Министрдің жұмыс сапары

0
1098

Іссапармен өңірлерді аралаған  ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Алматы облысында да болды.  Ол   Еркін ауылындағы тұрғындарға арнап салынып жатқан дәрігерлік амбулаторияның құрылысымен танысты, 13 модульдік жұқпалы аурулар ауруханасының бірінің құрылыс алаңына да барды.

Өз сөзінде  Денсаулық сақтау министрі  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында 13 жаңа жұқпалы аурулар ауруханасын салу міндетін қойғанын  айтты. «Қазіргі уақытта өңірлерде әкімдіктер 12 модульдік инфекциялық аурухана құрылысының және биыл қазан айында пайдалануға берілетін бір аурухананы қайта жаңартуға кірісті. Бұл пандемияның ықтимал екінші толқынына дайындық және халықты уақтылы, сапалы көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осылайша, қосымша 2 700 инфекциялық төсек-орын ашылады»,  –  деді А.Цой.

Айта кетейік, Еркін ауылындағы  медициналық нысан бір ауысымда 100 келушіні қабылдай алады. Медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін мекеменің аумағы 1100 шаршы метр және 14 500 адамға арналған.

Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбековтың сөзінще, медициналық мекеме сегіз бөлімнен тұрады және биыл қазан айында пайдалануға беріледі. Аурухана 200 төсек-орынға арналған, мұнда 400-ден астам адам жұмыс істейді.

Денсаулық сақтау басқармасы басшысының мәліметінше, бүгінгі таңда инфекциялық төсек саны 520-дан 180-ге дейін, ал провизорлық төсек-орын саны 3 560-тан 707-ге дейін қысқарды. Облыста коронавирус инфекциясы анықталған адамдарға арналған 100 реанимациялық төсек бар.     Ауруханаларда 303 ӨЖЖ аппараты бар, 15 қыркүйекке қарай олардың саны 507 бірлікке жетеді. Медициналық ұйымдарда 634 оттегі концентраторы бар, жергілікті бюджет есебінен тағы 100 дана және демеушілік көмек есебінен 90 дана сатып алу рәсімі жүргізілуде.

Медициналық ұйымдарға оттегі станциясын және 15 рентген аппаратын орнату үшін жергілікті бюджеттен қосымша 763 млн теңге бөлінеді. Медициналық ұйымдарда дәрі-дәрмек пен дезинфекциялық құралдардың қоры жеткілікті. Өңірдегі инфекциялық және провизорлық стационарларда 215 150 антипиретикалық, 45 535 вирусқа қарсы препарат, сондай-ақ 255 157 антибиотик бар.

Аймақта 8 ПТР-зертхана жұмыс істейді. Облыстық ветеринариялық қызметтің ПТР-зертханасының потенциалын пайдалану арқылы және 1 тамыздан бастап жеке меншік зертханалармен жасалған шарт есебінен тестілеу көлемі тәулігіне 3 мыңға дейін артады.

Іссапар  барысында  ҚР Денсаулық сақтау министрі А. Цой  Талдықорған қаласындағы көпбейінді аурухана базасында биыл шілде айында ашылған COVID -орталығының жұмысымен де  танысты.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»

Бөлісу:
ТегтерТАРАЗЫ