Тайбурылдың шабысы-ай

233

Жырау,  жыршы қисса-дастан айтса, таңды-таңға ұластырған ақтангер ақын Жамбыл Жабаевқа биыл – 176 жыл. Ауыз әдебиетінің алтын қорына қомақты үлес қосқан  қарт  жыраудың есімін ұлықтау мақсатында  Алматы облысы білім басқармасы жылда оқушылардың Республикалық ақындар айтысын өткізіп келеді. Бұл бастаманың негізгі авторы,  қоғам қайраткері, сан-салалы қызметтер атқарған ардагер Тоққожа Естенов облыстық білім саласын басқарып тұрғанда жүзеге асырған-ды.

Төл өнер айтысты ғана дәріптемей, Мұқағали Мақатаев, Ілияс Жансүгіровтей нар тұлғалардың  да өнегелі ісін жас түлектер арасында кеңінен дәріптеп, Респубикалық масштабқа  көтерген де осы ардагер ұстаз еді. 2005 жылдан бері  желісін үзбей келе жатқан оқушылардың арасындағы Республикалық айтысқа да биыл 15 жыл толыпты. Жамбылдың есімін ұлықтап, оның жырларын мектеп қабырғасындағы түлектер бойына сіңіруде. Тоққожа Естенов салған сүре жолды  Алматы облысының білім басқармасы жалғастырып келеді. Абыз жыраудың: «Алатаудан,  Арқадан, ақындарым келіпсің» деп өзі толғағандай,  айтулы жыр бәсекесіне Республиканың  Маңғыстау,  Атырау,  Қостанай,  Батыс Қазақстан,  Ақтөбе,  Павлодар, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан,  Шығыс Қазақстан,  Алматы облысы және Алматы қаласынан 32 ақын қатысты. Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш ауылында өткен оқушылар арасындағы жыр бәсекесі екі бағытта өтті. Бұған дейін тек қана айтыстың «Түре» деп аталатын түрімен айтысып келсе, биыл бағдарламаға «Қайым айтыс» түрі енгізілген. Осы бағытта түре айтысқа жиырма,  қайым айтысқа 12 жас түлек қатысты. Айтыстың беташарын аудан әкімі Нұрлан Ертас  ауданға келген жас айтыскерлер мен олардың жетекшілері ұстаздарға алғысын айтып, сәт-сапар тіледі. Наурыз айының 10 мен 11 аралығында екі күн бойы жас ақындар Жамбыл Жабаевты жырларына арқау етті. Тек қана Жамбыл емес, қоғамдағы білім саласы мен саяси ахуалды да тілдеріне тиек етті. Жасыратыны жоқ, әлем елдерін тәж тажал мен пандемия дерті жаулап, екі жыл айтыс онлайн форматта өткен-ді. Арадағы үзіліс жас ақындарға да кері әсерін тигізгенін жарыс барысында байқадық. Айтыс деп аты айтып тұрғандай, бұл жыр додасына тайбурылдай тарпаң мінез көрсеткен, бабы да, бағы да қатар шапқан жас өрендердің алғырлығына, талантына көрермендер дән риза болды. Бір жаруы кем болған,  жаттандылыққа бой алдырғаны да «Қиядан шауып, қисынын тауып» айтқандар да көзге ілінді.  Алғашқы күні түре айтыста бірінші болып сахна төріне жеребе бойынша Алматы қаласы, Абай атындағы мектеп оқушысы  Ағыбай Арыстан  мен  Батыс Қазақстан облысы, Амангелді орта мектебінің 11 сынып түлегі арасында өтті. Екі ақында бір-бірімен шамалас деңгейде өнер көрсетті.

«Әуелі бұл шіркінді бастау қиын,

 Екінші, көптің сөзін тастау қиын,

 Төрт сөзің түгелімен келмеген соң,

Арқырап ел алдында қақсау қиын» –  деп Иса Байзақов айтқандай, алғашқы жұптың айтысы көрермен айызын қандырмады.

Екінші жұп Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Амангелді орта мектебінің 11 сынып оқушысымен сөз жарыстырған Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Жиделі арық ауылы,  9 сынып шәкірті Ділнәз Ержігіт қарсыласы нан басым түсті. Жамбылдық жас ақын Яшар:«Тұлпар тайдан шығады, ақындардың соңынан еріп тұрмын» деп тайбурылдай тапаң мінез көрсеткенмен алысқа ұзай алмады. Жеме-жемге келгенде аптығам деп, «Ең сорлы ақын боп жүрсем болды» – деп өз бағасын түсіріп алды. Ал оның қарсыласы  Ділназ суырып салып айтудың таза үлгісін көрсетті. Яшар өзін Абайға,  Ділназды  Ділдаға теңеді.

Ділназ:

Абай мен өзін тең көріп,

Артық сөйлеп бұқпайды-ау,

Ділназдан Ділда шықса да,

Дәл сенен Абай шықпайды-ау,

Ұмтыла берсең бас-көзсіз,

ҰБТ-дан да құларсың,

Яшар Алихан болсаң да,

Әлихан Бөкейхан емес шығарсың – деп Яшардың аяқ-қолын тұсап тастады.

Үшінші жұп болып сахна төріне көтерілген ақындар Болат Абдоғаффаров, Алматы қаласы №185 жылпы білім беретін мектептің 11 сынып оқушысы, оның қарсыласы  ақтөбелік № 66 орта мектептің 8 сынып түлегі Арай Нұрадин  басым түсті. Алматылық жас ақынды көкпар тартқандай жұлқылады. «Болатжан қандай момынсың, тым болмаса ля-ля-ля» деп қойсаңшы деген Арай ақын Жамбылды, Сұраншы, Саурықты жырына арқау етті.

Төртінші жұп арасындағы Қостанай облысы, Рудный қаласы,  Б. Майлин атындағы мектептің 7 сынып оқушысымен  Алматы облысы, Панфилов ауданы, Кішішыған орта мектебінің 10 сынып оқушысы Нұрай Даукеннің айтыстары солғын болды. Бесінші жұп Маңғыстау облысы,  Бейнеу ауданындағы жалпы білім беретін мектептің 10 сынып оқушысы мен Алматы облысы Райымбек ауданы,  Қ. Байшығанұлы атындағы орта мектептің 10 сынып түлегі Ұлан  Тұрсынбек арасында маңғыстаулық жас ақын қамшы салдырмады. Ойы орамды, тілі тікенектей Ерсұлтан көмбеге ойнақтап келді. Алтыншы жұп  –  Павлодар облысы,  Екібастұз қаласы,  № 22 гимназия мектебінің 11 сынып өрені  –  Қайдаров Бексұлтан мен Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы Бірлік орта мектебінің 11 сынып айтыскері Рахат Тамашаның айтысы   деңгейлес болды. Екі ақын да бұрыннан айтысып сан мәрте республикалық жарыста өнер көрсеткен. Екеуінің  арасында қыз бен жігіт арасындағы бір қызықты айтыс болады деген үмітіміз ақталмады.

Жетінші  –  Жамбыл облысы,  Талас ауданы, Аққұм ауылының Б. Тоқтықожаұлы атындағы 10 сынып оқушысы Айсұлу Жүнісбекпен жарысқан Алматы облысы, Талдықорған қаласы, Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектеп гимназиясының 7 сынып оқушысы  Нұралы Нұратаза арасындағы айтыс қызықты әрі тартысты өтті. Республикалық тұрмақ, облыстық аудандық айтысқа шығып көрмеген Нұралы ақын қарсыласының бойы да, денесі де ірі болғанына қарамастан әдемі айтыс жасады. Әлі жас, әттеген-ай деген тұстары болды. Бірақ, қорқып, сасуды білмейтін талдықорғандық жас түлекке айтыс көрермені дән риза болды. «Мен сенің әпкең болам, маған  жұптап қойған обалың Бұлғақовқа болсын» деп тарпа бас салған ақын қызды Нұралы тоқтатты.

«Адамзат пайда көрер қайбір істен,

Бәйгеден озам бүгін тай жүріспен,

Кешегі Жамбыл бабам сияқтанып,

Менде, айтысып көрейін Айкүміспен.

Қасымда дәу қыз отыр Айкүмісім,

Әпкең болам дейді ғой, ай бір мүсін

Шығайық жұрт көзінен оңаша бір,

Соңынан аңдымасын қайбір кісің – деп бал тілімен әпкесіне ұнаған Нұралы «Мен сені Алатауға шығарамын» деді. Бұдан кейінгі сөз додасы Түркістан облысы, Отырар ауданы,  Шәуілдір ауданы  Ш. Қалдаяқов атындағы 11 сынып шәкірті Болысбек Даниял мен Алматы облысы, Жамбыл ауданы Т. Бокин атындағы 6 сынып оқушысы Шәріпбай Балнұр арасындағы сөз барымтасында, түркістандық  ақын басым түсті.  9-шы, 10-шы жұптар Атырау облысы,  Индер ауданы,  М.  Әуезов атындағы орта мектептің 10 сынып, Алматы облысы,  Жамбыл ауданы Ш. Уәлиханов атындағы мектептің 10 сынып және Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы,  М.  Әуезов атындағы орта мектеп пен Алматы облысы,  Қарасай ауданы,  Н.Әлімқұлов атындағы орта мектебінің 8 сынып  оқушылары арасындағы айтыс бір сарында өтті.

Екінші айналымға 20 ақыннан сұрыпталған  бес жұп шықты. Олар Қызылордадан  Ділназ Ержігіт, Ақтөбеден Арай Нұрадин,  Маңғыстаудан Ерсұлтан Аушанов, Жамбылдан Айсұлу Жүнісбек, Түркістаннан Даниял Болысбек, Алматы облысынан Нұртаза Нұралы.  Бойы да,  дене тұлғасы да ірі  Даниял мен Айсұлу арасындағы қыз жігіт айтысы тартымды басталды. Түркістандық жас ақын «Рәзмерімді тапқандаймын, құлағыңа сырға салып қоялық» дегенге Айсұлу: «Сен келіп иемденіп кететіндей, Жамбылдың жерде жатқан қызы барма» десе, қарсыласы ертерек сырға салып қоймасақ негірге тиіп кетіп жатсыңдар ғой» – деп қоғамдағы нәзік жандылардың өзгенің етегінен ұстап жатқандарын тілге тиек етті. Даниялдың өзі де қара болғандықтан есесін жібермеген Айсұлу:  «Негірге тиіп кетті деп жатырсың, Өзіңде негірдің біреусің» дейді.  Даниял да «Грузиннің қызына ғашық болған, Ажариден ажарлы сен тұрғанда» деп қарсыласын көтермелеп отырды. Айтыстың шарықтау шегі маңғыстаулық Ерсұлтан Аушанов пен сыр елінен келген Ділназ Ержігіт арасында өрбіді. Әзіл айтса күлдіріп, Жамбылды жырласа шегіне жеткізе жырлаған екі ақын да бірінен-бірі қалмады. Тілімен түйреп, тіпті Ділназдың қыз сынына қатысқан мәліметі бар,  Ерасыл түйрегіштей түйреді-ай келіп. Есесін жібермеген Ділназ да көсілді. Бұдан кейінгі сөз сайысы ақтөбелік ару  Арай  Нұрадин мен талдықорғандық Нұртаза Нұралы айшықты айтыс көрсетті. Бірінші айналымда палуандай үлкен қызбен айтысқан Нұралы «Жаңа дәу қызбен айтысып ем, енді өзімнің размерім келіпті. Шай құйып бер» деп қарсыласына қадалды.  Арай да өзінен бір жас кіші Нұралының айтысқа жаңа түсіп отырғанын біліп,  қамшылап  отырды. Бірінші күннің қызықты айтысы осымен тәмам болды.

Айтыстың екінші күнгі додасы «Қайым» айтысқа ұласты. Оған 12 жас айтыскер  қатысты. Қайым айтыстың шарты бойынша айтысты бастаған ақын төрт жол өлең айтады. Екінші ақын сол төрт жолдың бастапқы екі жолын қайталап, аяғы екі шумағын өзі жалғайды. Басты талап ұйқас бұзылмау керек. Бірінші рет өтіп отырғандықтан қазылар құрамы жас ақындардың әуелі көрерменмен амандасып алуға рұқсат берсеңіздер деген өтінішін қабыл алды. Осы болды Құлманбеттің өлген жері» дегендей, таза суырып салмалықты айшықтайтын додада нағыз сөз зергерлері ғана іріктеліп алынды. Он екі ақыннан екінші айналымға үш жұп ақын айтысты. Олар Бексұлтан Дарын, Мұхит Ерасыл, Сәуірхан Сұлтан, Әмірхан Елдар, Тілеуқазы Өрден, Болатхан Данияр арасында өрбіді.  Қайым айтыстың шартын бұзбай айтысқан атыраулық Мұхит Ерасылдың шашасына шаң жұқпады. Сонымен екі күн Жамбыл ауданы, Ұзынағашта дүрілдеген айтыс өз мәресіне жетті. Тақырыптық түре айтыс бойынша бас жүлдені Қызылордадан келген Ділназ Ержігіт,  қайым айтыстан атыраулық Мұхит Ерасыл, бірінші бәйгені  маңғыстаулық Аушанов Ерсұлтан, қайымнан  түркістандық  Сәуірхан Сұлтан, екінші жүлдені түре айтыстан ақтөбелік Арай Нұрадин мен Алматы облысынан Нұртаза Нұралы, қайымдасудан алматылық қос ақын Болатхан Данияр мен Бексұлтан Дарын, үшінші орын түре айтыстан, Түркістаннан Болысбек Даниял, Жамбылдан Айсұлу Жүнісбек, Алматы облысынан Балнұр Шәріпбай, қайым айтыстан Алматы облысынан Өрден Тілеуқазы, Айжан Данабай, Зинулла Ақнұр, Қызылорадан  Әмірхан Елдар қанжығаларына байлады. Ынталандыру жүлдесі де берілді. Айтысқа қатысқан жас ақындардың ешқайсысы сый-сыяпатсыз қалған жоқ, бәрі де елеп ескерілді. Мақала басында айтқандай, Алматы облысында жас айтыскерлердің топ жарып, бәйге ала алмауы өзекті өртейді. Айтыстың «Алтын діңгегі» атанған өңірде тіпті, батырлар мен ақындардың елі атанған Жамбыл ауданында топ жаратын жас ақындардың шықпауын немен түсіндіруге болады. Ауыл-аймақтарда көзге көрінбей жүрген қаншама таланттар бар. Талдықорған қаласында да айтыс үрдісі ілгері жүрмей кері кеткен. Жылма-жыл Жамбыл Жабаевқа арналып айтыс өткізгенімізбен өзге өңірлерден келген жас түлектермен иық тірестіріп, сөз жарыстыратын ақындар Жетісуда жоқтың қасы. Өзің той жасап,  алты ай бұрын сауын айтып, бәйгеге ат қоса алмағаннан артық қорлық бар ма? Ақындар жоқ емес қой, соларды елді-мекендерден іріктеп алып келіп интернаттарға неге орналастырып дәріс бермеске?! Қаланың асфальтта туған балалары сөздің сөлін, қанып ішпеген, олар тек Мұқағали,  Ілияс, Абай оқуларына барып олжа салып жүр. Ал айтыстан құр алақан қалғаны қабырғаңа батады…

Айтақын МҰХАМАДИ

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ