Суицид көбейіп барады

811

Бұрын-соңды «жасөспiрiмдер өзiн-өзi өлтiрiптi» деген суыт  хабарды құлағымыз шалмайтын-ды. Ал соңғы жылдарда пәленшенің баласы асылып өліпті, түгеншенің қызы өзіне қол жұмсапты деген сарындағы  өне бойыңды тітіркендірер азалы хабарға  елдің құлағы үйрене бастағандай ма, қалай?! Әсіресе, жасөспірімдердің өзін өлімге қию деректерінің көбеюі жүрек шошытады.  ERNUR.KZ.  сайты берген мәлімет бойынша, елімізде 2019 жылы  суицид жасап көз жұмғандардың саны 3,8 мың адамды көрсетіп отыр. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 7,4 пайызға көп. Суицидтен көз жұмғандардың 180-і кәмелетке толмағандар екен.  Ал мұндай жағдайға барғандардың, яғни өзіне қол салудың басты себебі -жалғыздық (294 оқиға), кедейлік (205), ауыр сырқаттар (136). Сондай-ақ, отбасылық дау-жанжалдан кейін де суицидке баратын қазақстандықтар көп.  Десе де, мамандар 2,8 мың суицидтің себебін анықтай алмаған. Ең көп суицид орын алған облыстардың алдыңғы қатарына Алматы облысын (425) шығарыпты. Одан кейінгі тізімде   Шығыс Қазақстан (411) және Түркістан (345) облыстары тіркелген. Ал,  дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының мәлiметiнше, Қазақстан әлемдегi ең көп суицидтiк жағдайлар тiркелген ел ретiнде үшiншi орынға шыққан көрiнедi. Яғни бұл елiмiзде жыл сайын өз еркiмен өлiмге бас тiгушiлер қатарының артып жатқанын аңғартады.

Суицидке бой алдыру оқиғалары бұрын да болған шығар. Алайда  соңғы ек-үш жылда бұл қайғылы жағдай жиі тіркелетін болды. Негізі, әр нәрсе себеп салдарсыз болмайды.  Нелiктен қоғамда балалардың өзiне-өзi қол жұмсау оқиғалары жиiледі? Мүмкін батыстанып баратын жастар мен жасөспірімдердің тәрбиесін уыстан  шығарып алдық па?Әлде баланың бетін қақпай өсуі керек деген кейбір ұлттың бізге жат тұрмыс-салтын бойымызға сіңірдік пе? Қалай десек те, санамызды сансыз сауал тұншықтыратыны анық. Мәселен, өткен айдың соңында Талдықорған қаласындағы гуманитарлық колледжде  оқып жүрген 17 жастағы Самал (Е) есімді қыз  лекция кезінде  үшінші қабаттан секіріп кетті. Өрімдей жастың  мұндай қадамға баруының себеп-салдарын дөп басып ешкім айта алмады. Ал  курстастарының сөзінше, сол күні таңертеңнен  Самал  өзін жайсыз сезініпті-мыс. Бұл жайтқа орай  сол білім ошағында оқыған таныс қыздың  айтқан сөзі… «Ой, апай, мұндай жағдайлар біздің оқу орнында жиі қайталанып  тұрады. Өткен жылы  жақын досыммен бірге тұратын қыз жалдамалы пәтерінде асылып қалған еді. Ал ондай қадамға барған себебі жігіті тастап, аяғы ауыр болып қалған ғой. Естуімізше, Самал  да  жігіт үшін осындай қадамға барған  сыңайлы» дегенін естіп, үнсіз қала бергеніммен, жаным жай таппады. Оның желдей есіп, өмірден ерте кете барғанына жүрегім қан жылады. Осыдан соң  қандай студент болғанын, отбасы туралы  сұрап білмек болып білім ошағындағы 281 топтың шеберіне хабарластым. Өкінішке орай,  мардымды жауап ести алмадым.

 …Қалай десек те, суицид – қоғамға төнген қауiп. Онымен  күрес жүргізуді ел болып қолға алған жөн болар. Ал, жұмысты неден бастау қажет? Жапония елі 2017  жылы азаматтардың өз-өзiне қол салуымен күресу, алдын алу үшiн бюджеттен 32 миллиард доллар қаржы жұмсапты. Ал бiзде ше? Мәселенiң әбден шарықтау шегiне жеткен кезде ғана аттандап жатамыз.  Қасиеттi Құранда: «Өздерiңе өздерiң қол жұмсамаңдар!» (және соған апаратын бұзықтыққа бармаңдар). Расында (сiздердi бұдан тыйған) Алла сендерге ерекше мейiрiмдi»  делiнген («Ниса» сүресi, 29-аят). Демек адамның өз-өзiне қол жұмсауы – үлкен күнә. Ал жастар мен жасөспiрiмдер өз-өзiне қол жұмсауға  үйiр болып барады. Неге???

С. ӘЙТЕНОВА.

 

 

 

 

Бөлісу:
ТегтерНЕГЕ?

ПІКІР ЖАЗУ