Жын-шайтанның кейпіне енеді…

0
2036

«Қазақ еліктегіш халық», «нені болса соны өзіне жапсыруға бейім» дейтін пікірлер көп. Айтса, айтқандай-ақ. Жақсы-жаманы аралас түрлі елдің мәдениетін бойымызға сіңіріп, сонымен етене араласып кетуге дайын тұратынымыз жасырын емес. Тіптен, біреудің қаңсығына таңсық болып жүрген кей жандар өзге ұлттың мейрамын төл мерекемізбен бірдей дәрежеде атап өтуді жөн санайды. Солардың көшін бастап тұрған қызылды-жасылды жылтырақпен безендіріп, бәріміз айнала қоршап ән айтатын Жаңа жыл мерекесі қанымызға сіңісті болып кеткелі де қашан?! Бүгінде оның дұрыс-бұрысын саралайтындар да шамалы. Қасиетті Тәуелсіздікті алған күніміз шыршаның тасасында елеусіз қалды деген бірлі-жарымды баскөтерулер болғаннан кейін ғана жасыл желекті тек желтоқсан айының ортасынан бастап жарқыратуды жөн санадық. Дегенмен, мұндай тілек-талаптарға құлақ аспайтын, шараға бір ай бұрын білек сыбана кірісетіндер де республиканың әр өңірінен жыл сайын қылаң беріп келеді. Бұдан бөлек, жасөспірімдер үшін мектеп қабырғасынан бастап дәстүрлі мерекеге айналған «әулие Валентин күнін» тойлап, жүрекшелер тарату соңғы жылдары оның шығу тарихын ұғынғаннан кейін ғана сәл саябырлаған болатын. Алайда одан асып түспесе, кем түспейтін тағы бір «айтулы датаны» атап өту жастар арасында кеңінен етек жайды. Бетіне түрлі бояу жағып, жын-шайтанның кейпіне енетін, «Хэллоуин» атты мерекесымақты төбеге көтеріп, тойлатуды әлі де доғара алмай келеміз. Алдымен атының өзі бізге жат хэллоуиннің қандай «мереке» екені жайлы азды-көпті мағлұмат бере кетсек.
Хэллоуин – АҚШ-та 31 қазан күні халық жаппай тойлайтын Рождестводан кейінгі айтулы мереке. Пұтқа табынатын ежелгі кельттердің наным-сенімі бойынша, бұл күні мазасыз әруақтар мен сиқырлы тіршілік иелері біздің әлемімізге өтеді-мыс. Сондықтан да кельттер әруақтар сияқты киініп, арғы беттен келетін тылсым күштерді тыныштандыру үшін, әр үйге барып тамақ сұрап жүретін болыпты. Шығу тегі осылай бастау алған ақылға жанаспайтын бұл мейрам бүгінде күздікүнгі ерекше күндердің қатарында. Тіпті, күні кеше ғана хэллоуинге орай киінген алматылық бір балабақша бүлдіршіндерінің суреті әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, оған желі қолданушылары екіұдай пікір білдірген. Яғни, түрінен адам шошитын кейіпке енетіндердің «мерекесін» бірі қолдаса, енді бірі түбегейлі қарсылықтарын жеткізіпті. Ал интернет бетіндегі дереккөздерге сүйенсек, Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіндегілер балабақша мен мектептерде өтетін іс-шараларды министрлік жоспарламайтынын, әрі аталған шара жекеменшік балабақшада өткендігін жеткізген. Тек бір ғана емес, еліміздің бірталай білім ошағында аталып өткен осы бір «мерекені» тоқтатып, айылын жиюға әлі күнге қауқарымыз жетпей келеді. Неге?

Лина АЙДЫНҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ