Сүт зауыты 15 түрлі өнім шығарады

0
3097

Сарқан ауданындағы «Ақбұлақ-Продукт» сүт зауыты 2008 жылы қайта жаңғыртылып, содан бері отандық нарықта табысты еңбек етіп келеді. Алғашында тәулігіне 30 тоннадай шикізат өңдесе, қазір бұл көрсеткіш 80 тоннадан асып, сүт өнімдерінің 15 түрі шығарылады, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Сарқан аудандық әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, зауыт пастерленген табиғи сүт, шалап, құрт, сары май, қаймақ, айран мен ірімшіктің бірнеше түрін өндіреді. Зауыт директоры Бауыржан Қалимолдановтың айтуынша, мемлекет қолдауының арқасында 2008 жылы зауыт қайта іске қосылған. «Ең алдымен зауытты талапқа сәйкес қайта жаңғыртудан өткізіп, жаңа құрал-жабдықтар сатып алдық. Алғашында сүт өнімінің 3 түрін шығарудан бастасақ, қазір оның саны он бестен асты. Мемлекет қолдауын әлі де сезініп келеміз. Биылғы жылы сүтке, сары майға және қатты ірімшікке 80 млн. теңге субсидия берілді. Соның арқасында биыл зауытқа 17 млн. теңге тұратын компрессор сатып алдық. Қажетті қондырғылар Ресей мен Қытайдан әкелінді. Тауарларымыз өз ауданымыздан басқа облыстың бірнеше аудандарына және Алматы қаласына тасымалданады», – деді зауыт директоры Бауыржан Қалимолданов.
Кәсіпорынды кеңейтуге қатысты алдағы жоспарымен бөліскен басшы зауытты шикізатпен қамту үшін асыл тұқымды сиыр ұстайтын арнайы кешен салынатынын айтты. Қазір сүт жеткілікті көлемде жергілікті тұрғындардан жиналып, тиісті өңдеуден өткізілуде. Сол сияқты алдағы уақытта тәтті йогурт өндіру де жоспарда бар. Тұтынушылардың әсіресе, зауыттың сары майы мен Голланд ірімшігіне деген сұранысы жоғары.
Бүгінде зауытта 67 адам жұмыс істейді. Биылғы жылы мұнда 12 жас маман тұрақты жұмысқа тұрған. Орташа жалақылары 100 мың теңге шамасында.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ