Ойжайлау бауырында, Лепсі ауылында

0
1074

Жетісу облысының негізгі көзі  – аграрлық сала. Түгін тартсаң, майы шығатын  өлкенің қара топырағында түрлі жемістен бастап, төрт-түліктің бәрі өсіріледі. «Жерінде жеті күнде жеміс піскен» деп ақын Темірғали Рүстембеков жырлағандай, нарықтық жүйеге орай туризмге сұранып тұрған табиғатты көрген жанның көз жауын алады. Жоңғар қақпасы атанған Алакөл аймағында,  Лепсі ауылында,  Ойжайлау бауырында атақты меценат, кәсіпкер Бауыржан Оспановтың ұйытқы болуымен ауылшаруашылық көрмесі өтті.

Жасыл кілем, көкмайса алқапта тігілген аңшаңқан үйлердің алды ығы-жығы халық. Думандатқан әнші-жыршының бәрі осында. «Білектері бесіктей, кеуделері есіктей» таусоғар палуандар, сәйгүліктерін таңасырып, бәйгеге дайындап тұрған  атбегілер, жүйріктерін тұмшалап, тіл мен көзден аулақ ұстап, көк шалғынға қос тізіп жатып алғандары қаншама. «Ойжайлау десе, Ойжайлау екен, осындай жердің жәннәтін көрмеген Құнанбай, шын соқыр екенсің ғой» деген Абайдың әкесі Құнанбай жайлы «гу-гу» әпсәнә аңыз әңгіме де ел арасында желдей есіп тұр.

Саф ауа, салқын самал, тау бөктеріндегі қысы-жазы жасыл желек болып тұратын қыз-қарағайлар мен ару қайыңдар Ойжайлаудың көркіне көрік қосқандай.

«Ойжайлау, шөбің шүйгін, суың дәрі,

Болады халқыменен ақын сәні.

Ойжайлау!

Берейін әнге шырқап ортаңызда,

Жиналған елім-жұртым, жас пен кәрі.

Ойжайлау!

Ақ шәйнек, сары самаурын тұрса қайнап,

Отырса қыз-бозбала күліп-ойнап,

Киінген қызғалдақтай қыз-келіншек,

Сапырса сары қымыз, құлан ойнақ.

Қуарған қара ағаштай қақиғанша,

Жас шақты өткізелік гүлдей жайнап.

Ойжайлау-ай» деп, Кенен Әзірбаев жырлаған Ойжайлауда ұлан-асыр той болды.

Әлемді жаулаған індеттің әлегінен араға екі жыл салып қайта жанданған ауыл еңбеккерлеріне арналған бұл тойға алты Алаштан емес, алты құрлықтан меймандар келді. 17-ші маусым күні Алакөл ауданы,  Үшарал қаласындағы  Зейнеп Қойшыбаева атындағы Мәдениет үйінде бастау алған конференция «LEPSI-2022» халықаралық етті бағыттағы мал шаруашылығын дамытуға арналды.  Оған  Ауыл  шаруашылығы экс-министрі, «Сыбаға» бағдарламасының авторы, «Қазақстан ет одағы» басқарма мүшесі – Мамытбеков Асылжан Сарыбайұлы, Румыния,  Чехия, АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен  келген делегация  мен Жетісу облысы әкімінің орынбасары  Әлібек  Жақанбаев қатысты. Айтулы бас қосуды аудан әкімі Алмас  Абдинов құттықтау сөзімен ашты.

Конференцияда асыл тұқымды өсірушілер, тауарлы фермалар, мал бордақылау алаңдары, ет комбинаттары, генетикамен айналысатын компаниялар, сондай-ақ,  ветеринариялық қызметтер, технологиялар секілді басты тақырыптар маңызға  алынып, талқыға түсті. Сондай-ақ Қазақстандағы  бесінші ірі мал көрмесі, «Лепсі – 2022» көрмесінің мақсаты: қатысушылар арасында өзара әрекеттесу үшін ортақ платформа құру және сиыр еті мен мал шаруашылығын дамытуды ынталандыру, асыл тұқымды мал өндірушілердің жетістігін бағалау және үздік шаруашылықтарды анықтау болды.

Конференцияның форматы бойынша  әрбір спикер 10 минут презентациямен шықты. «Арқарлы Майбүйрек» ангус және герефорд тұқымды шаруашылығын аралады. Конференцияның екінші кезеңі «Лепсі – 2022» көрмесіне ұласты. Ауыл шаруашылығына оның ішінде мал шаруашылығына қатысты көтерілген өзекті мәселе өнім өндіру және қайта өңдеу бойынша баяндамашылар кезең-кезеңімен сөз алды.

Қайрат Мұтаев Қазақстандағы мал шаруашылығының  көрсеткіштері жайлы баяндама жасады. Қазақстан Республикасындағы АҚШ елшілігінің ауыл шаруашылығы бойынша атташе өкілі спикер Кристофер Билеки бейнефильм көрсетілімімен таныстырды. Румыния елшілігі ұсынған бейнероликпен Румыния делегациясының сөзі баяндалды. Оған спикер болып, Марчелли Олтеану-Румыниялық ангус тұқымы қауымдастығының төрағасы, Госиман Йоан, Румынияның Ангус тұқымы қауымдастығының директоры, ангус тұқымын дамыту және етті мал шаруашылығын мемлекеттік қолдау бағытын баяндады. Чехия елшілігінен келген баяндамашы, Камиль Малат. Чехиядағы етті мал шаруашылығы туралы баяндаса, көрші  Ресей  елшілігінен  келген  Ұлттық сиыр етін өндірушілер одағының бас директоры Роман Костюк тірі өнеркәсіпті дамытудағы экспорттың маңызына тоқталды.

Сонан кейін Қазақстан спикерлері, «Kusto Group» компаниясының өкілдері Ерубаев Бейбіт Қықбайұлы, Мақаш Дарын Дәулетбекұлы Алматы облысында ірі ет комбинаты мен суару қондырғыларын шығаратын зауыт құрылысы жайлы ойларын ортаға салды. «IPK ZHERSU» ЖШС Қадағалау кеңесі төрағасы Оспанов Бауыржан Кеңесбекұлы қорытынды сөз сөйлеп, конференцияны түйіндеді. Конференцияда  қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде құлаққап арқылы ілеспе аударма жасалды.

Жалпы, Алакөл ауданында мал шаруашылығына жіті көңіл бөлініп, мал тұқымын асылдандыруда игі істер атқарылып келеді. «Аудан экономикасының негізін құрайтын ауыл шаруашылығы саласында өндірілген жалпы өнім көлемі биыл  7,4 млрд. теңгені құраған. Заттай индекс көлемі 103,6  пайызға жеткен. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен ауданда 1340 шаруа қожалықтары, 25 серіктестік,  3 кооператив  шұғылдануда», – дейді аудан әкімі Алмас Сапарғалиұлы. Ауыл еңбеккерлерінің негізгі тіршілік көзі мал және егін шаруашылығы болғандықтан екеуін бөле жарып қарауға болмайды. Мал шаруашылығымен қоса, көктемгі дала жұмыстарын өткізу ойдағыдай жүзеге асты. Ауданның жалпы егістік көлемі 85 мың 036 гектарға игерілді.

– Сонымен қатар ауданымызда ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Атап айтсақ, 2022 жылдың басынан бері барлығы 22 дана техника шаруашылық құрылымдары өз қаражаттарына және лизинг арқылы жалпы құны 276,7 млн. теңгеге сатып алынды.

Аудан бойынша барлық жекеменшік түрлерінде мал басы тұрақты өсуде. Ірі қара – 94 613,  қой, ешкі – 300 849, жылқы – 36  707,  түйе  – 166 басқа жетті. Асыл тұқымды малдың үлесі аймақтағы  аграрлық өңірлердің ішінде алдыңғы орындарда. Жылдан-жылға асыл тұқымды малдың үлесі де артып келеді. Ірі қара  – 26,5% (19100 бас), қой – 38,7%  (64300 бас), жылқы  – 23,9% (5240 бас)  құрады. 6 шаруашылықта жалпы қуаттылығы 6300 бас малға арналған мал бордақылау алаңы және 10000 бас ұсақ мал бордақылану алаңы жұмыс жасауда.

Ауданда ауыл шаруашылығы саласында мемлекеттік бағдарламалар ерекше қарқынмен іске асуда. Биылғы жылы «Кең дала» және «Агробизнес» бағдарламасы бойынша 31 шаруа қожалығына жалпы көлемі 273 млн. теңгеге қаражат берілді. Шаруашылық құрылымдарында қой төлдету науқаны қолайлы өтіп, қорытындысы бойынша  120 968  саулықтан 126 000,  435  бас қозы, яғни, әр жүз саулықтан 105 қозы алынды.

Ағымдағы жылы ауыл шаруашылық өндіріс көлемін ұлғайтып, жалпы өнім көлемін 2022 жылы 56 млрд. теңгеге  жеткізіп, 2 млрд. 500 млн теңгенің инвестициясын тартуды жоспарлап отырмыз, – деген аудан әкімі Алмас Абдинов мал шаруашылығына қатысты ауданда өткен ғылыми конференцияның шаруаларға берер тәлімі мол екенін айтты. Тәжірибе бар жерде өсіп-өркендеу болады. Нарықтық жүйе  – бәсекелестіктің дәуірі. Мұнда озық технология мен ғылыми үндестік сабақтасады. Осы конференцияға ірі меценат Бауыржан Оспановтың ұйытқы болуымен шет елден келген өкілдер қазақ еліндегі, оның үстіне Алакөл аймағындағы асыл тұқымды малдардың жайылымдары және бордақылау алаңдарымен, өнім өндірудегі көрсеткіштерімен танысты. Әрі бізде олармен тәжірибе алмасатын боламыз деді.

Конференцияның екінші күні Лепсі өңірі, Ойжайлау бауырында мал шаруашылығының көрмесінен бастау алды. Оған Жетісу  өңірінің су жаңа әкімі Бейбіт Исабаев қатысты. Бұдан кейін өңір басшысы көрмені аралап, жұмыс сапарымен  өңірдегі туристік әлеуеті зор аймақ  – Алакөлді аралады. Жазғы маусымда көлге шомылуға миллионнан астам адам келетіні ескерілгендіктен, өңірдің туристік тартымдылығын одан әрі арттыру үшін көл жағалауындағы инфрақұрылымды дамыту басты міндет болып тұр.  Алакөл мен Балқашқа апаратын жолдарды жөндеу де басымдықтардың бірі екені айтпаса да түсінікті. Аймақтағы туристік  өзге де жұмыстардың барысымен танысқан  өңір басшысы Бейбіт Исабаев, Алакөл көлі жағалауын дамытудың бас жоспарына сәйкес сумен және электрмен қамту, кәріз жүйесін жүргізу қолға алынғанын, биыл жағалауда  3 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып, ірі демалыс орындары іске қосылғанын, олардың жалпы саны 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылып, жобаларға 3 млрд. теңгеге жуық инвестиция тартылғанына көз жеткізді. Ал, өткен жылы жағалауда 1 млн. 400 мың адам  демалып,  8,5 млрд. теңгеге қызмет көрсетілген. Жағалаудағы қоршау  жұмыстарына байланысты Ақши мен Көктұма ауылдарында жалпы ұзындығы 13,4 км жағалау қоршалуға тиіс. Әзірге қоршалған жер 770 метр. Жобаның құны 6 млрд. теңге болып, ол  кезең-кезеңімен бөлінеді. Әйтесе де, мердігер компанияның атқарған жұмыстарына көңілі толмаған жергілікті мамандар жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауы қиынға соғады. Келісім шарт міндеттемелерін орындамаған «Спецстрой» компаниясының үстінен талап арыз қаралуда. Жуық арада 210 туристік нысанның орталық кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндігі бар.  Жоба  бойынша 69,1 км кәріз жүйесі тартылып, 8 сорғы стансысының 3-еуі орнатылған, ал қалған 5-еуі орнатылуы тиіс. Жоспар бойынша қарашада құрылыс жұмыстары аяқталады. Бүгінгі таңда қысымын тексеру, іске қосу жұмыстары жүргізуде. Дегенмен жобаның ІІ кезегін іске қосу сәл кешеуілдеуде. Мәселен тәулігіне 6,5 мың текше метрлік кәріз тазарту құрылғысын салу, демалыс нысандарынан шыққан пайдаланылған су ағынын тазарту мәселесі шешілуі тиіс.

Инфрақұрылымдардың мәселесін жүргізіп жатқан мердігер компаниялардың өкілдерімен тілдескен Бейбіт Исабаев бюджет қаржысын оңды-солды жұмсауға жол берілмейтінін қадап айтты. Құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жобаның алғашқы нұсқасына түзетулер енгізу керектігін алға тартқан «Көлсай Строй» ЖШС мердігер компаниясына ұсыныстар тиісті құжаттармен дәлелденіп, негізделуі керектігін ескертті.

Осындай ірі жобалардың конкурсына қатысар алдында кез келген компания  өз мүмкіндіктерін шынайы бағамдауы керек. Жұмыс көлемі, кадрлар саны мен біліктілігі, техниканың мүмкіндіктері – бәрін де салмақтау керек. Барлық тәуекелдерді, соның ішінде баға өсімін де зерделеуге тиіс. Соның бәрін конкурсқа дейін түсініп, шешіп алу керек еді. Жобада жоспарланған 10 млрд. теңгенің алғашқы траншын келісім шарт бойынша алдыңыздар. Бұл бюджеттің қаржысы, халықтың ақшасы. Жұмыстың сегіз айдай тұрып қалғанын, тиісті жұмыс көлемі орындалмағанын халыққа қалай түсіндіреміз? Жобаға түзету енгізу туралы өтініштеріңіз негізді ме, жоқ па, алдымен қараймыз. Нақтыланса қолдау  көрсетуге  әзірміз.  Басқаша болған жағдайда қатаң шаралар қабылдайтын боламыз,  – деді Б. Исабаев.

Мамандардың  айтуынша,  Ақши ауылын сумен қамту мәселесі шешілген. Өткен жылы желтоқсандағы жағалаудағы су жүйесі іске қосылған. Қазір Тоқжайлау,  Қоңыр,  Бибақан,  Кеңес ауылдарына су тартудың қажетті құжаттары әзірленуде. Теректі, Лепсі, Көктұма, Бұлақты ауылдарындағы су жүйесі қайта  жаңғыртылады.

Ақши ауылына электр желісін тартуға жергілікті бюджеттен 300 млн. теңге бөлінген. Жалпы  67,4 км желі жүргізіліп, қайта жаңғыртылды. Мамандар мұндағы электр тұтыну қажеттілігі 10 МВт болса, бұл шара оны әлі де толық көлемде жабуға жеткіліксіз екенін айтады. Сондықтан  тағы 1 жобаға құжат әзірлеуге қаржы бөлінуде. Яғни, Бескөлден Ақшиге дейін және Ақши – Көктұма – Ақтоғай бағытында екінші линияны тарту керек. Осы желілердің әрқайсысы үшін қолданыстағы қосалқы стансаларды қайта жаңғырту қажет. Ал қыста жинақталатын артық электр қуатының тапшылығы бар Достық бекетіне бағыттау межеленуде.

Сапар барысында облыс әкіміне «Каз-АвтоЖол» мекемесінің өкілі Талдықорған – Өскемен автожолының жай-күйі, құрылыс жұмыстарының қазіргі ахуалы жайлы баяндады. Оның  айтуынша, бірінші қабат асфальт төсемі биылғы жылы төселіп бітуге тиіс, басты көпірлердің құрылысы да аяқталуға жақын. Төменгі бірінші төсем  жасалған соң көлік қозғалысын жүргізуге болады. Ал асфальттің негізгі қабаты келесі жылы төселеді. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев құрылысқа тиісті техникалардың көптеп тартылуын, жұмыс қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды. Сол сияқты уақытша жасалған айналма жол учаскелеріне су себу, ретке келтіру жұмыстарының ойдағыдай еместігін сынға алып, тиісті мекемеге ескерту жасады.

Үшарал әуежайында ұшып-қону жолағы кеңейтіліп, қайта жаңғыртылуда. Осыған байланысты облыс әкімі аталған нысанға да ат басын бұрды. Жұмыстар аяқталғанда Үшаралға үлкен ұшақтар да еш кедергісіз қатынамақ. «Жетісу» әуе компаниясының Президенті Қалтай Дөңсебаевтың айтуынша, ұшақ қонатын жол толықтай жаңартылып болып қалды. Құрылыс компаниясы жұмыстарын алдағы шілде айының ортасында толықтай бітіреді деп жоспарлануда. Сонда  күніне 8 рейс қатынап, 500-дей жолаушы қабылданатын болады деді.

Балқаш көліне апаратын жолдың  құрылысы да назардан тыс қалмай, Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай және Лепсі – Балқаш көлі бағытындағы жолдар қаралды. Балқашқа дейінгі жол қазір 3-санаттан 2-ші санатқа ауыстырылып, толық жаңғыртудан өткізілуде. 35 шақырымында жұмыстар  аяқталған. Жол бойында бірнеше жерде аялдама кешені, эстакада, заманға сай әжетхана қойылады. Аталған жол құрылысы жобасы кезең-кезеңімен қаржы бөлінуіне қарай жалғасатын болады.  Жол сапасына оң баға берген облыс әкімі Бейбіт Исабаев:  – Бүгін Алакөлдегі демалыс  аймақтарына инфрақұрылым тарту, жол жөндеу жұмыстарымен таныстым. Жолдар жөнделіп біткеннен кейін Балқаш пен Алакөлге келетін туристердің қатары өсетін болады. Үшарал әуежайы іске қосылса, қатынайтын ұшақтар қатары көбейеді. Бұл халықтың тұрмыс жағдайына, өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалына оң әсер етеді, –  деді Б. Исабаев.

* * *

18 маусым күні «Лепсі-2022» етті мал шаруашылығының халықаралық көрме-конференциясы Лепсі ауылында Ұлттық ат спорты ойындары мен палуандар күресіне ұласты. Айтулы додада Жетісу облысының  әкімі Б.Исабаев шараны ашып, Алакөл ауданының ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне сүбелі үлес қосқан ауданның ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлерін Құрмет грамотасымен марапаттады. Бұдан кейін, Алакөл ауданының  Құрметті азаматы Жайыл Абдрахманов жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, ақ батасын  берді. Бәйге басталғанда Қазақ күресі де басталды.  Боз кілемде алысып-жұлысып, айла-тәсілдерін қолданып баққан балуандар арасында IІІ орын – Саят Шамшиев (Ақбас РП) (300 000 теңге), ІІ орын – Ақтөбе облысынан  Еламан  Ерғалиев (400 000 теңге), жүлделі І орынды – түйе палуан Қызылорда облысынан Мақсат Исағабылов (автокөлік) жеңіп алды. Тойдың басты көркі болған палуандар күресі мен ат бәйгесіне көз тіккен қараша қауым бұл күні топ бәйге, жорға жарысы аламан бәйгені тамашалады.

Сонымен сарыла күткен бәйге жарысы да мәреге жетті. Аты озғандары бөріктерін аспанға атып қуанып жаты. Ащы тері толық алынбаған, бабы жетіспей қалған топ бәйге, жорға, аламан жүйріктері шаң қапты.

Топ бәйге бойынша: ІІІ орын  – Қарасай ауданы, Тұрар ауылынан  Бөбекбай Секенай (300 000 теңге), ІІ орын – Қарасай ауданы, Тұрар ауылынан Қайрат Шанышқұлов (500 000 теңге), І орын – Қаратал ауданы, Үштөбе қаласынан Дәурен  Алимжанов (1000 000 теңге);

Жорға жарысы бойынша: ІІІ орын – Алакөл ауданы, Қабанбай ауылынан  «Алакөл  – асыл жылқысы» ЖШС (200 000 теңге), ІІ орын – Шығыс Қазақстан облысынан Нұрлан Қасымханов сәйгүлігі (300 000 теңге), І орын – Шығыс Қазақстан облысынан Нұрлан Қасымханов сәйгүлігі (1000 000 теңге);

Аламан бәйге бойынша: V орын – Кербұлақ ауданы – «Анар» атты сәйгүлік иесі – Олжас  Құсайын (100 000 теңге), ІV орын – Қордай ауданынан «Әсемжирен» атты сәйгүлік иесі – Ардақ  Иманқұлов (200 000 теңге), ІІІ орын – Абай ауданы, Үржар ауылынан «Аманат» атты сәйгүлік – Ержан  Керейбаев (300 000 теңге), ІІ орын – Шиен ауданынан «Секрет» атты сәйгүлік иесі – Қайрат Амантаев (500 000 теңге), І орын – Жамбыл ауданы, Көкбастау ауылынан «Самұрық» атты сәйгүлік иесі – Тастан  Абдыбай (автокөлік) жеңіп алды.

Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге автокөлік және қомақты қаржылай сыйлықтар табысталды. Іссапар түстен кейін асыл тұқымдылардың аукционымен жалғасты. Көрме қорытындысы  бойынша «Мамбетов и К» СС-нен «Барон» лақап атты бұқа «Асыл тұқымды-2022» және ангустың барлық бағаттары бойынша абсолютті жеңімпаз атанып, компанияға автөкөлік тарту етілді. Көрмеде Алматы облыстық «Сүйінбай» атындағы филармонияның өнерпаздары өнер көрсетті.

 

Айтақын МҰХАМАДИ

Дереккөз: Alataugazeti.kz


ПІКІР ЖАЗУ