нәрсеге жетпейді. Жер үйде тұрамыз. Қыстың көзі қырауда отын сұраймыз, ала алмаймыз. Өзім екі бірдей мүгедекке қарап отырып несие аламыз,  бұл барып тұрған тозақ қой» дейді.

ТҮЙІН ОРНЫНА: «Былай тартсаң арба, былай тартсаң өгіз өледі» дегендей,  Қаратал ауданындағы «Алпамыс» ас-социациялық қоғамдық бірлестігінің филиалындағы мүгедектердің халі мүшкіл. Қыста жылына алмай  аязды бөлмеде жұмыс жасайтындар, әрі өздеріне тиеслі деп санайтын қондырғыларды Рүстемге берсе, жер телімін олардың келісімінсіз Айдарбек деген өзінің заңгеріне арендаға беріп жіберген «Алпамыс» ассоциациялық қоғамдық бірлестігінің басшысы    Гульгана  Назырова өкпелі екендерін айтуда. Тым құрыса жылы сөз айтып жұбатуға жарамады деп налиды. «Жердің құжатын мен жасадым деп, не істесем де өзім білем,  сендердің шаруаларың болмасын» деп айтуға ол кісінің құқысы жоқ. Ол жер әу баста 2002 жылы аудан әкімі Серікжан Бескемпіров болғанда қараталдық мүгедектерге берілген. Сондықтан бізбен ақылдаспай, өзінің заңгері Айдарбекке жалға беріп,  жүгері ектіріп, өнім шықпады деп жалтарып, біз шулағаннан кейін күзде өнім жиналғанда комиссия құрып, жалға алушы шығарған шығынын қайтарып алып,  қалғанын сендер аласыңдар деп екі сөйлеп отыр. Әрі жерді жиналыс өткізгенде өнім жиналған соң  аласыңдар деген енді бермеймін деп  айтыпты. Бұл не деген екіжүзділік дейді.  Бүгінгі қоғамда мүгедектер  тұрмақ, дені сау адамдардың да жүйкесі тозған, сөз көтермейді.  Мүгедектер дауыс көтеріп жер дауласа , жұмыс жасайтын жылы орын сұраса, түсінуге болатын шығар.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ