Міндеттерін мінсіз атқарған дәрігерлер

0
778

Қаңтар айының ең қиын күндері медицина саласының қызметкерлері үшін де  оңай болған жоқ. Талдықорған қаласындағы облыстық аурухана дәрігерлері  аяқтарынан тік тұрып,  өз  міндеттерін  мінсіз атқарды.

Төтенше жағдай кезінде ауруханаға жедел жәрдем көлігі үздіксіз ағылып келіп жатты.  Хирургтер, травматологтар,  нейрохирургтер мен  басқа да ер дәрігерлер шұғыл түрде  медициналық көмек көрсету мен ауруханада жатқан өзге де пациенттерді қорғау үшін күні-түні жұмыста болып, көмектерін көрсетті.

Облыстық аурухананың  бас дәрігері  А.Монголдың айтуынша, сол кездегі жағдайдың ушыққандығын   байқап,  ауруханада  орындар алдын ала әзірленген. Кім  шығарылуы,  кімнің  басқа бөлімдерге ауыстырылуы да тез арада шешімін тауып отырған. Барлығы бес хирургиялық бөлімшеде алдын ала төсек орындары дайындалып,   күніне екі хирургтан кезекшілікте болған. Мәселен,  5-ші  қаңтардан  бастап  түрлі жарақат алған адамдар жүгініп, сол кездерде бірден 11 адам келген. Олардың бәріне  қажетті көмек көрсетілген.

–  Кеуде, өкпе, жамбас және тізе буындарынан оқ тиген төрт адамға шұғыл ота жасалды. Үш күнде барлығы отызға жуық адам өтініш білдірді. Олардың 13-і емханада ем қабылдап, біреуі жансақтау бөлімінде, 4-уі  аман-есен үйлеріне шығарылды. 9-ы емделуді жалғастыруда.Облыстық аурухана базасында денсаулық сақтау басқармасының басшылығымен экспромттық штаб жұмыс істеді. Талдықорған қалалық ауруханаларының, «Жедел жәрдем» мекемесінің барлық бас дәрігері жағдайды талқылап, бірігіп, нақты әрекет етті,  – дейді  аурухана директоры Анарбек Монголханұлы.

Сол шақта оқ жарақатын алып, ем қабылдауын жалғастырып жатқан науқастың бірі тізе буынына дер кезінде ота жасап, өмірін сақтап қалған облыстық аурухана дәрігерлеріне, хирургтарына алғысы шексіз екенін атап өтті. «Жетінші қаңтарда күндіз көлікке жанармай құю үшін шыққанмын.  Кенет қала  көшелерінің бірінде оқтың дыбысын естідім. Содан соң аяғым ауырсынғанын сездім. Сөйтіп, сол аяғымнан  жараландым. Бақытыма орай,  дер кезінде көмек көрсетіліп, жара  таңылып, ауруханаға жеткізілдім. Дей тұрғанмен көп қан жоғалттым.  Дәрігерлер дер кезінде ота жасап, соның арқасында мүгедектіктен, тіпті өлімнен де аман қалдым»,  – дейді  кейіпкеріміз.

Қаңтарда  орын  алған  қайғылы оқиғалармен қатар, облыстық аурухана дәрігерлері  ковид инфекциясына  қатысты жағдайды  да ұмытқан жоқ. Соңғы күндерде  дертке шалдыққан   науқастар  саны айтарлықтай өскен. Қазір жұқпалы аурулар бөлімінде 38 науқас жатса,  оның 11-і жүкті әйел. Бүгінде екеуі аман-есен босанды,  балаларының жағдайы қалыпты.

Бүгінде індетке шалдыққан науқастарға 80 төсек дайындалса,  оның 10-ы жансақтау бөлімшесіне тиесілі.  Дәрігерлердің айтуынша,  келгендердің барлығында КВИ сынамасы оң нәтиже берген. Бұл вирустың қандай штаммы екеніне вирусологтар ғана   жауап береді.

С. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.

 Суреттерді түсірген

Д.  ЕРОФЕЕВ.

 


ПІКІР ЖАЗУ