Көгілдір отынға қолы жетпеген ауылдар

20

Көгілдір отынға қол жеткізу  Алматы қаласының іргесіндегі Жамбыл, Қарасай, Талғар аудандары тұрғындарының  бас ауруына айналғанына жеті жылдың жүзі болды. Алматы облысына қарайтын айтулы аудан тұрғындары  сұйық отын  газды әне беріледі, міне беріледі деп күте-күте сарағайып, төзімдері таусылған соң облыс орталығы Талдықорғанға келіп ереуілдетті. Онда  да өңір басшысы Амандық Ғаббасұлымен осы салаға жауапты әкім орынбасары  Лаззат Тұрлашовқа жолықпай, Алматы облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бағлан Тәнекеевтің мекемесіне барып шу шағарды.

Облысқа келіп тұрып,  үлкен бастықтарға кірмей,  төменгі бастық Бағлан Тәнекеев пен облыс әкімінің орынбасары Лаззат Тұрлашовқа сенімсіздік білдіріп : «орындарыңнан кетіңдер» деп талап  қойғандар «ертоқымдарын бауырына алып», тулап-тулап қайтты. Ашу-ызаларын көгілдір экран арқылы жалпақ жұртқа жария етті. Ал, істің шын мәнісінде  неге кешеуілдегеніне ереуілшілерден кейін, Алматы  облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқарма басшысының орынбасары Бағлан Абылханұлы Абылқасымовқа жолығып,  мән-жайды сұрап білдік.

«Бақсам бақа екен» демекші, екі тараптыда тыңдау, біздің басты міндетіміз. Бейне сюжеттегі көріністі көрсеңіз, шағымданушылардың мұң-зарынан жергілікті билік түк іс тындырмағандай көрінеді. Мил-лиардтап қаржы бөлініп, орта жолдан істі тоқтатып тастайтындай «билік те ақымақ емес шығар» деген күмәнді ой, бізді  Алматы облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық мекемесіне алып барған-ды. Расында,  істің ақ-қарасы құжат жүзінде мүлде бөлек екеніне көзіміз жетіп, ресми ақпарат алдық.

Жалпы, Алматы облысында 742 елді мекен бар. Бүгінгі күнде оның 474 әлі газдандырылмаған. Өйткені, кезінде елді мекендерді газдандыру бойынша Республиканың бас жоспары қабылданып, Алматы облысының газға қатысты схемасы жасалған. Қазіргі уақытта облыста 156 ауыл көгілдір отынды пайдалануда. Бұл 33 пайызды құрайды. Мұны аз  немесе көп деп айтуға келмейді. 2015 жылы Алматы мен Талдықорған қаласына қарай магистральды газ құбырын  тарту жұмыстары басталған. Оның бойындағы елді мекендерге соңғы екі жылда бюджеттен қаражат бөлініп, жобалау құжаттамалары жасалып,  құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, 2015 жылдан бүгінгі күнге дейін газ құбырларын тартуға 65 миллиард қаржы бөлінген. Оның ішінде Алматы облысына «Алматы магистралы» құрылысы ғана емес, автоматты газ тарату станциялары салынған. Бұған бюджеттен бөлек  «Қаз Транс Газ» аймақ мекемесі тарапынан қаржы салыпты. Ашығын айтқанда облыста бес аудан газсыз отыр. Бұл аймақтарға газ құбырлары тартылмаған. Олар Ақсу, Сарқан, Алакөл және оңтүстік шығыстағы  Кеген мен Нарынқол аудандары. Қазіргі таңда Кеген мен Нарынқол аудандарын газдандыру бойынша техникалық экономикалық негіздеме жасалуда. Соның негізінде, жобалау сметалық құжаттамаға мемлекеттік байқау жарияланып, оны «Катек» атты мердігер мекеме ұтып алған. Келісім шартқа  отырған облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы осы жұмыстармен айналысуда. Бір жыл ішінде құжаттама жұмыстары рәсімделіп бітсе, республикалық бюджеттен қаражат сұралып, 2023 жылы газ құбырларын тарту жұмыстары басталмақ. Сондай-ақ, аяқталу сатысында  осы жылдың қыркүйек айының аяғына таман мемлекеттік сараптамаға өткіземіз деп жоспарланған жұмыс  Талдықорған Алакөлге магистральдық газ құбырларының жобалау сметалық құжатамасын өткізбек. Бұл құжаттамалардың шешімдерін алса,  келесі жылы, яғни, 2022 жылы газ құбырларын тарту жұмыстары басталмақ. Енді елді дүрліктірген Алматы маңындағы газдандыру жұмыстарының жайына тоқталсақ. 2013 жылдан бастап Жамбыл ауданының  «Жайсаң», «Қыдырбекұлы», «Ақсеңгір», «Қазбек бек», «Көкдала» елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша  «Тәуекел» газ құбыры деген жекеменшік мекеме өз қаражаттарына жобалау сметалық құжаттамасын жасаған. Оны мемлекеттік сараптамадан өткізіп, оң бағасын да алыпты. Алайда, бастаған істерін ары қарай жалғастыруларына аталған мекемеде  қомақты қаражат болмауына байланысты, Алматы облысының коммуналдық меншігіне аталған жобаны өткізіп берген. Ол бойынша облыс әкімінің қаулысы да шыққан. Облыстың коммуналдық меншігіне өткеннен кейін, қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алу байқаулары өткізіліп, 2013 жылдың аяғында келісім-шарт жасалып, 2014 жылы құрылыс жұмыстары жүргізілген. Жалпы,  келісім-шартқа сәйкес, құрылыс жұмыстарының сомасы 463,3 миллион теңгені құраған. Салынған газ құбырының жалпы ұзындығы 45 шақырымды құрайды.Оның ішінде жер астымен тартылған құбыр 9,8 және 35,7 шақырым. 2014 жылдың 30 тамызы күні бұл объект  мемлекеттік қабылдау комиссиясының шешімімен қабылданып,  іске қосылған. Алайда, осы уақыт аралығында құрылыс жұмыстарын салып біткеннен кейін мердігер компания  тапсырыс берушіге жұмыстың атқарылуы бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде  жобаның авторы, техникалық қадағалау жұмыстарын жүргізген мердігер мекемелер, барлық жұмыстың түрлерін  іске асырған кездегі толтырылатын құжаттары және орнатылған құрылғылардың қай зауыттан шыққан сертификаты, басқада  дүниелері құжат жүзінде жинап, Алматы облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық мекемесіне өткізу керек болған. Бар гәп осы арадан болып тұр. Жиналып өткізілуге тиісті құжаттарды   «Алматы Газ Монтаж» мекемесі дер кезінде өткізбеген. Күні бүгінге дейін ол құжаттар Алматы облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық мекемесінде жоқ .  Заң бойынша салынып біткен нысан заңдастырылу керек. Ол  үшін оның орналасқан учаскесіне құжаттар рәсімделеді. Мемлекеттік акті,  жер бетіндегі құрылғылар техникалық паспорт жасалуы тиіс. Міне, осы құжаттарды «Алматы Газ Монтаж» мекемесі жүзеге асырмаған. Тіпті, күні бүгінге дейін айтулы мекемеде кезінде осы құрылыс саласымен айналысқан адамдар іздестіріліп жатыр.  Жеті жылдан бері хабарсыз кеткен айтулы мекемеде сол кезеңдерде қызмет жасаған жауапты тұлғалар із шалдырмай жатқан көрінеді. Тіпті, «Алматы Газ Монтаж» деп айдарлап ат қойған фирманың өзіде ұшты-күйлі жоқ болып кеткен. Сотқа жүгінетін де, уақыт өтіп кеткен екен. Кезінде құрылысты жүргізген мекемеге сапа жағынан ешқандай кінә да артылмаған. Өз қаражаттарымен іске кіріскен компанияны құзырлы органдар бірнеше рет тексеріп, атқарған жұмыстарынан ақау таппаған. Салғырттық кезінде тиісті құжаттар рәсімделмей «ҚазТранс ГАЗ» мекемесіне жетпей қалған.Ал, коммуналдық шаруашылық мекемесі осы аталған жердің гос актісін халыққа қызмет көрсету орталығы  арқылы   қаражат бөліп,  2020 жылы  коммуналдық шаруашылық мекеменің атына тіркелген.  2014 жылдан 2021 жылғы аралықта энергетика және коммуналдық шаруашылығы тарапынан газ желілерін іске қосып, газ беру үшін  «ҚазТранс Газ» аймақтық Нұр-Сұлтан қаласындағы мекемесіне және Мемлекеттік мүлік жөніндегі комитетке екі мәрте хат жолдапты. Ол жақтан  алынған тиісті жауап та жоғарыда «Алматы Газ Монтаж»  мекемесінің құжаттарды рәсімдемеуіне байланысты айтылған. Өйткені үкіметтің 14 қыркүйек  2010 жылғы №939 қаулысы бойынша үкімет тарапынан бюджеттік қаржыға салынған газ жүйелерінің барлығы міндетті түрде «Самұрық қазынаның» ұлттық қорына өткізуі керек болған.  «Ары қарай, ұлттық  Газ Транс  аймағына беріледі»,- дейді Бағлан Абылханұлы. Жарты миллиардқа салынды деген «Қазбекбек» станциясына дейін тартылған газ құбырлары, 2014 жылдан бері қарай қараусыз тұрғандықтан тозған. Кейбір жерлеріне ағаштар құлаған. Газ құбырларының астына қойған тіреулер майысқан,  қойылған аппаратуралар, газ өлшейтін құрылғылар, датчиктер сынған, ұрланған. Бұл жерлерде сан мәрте тексерулер де, болыпты. 29 шілде күні басқарма басшысы  Бағлан Тәнекеевтің тапсырмасымен осы өңірге арнайы барған  орынбасар Бағлан Абылханұлы Обыстық «Жетісу» газ серіктестігінің басшысы Иманалиев Рашат және «Газ Транс Газ» аймақтық Алматы облысы бойынша филиалының жауапты мамандарымен қараусыз қалған газ жүйлерін «Қазбекбек» станциясына дейін аралап шығып,  акті толтырып, суретке түсіргендерін айтты. Осы актінің негізінде сметалық құжаттама жасап, ағымды жөндеу жұмыстарының қажеттілігіне байланысты  ағымдағы жылдың 2 қыркүйегіне дейін мемлекеттік сатып алу байқауын жариялағандарын мәлім етті. Бәрі ойдағыдай болып,  оң қорытынды шықса,  келісім-шартқа отырып, мердігер мекеме анықталса, жыл соңына дейін облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық мекемесі жөндеу жұмыстарын жасауды жоспарлап отыр. Осы сапар барысында Ақсеңгір ауылының бойында Жанбаева деген азаматша  күтіп тұр деген соң тоқтадым. «Облыс көлемінде қызмет атқарып жатырсыздар,  неге осындай келеңсіз жағдай болды?»,- деген сұраулар қойылды. Бұл жерде біз жауаптан қашып тұрғамыз жоқ. Кезінде қадағаланбай қалған. Ол кезде  қызмет жасаған жоқпыз. Мен бұл салаға келгеніме тоғыз ай ғана болды.  Бірақ,  бүгін   осы қызметте отырғандықтан бұған менде жауаптымын. Осы күрделенген мәселені шешу үшін келгенімді айттым. Бұл күрделі жұмысқа 50 миллиондай қаражат кетеді. Өйткені екі шақырымнан  астам жер бетіндегі құбырлар құлап қалған. Бұл Жамбыл ауданындағы «Қызылсоқ» деген ауылдан Қазыбекбек станциясына дейінгі аралық.  Ал, енді Талғар ауданындағы «Кіші-Байсерке» ауылындағы газға қатысты ТОО «CONSTRUCTION COMPANI» мердігер мекеме атқарып келген. 2020 жылы осы ауылдың  азаматтары Алматы облыстық энергетика және коммуналдық мекемесіне бірнеше мәрте телефон шалып, шағымдарын айтыпты. «Біздің ауылға жекеменшік мекеме келіп, газ құбырларын тартып жатыр. Бір үйді газға қосу 370000 теңге, өте қымбат, ауылдың басына газ құбырларын әкеп қойды. Ал, ары қарай үйді-үйге тарту үшін айтулы соманы жинаңдар дейді. Оған біздің қаражатымыз жоқ, неге  әр көшеге дейін құбыр тартып, үйге тартылатын құбырға ақы алмайды» деп шамданған. Соған байланысты ауыл тұрғындарынан  «Кіші Байсерке ауылын бюджет тарап ынан қаржыландыруды қолға алсаңыздар» деген өтініш жазған. Осы өтінішке орай, жыл басынан Алматы облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқарма басшысы тарапынан шешім қабылданып, жобалау сметалық құжаттаманы әзірлеуге байқау жарияланған. Алайда, сол ауылдың басқа тұрғындары облыстық  энергетика және коммуналдық шаруашылық мекемесіне  келіп «Ойбай бізге газ керек, мына TOO «CONSTRUTION COMPANI» дегеннің жұмысын неге сіздер  тоқтатасыздар. Біраз адамдар бұл компанияға ақшасын төлеп қойды. Газ тартайын десе, сіздер кедергі жасап отыр екенсіздер»,-   деп ауыл тұрғындары екіге жарылған. Бірақ, ауылдың басым бөлігі қарсы болыпты. «Осы даудан кейін облыстық коммуналдық шаруашылық мекемесі сатып алу байқауын тоқтатып, мән-жайды анықтау үшін аудан әкімдігіне тапсырма бердік»,-  деді орынбасар Бағлан Абылханұлы. Ол ел-жұртпен кездесіп,  істің басын ашып алуды көздеп, коммуналдық шаруашылық басшысы Бағлан Тәнеекевтің өзі барып жиын өткізгенін айтты. Жиын қорытындысы бойынша хаттама толтырылып, аудан  әкімдігінен газ құбырын тартуды үкімет тарапынан жасап беріңіздер деген хат түскен. Кіші Байсерке екіге бөлінеді. Бір тарапы Іле, екінші тарапы Талғар ауданына қарайды. Кезінде газдандыру мәселесімен айналысқан TOO «CONSTRUCTION COMPANI» дейтін «Зенит» деген жекеменшік компания «Қаз Транс  Газ» аймақтың филиалынан осы ауылды газдандыруға  техникалық шарт алған. Газдандыру жұмыстарын бастап, өзінің міндеттемелерін TOO» CONTRUCTION COMPANI» компаниясына сатып жібереді. Айтулы компания елден қаржы жинап саламыз деген қарқынмен жұмыс жасаған. Алайда, елдің екіге жарылуына байланысты бұл компания жұмысын тоқтатқан. Осы уақытқа дейін елден қаржы жинап,  газ құбырларын тартқан компанияның қолында ешқандай архитектуралық құрылыс саласымен айналысу туралы құжат болмағаны тексеру барысында анықталады. Бұл құрылыс заңнамасының 60-шы бабының 1 тармағын бұзып отыр. Қарапайым халық олардың заңсыз жұмыс жасап отырғандарынан бейхабар болған. Осы заңсыздықтар анықталғанан кейін,  облыстық коммуналдық шаруашылық ұсыныс беріп,  бұл заңсыздықты тоқтатқан. Табиғи газ деген бұл өте қауіпті. «Жаман айтпай жақсы жоқ, ертең бір төтенше оқиға болса,  бұл жұмысты кім атқарады  және кім қабылдап алды деген сұрау болады»,- дейді басқарма басшысының орынбасары Бағлан Абылханұлы. Тек көшенің басына дейін ғана құбыр тартумен айналысып,   құжатсыз әрі  заңсыз жұмыс жасаған компанияның жұмысы тоқтатылғаннан кейін, осы компаниямен келісім-шартқа отырып, үйіне газ тартқызуға ақша төлеп қойған адамдар орта жолда қалған.  «Бірдің кесірі мыңға тиіпті» демекші,  кішігірім ауылды екіге жарып жіберген TOO «CONSTRUCTION COMPANI» компаниясының заңсыз жұмысы тоқтатылғаннан кейін,  облыстық коммуналдық мекеме бюджет тарапынан қайтадан мемлекеттік сатып алу жұмыстарын жүргізіп  «Улмат» деген мердігер анықталған. Осы компаниямен келісім-шартқа отырған облыстық  энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы олардың жобалық смета құжаттама жасауларын күтуде. Сонымен осыған дейін заңсыз жұмыс жасаған TOO «CONSTRUCTION COMPANI» мердігер мекемеге  жасалған газ жүйелеріне  құжаттарды дайындауды, заңдастыруды және ол сенің жекеменшік мүлкің болып,  өз атыңа аударылсын,  «Әділет» департаментіне тіркелсін деген ұсыныстарын да айтыпты.  Мердігер мекеме қай көшенің басынан құбыр жүргізуді бастап, қай көшенің аяғына келіп тоқтағанын құжат жүзінде дәлелдесе, одан ары қарай жобалауды біз  мемлекет есебінен өзіміз жасаймыз дейді. Құжаттарын рәсімдесе,  заңсыз жұмыс жасаған компания өздерінің атына мешіктелген дүниелерді болашақта «ҚазТранс Газ-ға» береді ме, жоқ  облыстық коммуналдық шаруашылыққа сатып бере ме, әлде  тегін бере ме оны  өздері біледі. Қазір бұл компания ойлануда. Енді «Кіші-Байсерке» ауылының газбен толықтай қамтылмауына осы компания кінәлі болып тұр. Осы заңсыздықтардың кесірінен жеті жыл ауыл тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізе алмауда.  Бұл істі қолға алған Алматы облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы 2022 жылдың басында жобалау құжаттамасын аяқтаймыз. Содан соң,  жарты жылдықта осы жұмыстарды бастағанға  бюджетке ұсыныс бермек. Қазіргі таңда толқып отырған ауыл тұрғындары сұйық отынмен 2023 жылы  толықтай қамтылмақ.

ТҮЙІН ОРНЫНА:

Кезінде құжатсыз жұмыс атқарған  TOO CONSTRUCTION COMPANI  мердігер компанияны жіті қадағаламаған жергілікті биліктің де арада кінәсі бар. Біріне бірі  сатып, газ құбырын тартудан пайда көздеген «Алматы Газ Монтаж» мекемесіде бастаған істерін құжат рәсімдеуге келгенде «аяғына жем түскен жылқыдай» ақсаған. Міне, осылардың кесірінен Жамбыл, Талғар аудандарының тұрғындары көгілдір отынға зарығып отыр.  Өзектерін өртеген өкініштері танауларының астында тұрған газ құбырларын тартқандарға ақша шашып, тиісті қызметтерін ала алмағандарын айтсақ, енді бірі облыстық әкімдік қайда қарап отыр, неге кезінде бақылау жасамады  дейді.

Баяғыда біреу Қожанасырға бір адамның үстінен шағым айтып келіпті. Шағымданушыны мұқият тыңдаған Қожанасыр: «сенікі дұрыс» депті. Екінші күн шағымданып келгеннің үстінен  тағы бір адам арызданыпты. Оны да, мұқият тыңдаған Қожекең: «сеніке де дұрыс» деп жолға салыпты. Осы әңгімені тыңдаған Қожанасырдың әйелі: «Қожеке, сен екі адамға да, сенікі дұрыс дедің, бұлай болмайды ғой»  десе,  Қожекең әйеліне «сенікі де дұрыс» деген екен. Сол Қожекең айтқандай бізде ереуілдеткен ауыл тұрғындарымен облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының  заңсыз жұмыс жасаған компаниялардың жұмысын тоқтатқандарын  дұрыс деп отырмыз. Бірақ, «таспен жапалақты ұрсаңда, жапалақпен тасты ұрсаңда, жапалақ өледінің  кері болып тұр.

Айтақын МҰХАМАДИ

Бөлісу: