Жол сапасы қатаң бақылауда

685

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан; іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында еліміздің экономика мен әлеуметтік сала бойынша күретамырының бірі болып саналатын таспа жол мәселесіне ерекше назар аударылды.

Маңызды құжатта Мемлекет басшысы былай деді: – «Нұрлы жол» бағдарламасының бірінші кезеңі табысты жүзеге асырылды. Соның арқасында елордамызды өңірлермен «тармақтану» қағидаты бойынша байланыстыруға мүмкіндік туды. Көлік жүйесінің жаңа инфрақұрылымдық ұстыны қалыптасты. Еліміздің жаһандық көлік дәліздерімен интеграциялануы қамтамасыз етіліп, Азия мен Еуропаны байланыстырған Қазақстанның тарихи мәртебесі қалпына келтірілді. … «Нұрлы Жол» бағдарламасының екінші кезеңі еліміздің көлік-транзит секторының жетекші ролін бекемдеуге арналуы керек. Алдымызда тұрған міндет – 2025 жылға дейін 24 мың шақырым жолды, яғни республикалық маңызы бар жолдардың бәрін қайта жөндеп, жол бойындағы қызмет көрсетумен қамтамасыз ету», – деп жол құрылысшыларына да үлкен жауапкершілікті жүктеді.
Президент айтқандай, өткен бесжылдықта жол саласы біраз биікті бағындырып үлгерді. Ең негізгісі сан емес, сапаға назар аударылды. Осы ретте күре жолдың сапасын бақылауға алып, оның құрылысын тікелей қадағалайтын «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК мекемесінің дүниеге келуін баға жетпес жетістік деп айтуымызға тұрады. 2019 жылдың наурыз айында құрылған кәсіпорын барлық облыста филиалдарын ашып, жыл жарым ішінде ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстары жүргізе білді. Атап айтқанда, өткен жылы еліміз бойынша «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» мекемесінің қызметкерлері жол-көлік материалдарынан 27,4 мыңнан астам сынама алған екен. Нәтижесінде 6 мыңнан аса талапқа сәйкес еместік анықталып, 9,6 мың кемшілік белгілі болған.
Дәл осындай үздік істер 2020 жылы «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Алматы облыстық филиалында да атқарылды. Өткен жылы филиал қызметкерлері облыстағы республикалық және жергілікті деңгейдегі таспа жол құрылысының сапасын анықтау, бақылау барысында 1349 рет тексеру жұмыстарына шықты. Жұмыс барысында жол құрылыс материалдарынан 2397 cынама алынып, тексеру кезінде 570 сынама нормативтік құжаттардың талаптарына сай болмай шықты. Жалпы қайта салуға жұмсалатын шығындар сомасы 83 миллион теңгені құрады. Сондай-ақ өкілетті орган қызметкерлері «Адалдық алаңы» жобасы аясында 11 рет жол жұмыстарының сапасына тексеру жүргізді. 31 рет сынама алынып, оның 22-сі талапқа сай болмай шықты. Табылған кемшіліктер бойынша жауапты кәсіпорын басшыларына 5 хаттама жолданды.
Ал облыс аумағында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынып жатқан «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» автожолының құрылысы биыл толық аяқталып қалар деген үміттеміз. Жаңа жол Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының шекарасымен өтеді. Автобанның 31,5 шақырымы төрт жолақты, ал 282 шақырымы екі жолақты. Қалай десек те, жаңа жолдың әр шақырымы «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының» Алматы облысы бойынша филиалының қатаң бақылауында тұрғанын ерекшелеп айтқымыз келеді.

Ақбөпе ЖИЕНҚҰЛОВА,
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының»
Алматы облысы бойынша
филиалының баспасөз хатшысы.

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ